Су тасқынынан баспанасыз қалған екі отбасы пәтерге ие болды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су тасқынынан үйлері жарамсыз болып қалған көкшетаулық екі отбасына пәтер кілтін табыс етті. Олардың бірі – Сәуле Қапарованың, ал,  екіншісі Сергей Никулиннің отбасылары. 

Бұл отбасыларына пәтер кілтін табыс еткен облыс әкімі өз сөзінде бұл игіліктің басы ғана, алдағы уақытта үйлері су тасқынынан зардап шеккен өзге де отбасылар көмексіз қалмайтындығын, комиссия шешімімен баспанасы жарамсыз болып қалған отбасылардың барлығы күзге дейін міндетті түрде баспаналы болатындығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына орай, су тасқыны салдарынан үйлері апатты деп танылып,  жарамсыз болып қалған отбасылардың барлығы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта арнайы комиссия жүйелі жұмыс істеп жатыр. Бүгін соның алғашқы нәтижесін көріп отырсыздар. Берілген  баспаналар тұрмысқа қажетті техникамен, түрлі жиһаздармен қамтамасыз етілген. Ендігі арада жаңа баспана бақытты сәттерге толы болсын. Осы шаңырақтағы балалардың барлығы білімді, тәрбиелі, ертеңгі күні ел игілігіне өз үлесін қосатын ұл-қыздар болып өссін. Қиыншылықтардың барлығы артта қалсын, – деді облыс әкімі алғашқы пәтердің кілтін тапсыру салтанатында.

Тасқын судың салдарынан баспанасыз қалып, мемлекеттік қордан жаңа баспанаға ие болған көпбалалы ана Сәуле Қапарованың төрт баласының үшеуі мектеп жасындағы оқушылар. Айтуынша, бұрынғы үйі Вернадский көшесіндегі 76-ыншы үйде орналасқан. Қылшақты өзені тасығанда үйдің бел ортасына дейін  су басып, жиһаз, дүние-мүліктің барлығы жарамсыз болып қалған, үйдің өзі де апатты деп танылған.

–Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов қиын жағдайда қалғанымызда өзі келіп, қолдау көрсетіп, қамқорлық танытты. Пәтерді өзіміз таңдадық. Өзіміз қалаған мекенжайдан іші жиһазға толы үш бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмыз. Біз дайын пәтерге көшіп келдік. Барлығын мемлекет қамтамасыз етті. Өзімнің және балаларымның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Сәуле Қапарова.

Осы бір салтанатқа толы қуанышқа ортақтасып келген қауымның қарасы көп. Барлығы да осы отбасының тілеулесі, жанашыры. Бірі шашу шашып, құтты болсын айта келсе, енді бірі ақжарма тілегін ақтаруда.

«Қиындықтың артында бір жеңілдік бар», – дейді баспаналы болған тағы бір отбасының отанасы Татьяна Никулина. Олар Вернадский көшесіндегі 72/1-ші үйде 11 жыл тұрған.

– Бүгін мен үшін ең бақытты күндердің бірі.  Күні кеше үйімізді су басып, жанымыз күйзелген еді. Бүгін қуаныштан қобалжып тұрмыз.  Әлі күнге дейін өз көзіме өзім сенер емеспін. Қала орталығынан екі бөлмелі, жарық әрі кең үйге ие болдым. Ішінде жиһаз, тұрмысқа қажеттінің барлығы бар. Бұл әрине, алдымен, ел Президентінің халыққа жасаған қамқорлығы деп білемін.  Облыс әкіміне, жанашырлық танытқан жандардың барлығына алғысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Татьяна Никулина.

Бастысы, пәтер алушылар дән риза. Мұң-наладан кейін қуаныш қандай жақсы! Ендеше, су тасқынынан зардап шеккендердің барлығы да дәл осындай қуанышқа кенелсе екен!

Атап өтуіміз керек, өңірде су тасқыны шығындарын өтеу және жою жөніндегі жұмыс тұрғын үй қатынастары туралы қолданыстағы заңнама шеңберінде жалғастырылатын болады. Күні кеше облыс орталығының 174 отбасы жалпы сомасы 65 миллион теңгеден астам біржолғы төлем алды.  Сондай-ақ, материалдық шығындарды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия
12 отбасына 8 миллион теңгеден астам көлемде материалдық залалды өтеу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, арнайы комиссия қазіргі уақытта тұрғын үйлердің одан әрі тұруға жарамдылығын анықтау бойынша техникалық тексерулер жүргізуде.

                                                                  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар