Ұстаздар мен оқушылар жаңа оқу жылын ойдағыдай бастады

Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа оқу жылының басталуына байланысты алда тұрған міндеттерге тоқталып, оқушылар арасында коронавирус жұқпасы анықталған жағдайда сол сынып қана қашықтықтан оқу форматына ауысатындығын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жаңа 2021-2022 оқу жылы барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі оқыту форматында басталды. Ол үшін барлық шаралар қабылданып, облыстың бүкіл мектептері дезинфекциялық және санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 115 миллион теңге қаржы бөлініпті.
Облыстың барлық білім беру ордаларында, кітапханалар мен жатақханаларда «Ashyq» қосымшасы орнатылған.
–Жаңа оқу жылының алдында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарының педагогтері мен техникалық персоналына вакцинация жүргізілді. Бүгінде мектепте қызмет ететіндердің 99,5 пайызы екпе алды, қалғандарына уақытша және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар деген анықтамалар берілген. Бүгінде Ақмола облысының мемлекеттік білім беру ұйымдарында 20 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, –дей келе облыстың бас ұстазы мектептердің материалдық-техникалық базасына, әсіресе, компьютермен қамту мәселесіне тоқталды. Былтырғы қашықтықтан оқу кезіндегі жүргізілген жұмыстардың арқасында облыс мектептерінде бүгінде 45 мыңнан астам компьютерлік техника бар екен. Бұл бұрынғы «9 оқушыға 1 компьютерден» «3 оқушыға 1 компьютер» деңгейіне дейін жетіп отыр.
–Биылғы жаңа оқу жылына дайындық кезінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген 14 мектептің 6-ында әлі де жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жерде 3 мектепке «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша республикалық бюджеттен қаражат кеш бөлініп, жұмыс белгіленген уақытынан кешеуілдеп басталды. Бұл мектептердегі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал, қалған 3 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмай қалуы мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзаққа созылуына байланысты. Оларда жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қазанында аяқталады. Осыған байланысты бұл білім ордаларының оқушылары уақытша басқа мектептерге көшірілген, – деп түсіндірді Бейбіт Жүсіпов күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған мектептердің мәселелерін.
Биыл жаңа оқу жылында облыстың 553 жалпы білім беретін мектебіне 130 мыңнан астам оқушы келсе, олардың 15 мыңға жуығы бірінші сынып бүлдіршіндері. Сонымен бірге, өкінішке орай, жазғы маусымда шалғай елді мекендердің мектептеріндегі бала санының аздығына байланысты 4 мектеп жабылған болса, 1 қыркүйекте Көкшетау қаласында 240 орындық жаңа жекеменшік мектеп ашылды.
–Барлық мектеп пәндері офлайн форматта, бұрынғыдай 45 минуттан өтуде. Алты күндік оқу аптасы туралы мәселені әр мектеп жұмыс жүктемесіне байланысты шешеді, бірақ біз демалыс күндері балалардың толық демалуы үшін мектептерді 5 күндік оқу аптасына бағыттаймыз. Жалпы облыс бойынша 6 күндік оқу аптасы 9 мектепте жүргізілуде. Сонымен қатар, облыста аралас режимінде оқытатын 26 мектеп бар. Оларда сабақтар 90 немесе 70 пайыз штаттық, 10 немесе 30 пайыз онлайн режимде жүргізіледі. Егер сыныптағы бір оқушы немесе оқытушы коронавирусқа шалдығатын болса, онда сол сынып толығымен қашықтықтан оқу форматына ауыстырылады, сабақ процесі үзілмейді, –деді басқарма басшысы.
Бұдан әрі Бейбіт Айтымұлы үш ауы-сымды мектептерді азайту, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарындағы оқу процесі, ондағы қызметкерлер мен студенттердің коронавирусқа қарсы вакцинациялануы, «Жас маман» жобасы, оқу бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы туралы да ақпараттар берді.
Айта кетейік, облыста үш ауысымдықты жою аясында 3380 орындық 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес биыл облыста 10 мектепті іске қосу жоспарланыпты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар