Мемлекет басшысы Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын жариялады. Инфляция 4,6 пайыз деңгейінде болуы керек. Ұлттық банк пен Үкімет әлемдегі жағдайды желеу етіп, қауқарсыздығын танытты.
Дағдарысқа қарсы шараларға 3,6 триллион теңге жұмсалды. Бұл айтарлықтай шығын. Бірақ, екінші деңгейлі банк-тер тиімді жобаларды қолдауға ынта танытпай отыр. Әсіресе, ауылда бұл мәселе өзекті. Сондықтан, Президент мироқаржылық ұйымдардың көмегіне жүгіну қажеттігін ұсынды. Енді Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі іс шаралар пакетін әзірлеуге міндетті.
Мемлекет басшысы жұмысын істей алмай, орнында құр босқа отырғандарды қатаң сынға алып, қызметтік міндетінен жалтарғандар лауазымын босатуы тиіс деп шегелеп айтты. Тоқаев «Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңінде тұрмыз, сондықтан, мемлекеттік аппарат біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуге міндетті» деді. Сондай-ақ, депутаттардан заң жобаларын сапалы әзірлеулерін талап етті. Әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтардың қатары жайлы «Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек», – деді.
Жолдауда заманауи инновациялық технологияның маңызына да тоқталды. Осыған орай, айти-секторды күшейтуді тапсырды. Цифрландыру жобасы аясында 100 мың білікті IT-маман даярлау жөнінде тапсырма берді. Ал, 2025 жылға дейін цифрлық саладағы қызмет көрсету мен тауар экспортын 500 миллион долларға жеткізу керек деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын республикада 800 мектеп салуды міндеттеген болатын. Бірақ, бұл елдегі тапшылық мәселесін шешпегендігіне назар аударып, мектептерде әрбір баланы оқу партасымен қамтамасыз етуге қосымша 225 мың орын қажет, 2025 жылы көрсеткіш
1 миллионға жетуі мүмкін деді. Сондықтан, Президент алдағы төрт жылда мәселені түбегейлі шешу мақсатында, жауапты мекеме өкілдеріне 2025 жылға қарай елде жаңадан 1 мың мектеп салуды тапсырды. Ғылым саласын қаржыландыруға да баса көңіл бөлді. Бұл бағытта қызметкерлердің жалақысы өсіп әрі гранттық қаржыландыру мерзімі ұзаратын болды.
Ең төменгі жалақы алатын қазақстандықтар Жолдауды ерекше қабылдады. Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өспегендіктен, дүниежүзілік коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс олардың табысына қысымды арттырғаны мәлім. Бұл бағытта Президентіміз 2022 жылдың
1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500-ден 60 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
Мәдениет, кітапхана салалары мен көлік жүргізушілері үшін жақсы жаңалық елімізде 600 мыңға жуық қызметкердің жалақысы кезең-кезеңмен артатындығы болды. 2022 жылдан бастап 2025 жыл аралығында бұл сала қызметкерлерінің айлығы жыл сайын 20 пайызға артып отыратынын естіп қуандық.
Жалдамалы жұмысшылар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстанда 6,5 миллионан астам адам жалдамалы жұмысшының негізгі табыс көзі – жалақы. Бірақ, соңғы 10 жылда жалақы төлеу қорының өсімі кәсіпорын иелері табысының өсімінен шамамен 60 пайызға артта қалған екен. Осыған байланысты Үкіметке бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыратын шаралар әзірлеуді тапсырды. Жалақыны өсіретін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетілетін болады.
«Мен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бастамасының оң динамикасы туралы айттым. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кейіннен тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банк» есепшотына жеткілікті шегінен көп мөлшерде аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған сөзінде. Мұндай шара қаражат жинау және оларды сауатты басқару әдетін жандандыратынына сенімдіміз.
Жолдау аясында мемлекет басшысы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қайта қарау, электр энергиясы тапшылығы, биологиялық қауіпсіздікті болжаумен айналысатын ұлттық жүйе, бұқаралық спортқа жағдай жасау, ауыз су, субсидия бөлу тәртібіне бақылауды күшейту, жайылымдық жерді тиімді пайдалану мәселелерін де көтерді. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым деген хабарын қуана қабылдады қазақ елі.
Біздің басты мақсат, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, қоғамдағы бірлік пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтап, этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін ұғыну. Алауыздыққа қарсы тұра білу. Тіліне, ұлтына нәсіліне қарап, кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермеу. Ең бастысы, мемлекетіміздің өркендеп, дамуы жолында аянбай еңбек ету.
Бақытжан Айдосова,
Көкшетау орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының меңгерушісі.