Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы

Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында «Nur Otan» Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы болып өтті. Жиында өңірдегі мәдениет үйлерін жаңғырту, осы салаға қатысты басқа да өзекті мәселелер қаралып, талқыланды. Отырысты ашып, жүргізіп отырған партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржанов халқымыз ежелден төл өнері мен мәдениетіне ерекше мән беріп, оны бізге аманат еткенін атап көрсетті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», – деп айтқан болатын. Мәдениет саласының дамуы ұрпақтар мен халықтар арасындағы сенімді байланысты, жас ұрпақты өз Отанына, еліне және халқына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді қамтамасыз ететіні баршаға мәлім. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлем үнемі өзгеріп отырады, жаңа жетістіктер мен технологиялық процестер пайда болады, бірақ мәдениет пен ұлттық дәстүрлер өзгерістерге ұшырамайды», – деп атап өткен болатын. Еліміздің және облыстың дарынды таланттары әлемге ұлттың жоғары рухани құндылықтарын ашып, мәдениет пен өнердің әлемдік қазынасына өз үлестерін қосты. Әлемді жаулаған пандемия кезінде де мәдениет ошақтары өз жұмысын тоқтатқан жоқ, қашықтықтан жұмыс істеуге көшсе де, одан да жоғары қарқын ала отырып, жаңа жобалардың тууына түрткі болды,–деді партия филиалы төрағасының орынбасары.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Рухани Қазына-2021» республикалық фестивалі алғаш рет киелі Көкше жерінде өтті. Төрт күн бойы жер үстінің жұмағы атанған Бурабайда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген фестиваль қатысушыларын қарсы алып Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Ақмола облысы әкімдігі, шетелдік және отандық сарапшылардың қатысуымен баспасөз конференциясы, музей, кітапхана және мәдени-демалыс ұйымдарына арналған шығармашылық зертханалар, семинарлар, дөңгелек үстел өткізілді.
Фестиваль аясында алғаш рет биылғы 2021 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен Көкшетау қаласы «Мәдени астана» болып жарияланды. Бұл біз үшін үлкен мерей және үлкен жауапкершілік. Жыл бойы Қазақстанның өзге облыстарының мәдениет және өнер мекемелері Көкшетау қаласына келіп, өздерінің жетістіктерін насихаттап, көрме, концерт ұйымдастырып, театр сахналарында қойылымдарды қалың көпшілікке паш ететін болады.
Осы арқылы біздің мәдениет ұжымдарымызбен тәжірибе алмасып, рухани жанданатын болады. Күні кеше Петропавл қаласынан «Абылай хан резиденциясы» музей-кешені, Алматы облысынан Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейі, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі келіп өздерінің көрмелерімен таныстырған болса, Астана-балет өзінің бір тактылы балетімен Көкшетау тұрғындарын қуантып кетті. Сонымен қатар, биыл киелі қара шаңырақ Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ-драма театрының 25 жылдығы аясында
театрлар фестивалі, орыс драма театрының ұйымдастыруымен «TeArt Kokshe» театрлар фестивалі, республикалық экскурсоводтар форумы, өлкетанушылар форумы, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның 75 жылдық мерейтойы және түркі тілдес елдердің қатысуымен халықаралық айтыс, тағы басқа көптеген ауқымды іс-шаралар өткізілу жоспарланып отыр және де мәдени астана аясында М.Әуезов атындағы драма театры, Түркістан облыстық өлкетану музейі, басқа облыстар келеді деп күтілуде. Қазіргі таңда елімізде мәдениетті дамытуға үлкен, жан-жақты қолдау көрсетіледі. Нормативтік-құқықтық база құрылып, мемлекеттік бағдарламалардың тұтас кешені қабылданды, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының Тұжырымдамасы бекітілді, мәдениеттің барлық сегментінде дарынды балаларды, талантты жастарды ынталандыру және қолдау жөніндегі шаралар іске асырылуда.
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова бүгінгі таңда өңірде 267 клуб жұмыс істейтінін тіліне тиек етті. Оның 252-сі мемлекеттің, 15-і жеке меншік қарамағында екен. Ауылдық жерде барлығы 247 клуб бар болса, оның 232 мемлекеттің қарамағында. Басқарма басшысы Ақмола облысында клубтық мәдениет объектілерін жаңғыртуға көп көңіл бөлінетінін айтты. Ол ең алдымен материалдық -техникалық базаның, мәдени -демалыс объектілерінің ғимараттарының қазіргі заманғы талаптар мен нормаларға сәйкестігін көздейді. Барлық аудандық мәдениет үйлерінің ғимараттарында күрделі жөндеу жүргізілді, оларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. «Nur Otan» партиясы 20 жылдан астам уақыт бойы үйлестіруші және біріктіруші құрылым ретінде өзінің табысты дамуын дәлелдей отырып, елдің саяси жүйесінде маңызды рөл атқарғанын айтқым келеді. Мәдениет қызметкерлері өз кезегінде зияткерлік құрал бола отырып, біздің көпұлтты еліміз бен Қазақстан халқының одан әрі гүлденуі үшін ортақ ұжымдық бастамаларды одан әрі ілгерілетуге және орнықтыруға дайын.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар