Тілдер онкүндігі басталды

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, сондай-ақ, білім, мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармаларының басшылары мен орынбасарлары өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жайында брифинг өткізіп, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты өз ойларымен бөлісті және БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

5 қыркүйек – Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Дәл осы күнді Қазақстан Республикасының Үкіметі 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес «Қазақстан халқы тілдері күні» етіп белгіледі. Содан бері барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлауды дәстүрге айналдырды.

Жалпы, облыста тіл саясаты өз деңгейінде жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Жуырда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да осы тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп: «Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда.

Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр дегенге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі» – деп атап өтті. Біздің өңір көпұлтты облыс болғандықтан, мұнда әр этностың өзінің тілін дамытуға, әрі жастардың үш тұғырлы тіл саясатын ұстануына да мүмкіндік беріліп, жолға қойылған.

– Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай түрлі форматтағы көпшілік шараларды пандемия салдарынан биыл да онлайн түрде өткізу жоспарлануда. Биылғы жылғы тіл мерекесінің ерекшелігі – барлық шаралар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Бүгін барлық мемлекеттік органдарда, еңбек ұжымдарында, ведомствоға қарасты мекемелерде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі салтанатты түрде ашылды.

Олардың барлығында мемлекеттік тілді насихаттайтын шаралар, яғни, байқаулар, сайыстар, акциялар, форумдар, ақындар мүшәйрасы, көрмелер, дөңгелек үстелдер, бейне байқаулар, онлайн шаралар, сондай-ақ танымдық дәрістер өткізіледі. Жалпы, Ақмола облысы бойынша барлығы 2000-ға жуық іс-шара өткізіледі деп күтілуде, –деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова.

Ақмола облысында 19 тілдерді оқыту орталығы бар, оның 1-еуі облыстық, 16-сы аудандық, 2-еуі қалалық орталық. Бұл орталықтардың басты мақсаты – мемлекеттік органдарда қызмет ететін және тіл үйренуге ынтасы бар азаматтарды «Қазтест» жүйесін қолдана отырып, мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесу. Биылғы оқу жылында орталықтардағы 379 топта 3584 тыңдаушы тіл игеріпті. Солардың ішінде мемлекеттік тілде оқығандары 1406 тыңдаушыны құраса, 487 адам ағылшын тілін оқып, сертификат алыпты.

Брифинг барысында Алтынай Байқадамқызы ономастика мәселесіне де тоқталып, елді мекендер мен көшелерді қайта атау мәселесінің санаққа байланысты тоқтап қалғандығын, қазіргі уақытта облыс аумағындағы 120 елді мекеннің тарихи атаулары табылып, БАҚ және әлеуметтік желілерге жарияланып, жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, сыртқы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл заңнамаларына сәйкестігі мен сауаттылығы туралы жан-жақты айтып берді. 2021 жылдың аяғына дейін 36 мемлекеттік мекеменің атауын өзгерту жоспарлануда екен.

Брифингте облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова да баяндама жасап, өңірде тіл мерекесі шеңберінде ұйымдастырылатын 300-ден астам іс-шара жоспарланып отырғандығы жайында мәлімет беріп, ашық аспан астында Жазушылар аллеясының ашылатындығына, поэзия кештерінің, түрлі челлендждердің өтетініне көңіл аударды.

–2021-2022 жаңа оқу жылында 553 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, олардың 155-інде білім беру жүйесі қазақ тілінде іске асырылса, 184-і орыс тілінде оқытады, қалған 214 мектепте білім беру аралас жүргізіледі. Облыстың білім мекемелерінде жыл сайын «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, онкүндік аясынан бөлек те тіл білу мәселесіне қатысты арнайы кештер жыл бойы жүйелі түрде жүргізіле береді.

Соның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болғандықтан, жергілікті ұлттың тіліне басымдық беріледі, –дей келе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова онкүндік шеңберінде өткізілетін білім ордаларында жоспарланған іс-шаралар жайында азырақ тоқталды.

Соның ішінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау, тілге деген сүйіспеншілігін ояту арқылы елін, Отанын, тарихын құрметтеуге баулу мақсатында өзге ұлт өкілдерінің оқушылары үшін өткізілетін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауына назар аударды.

Сонымен бірге, осы онкүндік ішінде білім ұяларында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ыбырай салған сүре жол – ұрпаққа өнеге» атты дөңгелек үстел, «Тәуелсіз елім – кең байтақ жерім» атты мәнерлеп оқу сайысы, «Тілден қымбат қазына жоқ» челленджі, мектепке дейінгі білім ұйымдарында ересектер мен мектепалды даярлық топтары үшін «Тіл – достықтың мерейі», «Балғын шақ» атты іс-шаралар ұйымдастырылатыны белгілі болды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері балабақшаларда, мектептер мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында сыныптар мен топтарға білім алушыларды қабылдау кезінде қай тілге басымдық берілетіндігі, өзге тілдерге қаншалықты көңіл бөлініп жатқандығы, мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін еркін меңгеруге деген ынта-құлшыныстары жайы секілді бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, әр сала басшысынан тұщымды жауаптар алды. Мемлекеттік тілге деген құрмет балабақшадағы тәрбиеден басталатындығын ұмытпауымыз керектігіне ерекше мән берілді.

Тіл тағдыры – ел тағдырымен сабақтас. Тіл, ең алдымен, кез-келген ұлттың ұлттық белгісі, айырымы, символы екендігін ұмытпайық.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар