Мемлекеттік бажды қалай қайтаруға болады

Артық не қате төленген мемлекеттік бажды қалай қайтаруға болады, қандай құжаттарды тапсыру қажет және қандай мерзімде ақша қайтарылады?

Мемлекеттік бажды қайтару «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) баптарымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы №306 бұйрығымен бекітілген «Жеке шоттарын жүргізу қағидаларымен» реттеледі.

Салық кодексінің 101-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттік баждың төленген сомалары – жүзеге асырылуы үшін осындай мемлекеттік бажды төлеу талап етілетін әрекеттерді жасамауы (оның ішінде, салық төлеушінің тиісті құжаттарды бергенге дейін әрекеттер жасаудан бас тартуы нәтижесінде) фактісін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган электрондық база арқылы және (немесе) қағаз жеткізгіштерде растаған жағдайда, артық төленген болып танылады.

Салық кодексінің 108-бабы 3-тармағына сәйкес салық органы мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және тиісті мемлекеттік органның қайтарудың заңға сай келетінін растайтын құжатының негізінде жүргізеді.

Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды оның төленген жері бойынша салық органы қайтаруға арналған салықтық өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық төлеушінің банктік шотына жүргізеді.

Салық кодексінің 103-бабы 1-тармағына сәйкес:

1) төлем құжатында:

– салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі дұрыс көрсетілмеген;

– орналасқан жері бойынша мемлекеттік баж сомасы төленуге тиіс салық органының сәйкестендіру нөмірінің орнына басқа салық органының сәйкестендіру нөмірі көрсетілген;

– төлемнің мәтіндік мақсаты төлем мақсатының кодына және (немесе) кірістердің бюджеттік сыныптамасының кодына сәйкес келмеген;

2) екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің төлем құжатын қате орындаған;

3) ақша жөнелтуші – салық төлеуші тіркеу есебінде тұрмаған салық органына төлем жүргізген;

4) ақша жөнелтуші – салық төлеуші мемлекеттік баж төлеушісі болып табылмайтын кездегі сома мемлекеттік баждың қате төленген сомасы болып табылады.

Салық кодексінің 103-бабының 2 және 3-тармақтарымен мемлекеттік баждың қате төленген сомасын қайтару:

1) салық төлеушінің салықтық өтініші;

2) екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның өтініші;

3) қате фактісі анықталған жағдайда, салық органы жасаған мемлекеттік баждың қате төленген сомасының туындау себептері туралы хаттама бойынша:

– салық төлеушінің салықтық өтініші,

– екінші деңгейдегі банктің өтініші ұсынылған;

– мемлекеттік баждың қате төленген сомасы түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Осылайша, мемлекеттік бажды қайтару үшін төлем жүргізілген орын бойынша:

– мемлекеттік кірістер органына Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №160 бұйрығының 15 қосымшасына сәйкес нысандағы салықтық өтінішті;

– қайтаруға негіз болып табылатын құжаттар берілген уәкілетті мемлекеттік органның растаушы құжатын ұсыну қажет.

Сонымен қатар, мемлекеттік баждың артық/қате төленген сомасын қайтару жүргізуге салықтық өтінішті электронды түрде Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеуші кабинеті» web-қосымшасы, «электронды Үкімет» порталы (egov.kz), «eSalyq Azamat» мобильді қосымшасындағы Салық әмияны арқылы растаушы құжатпен қоса жолдауға болады.

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар