Еліміздің мектептерінде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мұндай мамандар ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды оқытуда, яғни, инклюзивті білім беруде сұранысқа ие көрінеді. Олар балалардың мектепке тез үйреніп кетуіне көмектеседі деп жазылған Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде 700-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кірісіпті. Айта кетейік, министрлік тарапынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр.
–Бұл – мұғалімді алмастыру деген сөз емес. Педагог-ассистенттердің алдына педагогика мен психология тұрғысында ерекше мақсат-міндеттер қойылған. Атап айтсақ, балаларды бағыттап, олардың оқу процесіне бейімделулеріне көмектесу керек. Әңгіме ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы болғандықтан, педагог-ассистент техникалық қолдау да көрсете алады. Мәлесен, егер бала өз бетінше қозғала алмаса немесе балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау көрсетіледі. Біз бұл жұмыста белсенділік танытып жүрген үкіметтік емес ұйымдарға ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Бұдан басқа, педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Қажет болған жағдайда оқу бағдарламалары білім алушылардың қажеттіліктеріне бейімделеді. Олар өткен материалды игеруге ғана емес, сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалардың дағдыларын дамыту динамикасын бақылауға көмектеседі. Сондай-ақ, осындай санаттағы балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын
сақтау үшін қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.
Министрлік педагог-ассистенттерді басқа да білім беру ұйымдарына қосу, сол сияқты, олардың жұмыс жүктемесін анықтау бойынша да жұмыс жүргізіп жатыр.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.