Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы – Қазақстан чемпионы!

Ақмола облысының әкімі  Марат Ахметжанов хоккейден ерлер арасындағы биылғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған  «Арлан» клубының басшылығымен және хоккейшілерімен кездесіп, жерлестерімізді осы жеңісімен құттықтады.

«Арлан» хоккей клубы тағы да  үздік екенін дәлелдеді. Елордалық «Номад» командасымен тартысты бәсекеде жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атағына ие болды.

–Сіздер Қазақстанның ең мықты және үздік командасы екендеріңізді тағы бір  дәлелдедіңіздер. Қазақстан чемпионы атағы  бұл ортақ күш-жігермен жеткен жетістік. Біздің хоккей мектебі еліміздегі ең мықты мектептердің бірі екенін атап өткім келеді.  Облысымыздың командасы алдағы уақытта да тек жүлделі орындар үшін күресіп, отандық спорттың дамуына үлес қосатынына сенімдімін. Ойыншыларға, жаттықтырушыларға, клуб басшылығына шебер ойындары үшін, ал, жанкүйерлерге біздің командаға адалдығы мен қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге қарап өскелең ұрпақ та мықты болғысы келеді. Тынымсыз жаттығулар мен қажырлы еңбектің арқасында біз барлық мақсаттарға қол жеткізе алатынымызды көрсеттіңіздер. Сіздерден алдағы уақытта да тек жеңістер күтеміз. Ал, облыс басшылығы әрқашан өздеріңізден көмек-қолдауын аянбайды, – деді Марат Ахметжанов.

Салтанатты іс-шарада клубқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.  Өз кезегінде, «Арлан» хоккей клубының басшылығы мен ойыншылары қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғыстарын жеткізді.

–Клубта бұл нәтижеге жету үшін үлкен жұмыс атқарылып, біраз тер төгілді. Осыған дейін де чемпиондық атағымыз бен екі күміс жүлдеміз бар еді. Ал, осы чемпиондықты клубтың барлық жанкүйерлері мен мүшелері тағатсыздана күтті деп ойлаймын.  Әрине, осындай жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Осының барлығы  жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегі. Бізді барлық жағынан қолдағаны үшін облыс әкіміне де рахметімді айтамын, – деді «Арлан» хоккей клубының директоры Андрей Шевченко.

Жеңімпаздар өз кезегінде  облыс әкіміне хоккей клубының арнайы киімін, шайба мен таяғын сыйлады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар