Берекеге бөгіп тұратын қоңыр күзде дала төсі еңбек дүбіріне бөленген. Алыстағы Астрахан ауданының диқандары қауырт қимыл үстінде. Биылғыдай қуаңшылық жылы дәтке қуаты – орылған астықтың сапасының жылдағыға қарағанда жоғарылығы.
Ерте көктемде аудан диқандары 400 мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Көктен июі кем болса да жерден бергеніне әзірге көңіл тоярлық. Жаздың ыстық болуына байланысты жылдағыға қарағанда астық та ерте пісті. Мұның бәрін жақсы білетін және өз жан-жүрегінен өткізіп жүрген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Қалабаев әсіресе қысқы мал азығын дайындау жоспарының орындалғанына қуанулы.
–Жоспар бойынша 78 мың тонна шөп дайындау қажет болса, осы межеге артығымен қол жеткізіп отырған жайымыз бар. Қалқұтан және Есіл өзенін бойлай орналасқан ірі шаруашылықтар бұл жағынан оза қимылдап, үлескерлер мен қолы қысқа, мұқтаж адамдарға дейін шөптерін шауып, тасымалдап берді, – дейді.
Ал, енді егін орағына келсек, бүгінде жоғарыда айтқан егіс алқабының 190 869 гектарының егіні орылып, жинап алынған. Гектар берекесі әзірге орта есеппен 8 центнерден айналуда. Дегенмен, бірқатар шаруашылықтар биылғыдай қуаңшылық жылы да істің ретін тауып, кәдімгідей ауыз толтырып айтарлық өнімге кенелуде. Бұл жайында да бөлім басшысы кеңінен баяндап, көш бастаған серіктестіктерді үлгі ете сөйлейді. Мәселен, «Гранит-Петровка» ЖШС бүгіннің өзінде барлық егіннің 81,7 пайызын жинап алып, жауапты науқанды әрі кетсе бір аптаның төңірегінде аяқтауға бекінген. Ал, «Ізбасаров» серіктестігі орақты өрмек жүзінен әрі асырғанымен шектелмей, гектар басы 10 центнерден астық алуда.
Бәрінен де «Камышенка» шаруашылығының астық алқаптары биыл береке мәйегіне тұнып тұрған сияқты. Мұнда гектар шығымдылығы 14,2 центнерден айналып, кейбір жекелеген алқаптарда бұдан да жоғары межеге барып қалуда. Осындай қауырт қимыл мен жауапкершілік жүгін терең сезінгендіктің арқасында қырмандар мен элеваторлар да кәдімгідей ырыздық дәнімен көз қызықтырып, науқанның нағыз бір шешуші учаскесіне айнала бастаған.
Сонда да жекелеген шаруашылықтарға оралсақ, биыл 15 мың гектар жерге дән еккен «Аk Hilal» серіктестігінің егістік алқабында сексеннен астам дала ерлері уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Күні бүгінге дейін материалдық-техникалық базасын нығайтып, техникаларын жаңалап үлгерген ұжымның еңбек қарқыны да жоғары.
Серіктестік биыл бидай мен арпа егіпті. Әзірге барлық алқаптың үштен бірін тап-тұйнақтай етіп жинап алған. Диқандардың айтуына қарағанда, астықтың шығымдылығы мақтанарлық болмағанымен, есесіне сапасы тәуір. Дені екінші класты. Демек, бағасы да жоғары болмақ. Қамырлылығы да жылдағыға қарағанда жақсы.
–Диқан қауым әр жыл сайын көктемде үміт етеді емес пе? – дейді серіктестік құрылтайшысы Магомет Экажев, – агротехникалық шараларды талапқа сай уақытылы атқардық. Тыңайтқыштарды да сіңірдік. Алайда, жаздың аптап ыстық болғандығы белгілі. Ендігі үміт астық сапасының жақсылығында.
Жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ұжым жетекшісі берекенің еңбекке байлаулы екендігін жыр қылып айтады. Егер жаңа технологияны батыл енгізіп, жұмыс істейтұғын болса, құнары мол жер де иіп сала бермек. Тағы бір ескеретін жай, ауа райы құбылмалы өңірде ендігі арада құрғақшылыққа шыдамды бидай тұқымын қолданған абзал. Соңғы жылдары күн қабағы да өзгеріп келеді. Сондықтан, биылғыдай қуаңшылыққа да дайын болу керек.
Дала ерлеріне барлық жағдай жасалған. Еңбекақылары да толымды. Көктемгі және күзгі науқандық жұмыс кезінде қауырт қимылдап, жақсы нәтиже көрсеткен еңбеккерлер тұп-тура бір жылдық табыстарын таба алады. Уақыттан ұту үшін түскі және кешкі астары алқап басына жеткізіліп беруде. Өнімділігі жоғары 12 комбайн мен оннан астам жүк көлігі тәулік бойы дерлік пайдаланылуда.
Ел ырысын молайтуға ұмтылған серіктестік диқандары кейбір алқаптардан әр гектарына 10 центнерден өнім жинауда. Биылғыдай қуаңшылық жылы тәп-тәуір көрсеткіш. Ендігісі жерде өнген ел ырысын жерде қалдырмай жинап алу.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Астрахан ауданы.