Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде аталып өтіліп келеді. Отбасы – мемлекеттің бір кірпіші, сол ортадағы әрбір жанның жүрек жылуы, балалардың бақыт мекені. 9 қыркүйек күні Краснояр қалалық үлгілі кітапханасында «Отбасы – бақыт мекенім» атты кітапханалық шара болып өтті.
Шара қонақтары Краснояр ауылының тұрғындары Райсовтар әулеті болды. Әулет басшысы Бисұлтан Көпейұлы Райсов жұбайы Салия Хамитқызы, немерелерімен келіп, осы мерекелік шараға белсене қатысты. Отасқандарына елу жыл толатын бұл шаңырақ, төрт перзент өсіріп, он бір немере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отырған ата-әжеміз жиналған жастарға отбасының тірегі – татулық пен сыйластық екенін айта келе, тұрмыс тауқыметіндегі қиыншылықтарға мойымай, оны бірге жеңіп, жас отаудан ордалы отбасыға айналудың қыр-сырларымен бөлісті.
Өз кезегінде кітапхана ұжымы барша оқырмандарды Отбасы күнімен құттықтап, кітапханаға келіп, ғибратты әңгімелерімен бөліскен Бисұлтан атамыз бен Салия апамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп, шаңырақтары шаттыққа тола беруіне тілектестігін жеткізді.
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Краснояр қалалық үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.