Жантеке ауылындағы жарыс

Отан қорғаушы күніне орай Қорғалжын ауданының Жантеке ауылында Ауғанстан соғысында қаза тапқан Қарғалы ауылының азаматы Сағындық Смайылов пен Жантеке ауылының азаматы Елеусіз Темешбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы дзюдо жарысы өтті.

Жантеке ауылының орта мектебінде ұйымдастырылған жарыста тартысты әрі қызық белдесулерге куә болдық. Күні бойы өткен жарыста 2009-2010 және 2011-2012 жылдары туған балалар күш сынасып, 16 чемпион, 16 күміс жүлдегер, 32 қола жүлдегер анықталды.

Жауынгер-интернационалистерді еске түсіруге арналған жарыстың барысында жан-жақтан келген қонақтар үшін мектеп ұжымы ұйымдастырған «Ерлік сабағына» қатыстық. Жантекелік оқушылардың патриоттық ән-жырлары, тарихи-деректі сөздері, Елеусіш Темешбаев пен Сағындық Смайылов туралы айтқан мәліметтері тыңдарманның көңілінен шықты. Ардагерлер мен оқушылардың басын қосып, мазмұнды да, мағыналы кездесу ұйымдастырған мектеп директоры Қарлығаш Асановаға, жарысты ұйымдастыруға көмектескен ауыл азаматтарына, мектептің мұғалімдері мен  аспаздарына жарысқа қатысушылар дән риза болды.

Ең жеңіл салмақта күресіп, төрт белдесу өткізіп, бәрінде таза жеңіске жеткен аудан орталығынан келген  жасөспірім Нұрсұлтан Жұлдызбек «Жарыстың ең үздік балуаны» болып танылды. Талапты спортшыға «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов атындағы қоғамдық қоры» ұйымының атынан арнайы тағайындалған «Көрерменнің көзайымы» сыйлығы тапсырылды.

Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған осындай игі іс-шараны көріп, «Ер есімі – ел есінде» деген сөздің қадір-қасиетін ұғына түстік.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар