Құрылысқа қажетті газоблок кірпішін өндіреді

Ақмол ауылындағы «Жаңа сервис-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылдан бері автоклавты газоблок өндірумен үздіксіз айналысып келеді. Бүгінде кәсіпорын облысымызды ғана емес, елорданы да газоблок секілді қажетті құрылыс материалымен қамтамасыз етуге үлесін қосуда. Жобаны кәсіпкер Азамат Нұратов өз қаражаты есебінен және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының көмегімен жүзеге асырған. Зауыт директоры Арман Көлбаев бізбен әңгімесінде осы күні кәсіпорын шығаратын автоклавты газоблокқа сұраныс жоғары екенін айтты. Қазір мұнда тәулігіне 250-300 газоблок жасап шығарылады.

–Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы үйлердің қабырғаларының 70 пайызы монолиттен тұрғызылып, газоблокпен толықтырылады. Газоблоктың қызыл кірпіштен айырмашылығы, ең алдымен, оның бағасында. Яғни, оның құны жай кірпішке қарағанда арзан әрі көлемі жағынан үлкен болғанымен, салмағы жеңіл. Осының арқасында үйдің қабырғасын өте тез көтеріп тастауға болады. Егер қызыл кірпіштен күніне 5 шаршы метр үй салынса, газоблоктан күніне
25 шаршы метрге дейін үй тұрғызуға болады. Автоклавты емес газоблоктар да болады. Олармен зәулім үйлер сала алмайсың. Біздің газоблок қаңқасыз бес қабатқа дейін үй салуға жарайды. Оларды құрылыс компаниялары бірден сатып алуда. Негізінен, Нұр-Сұлтан қаласына, сонымен бірге, Қорғалжын, Целиноград аудандарына әкетіп жатыр. Атап айтсам, елімізге танымал «Nur Astana Kurylys», «Bazis» секілді ірі компаниялар ашылғалы бері бізбен тығыз жұмыс істеп келеді. «BI Group» компаниясы да құрылыста бірнеше жыл біздің газоблокты пайдаланып келді. Осы ретте «EXPO-2017» көрмесіндегі ғимараттардың 70 пайызы біздің газоблоктан салынғанын мақтанышпен айта аламыз, – дейді Арман Қайратұлы.
Оның айтуынша, газоблоктың сапасы оның маркасына байланысты. Егер өндіру технологиясы толығымен сақталса, сапасы да жақсы болады. Зауытта оны бақылайтын арнайы технолог бар. Газоблок өндірісі арнайы мемлекеттік стандарттарға негізделіп жүзеге асырылады. Оның аязға, ыстыққа төзімділігі, геометриясы, тығыздығы, беріктігі арнайы зертханада тексеріледі. Өндірілген кірпіш автоклавтың ішінде 14 сағат бойы ыстықта тұрып, ішіндегі барлық ылғал сыртқа шығады, нәтижесінде, аппақ құрғақ газоблок өндіріліп шығарылады.
–Газоблок кварцталған құм, цемент, кәдімгі күйдірілген әк, алюминийлі пудра мен ғаныштан тұрады. Осындай шикізаттың 80-90 пайызы өзімізден шығады. Тек алюминий пудрасын сырттан аламыз. Егер облысымызда алюминий пудрасын өндіретін зауыт салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстанның оған мүмкіндігі бар. Тағы бір айтарым, газоблоктан салынған үйлер термос сияқты, жазда қоңыржай, ал, қыста жылы болады, – деген зауыт директоры алдағы уақытта құрылыс материалдарын жасауда шикізат тапшылығы болуы мүмкін екенін айтады. Елімізде цемент шығаратын 24 зауыт бар болса, Өзбекстанда сондай бір ғана зауыт жұмыс істейді екен. Сол себепті де олар цементті бізден алып жатқанын естідік. Егер еліміздің астанасында құрылыс жиырма жылдай бұрын қарқын алса, Өзбекстанда енді ғана жандана бастаған. Өзімізде де өнім жеткіліксіз болғандықтан, Ақтауға Ираннан, Павлодар, Петропавл, Қостанай қалаларына көрші Ресейден келіп жатыр. Бағасы біздікіне қарағанда, әлдеқайда қымбаттау. Айта кетейік, серіктестік мешіт салуға газоблокты тегін берген кездері де болған. Жуырда Ақмол ауылындағы оңалту орталығына 50 куб газоблокты тегін бермекші.
«Жаңа сервис-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі уақытта өндірісті кеңейту жұмыстарын жүргізіп, газоблок шығаратын екінші зауыт салуды жоспарлап отыр. Осы күні серіктестікте ауысыммен 80-нен астам жұмысшы еңбек етеді. Олардың дені жергілікті тұрғындар.
Бізбен әңгімелескен Арман Қайратұлының өзі мұнда зауыт іске қосылардың алдында жұмысқа келіпті. Осындағы еңбек жолын қарапайым шебер ретінде бастаған ол қызметтің барлық сатыларынан өтіп, өзінің еңбекқорлығының арқасында директор лауазымына көтеріліп отыр.
–Істеймін деген адамға бізде қашанда жұмыс табылады. Мәселен, қазір жақсы электрик мамандар керек. Өкінішке орай, қазіргі заманда жұмысын жиі ауыс-
тыратын, тапқан табыстарында береке жоқ адамдар көптеп кездеседі. Ал, біздің кәсіпорын қызметте өсемін, жақсы табыс табамын деушілер үшін жақсы мүмкіндік. Қазіргі таңда еліміз 5 жылдың ішінде
102 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойып отыр. Одан бөлек, кеңсе, сауда орындары да салынып жатыр. Бұл құрылыс компаниялары үшін үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта салынатын екінші зауыт бұл зауыттан төрт есе үлкен болады және ол елімізде №1 зауытқа айналатынына сенімдімін. Қазақстан өзін-өзі құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Ол үшін бизнесмендер өз өнімдерін ішкі нарыққа өткізсе жақсы болар еді дейді, – Арман Қайратұлы.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар