Әкімшілік органның шешімдеріне, әрекеттері мен әрекетсіздігіне сот тәртібімен дау айту тәртібі

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) күшіне енді.
Осы күннен бастап «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның күші жойылды, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 27-29 тараулары, басқа да кодекстер мен заңдардың нормалары өз қолданысын тоқтатты.
Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізуде қаралады және соттың белсенді рөлі мен сот талқылауының қисынды мерзімі негізінде жүзеге асырылады.
Сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектелмей, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық мән-жайларды зерттейді. Сот өз бастамасы бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жинақтауға құқылы.
Ақылға қонымды мерзімді айқындау кезінде істің құқықтық және іс жүзіндегі күрделілігі, процеске қатысушылардың мінез-құлқы, әкімшілік істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын сот іс-әрекеттерінің процестік жеткіліктілігі және тиімділігі сияқты мән-жайлар ескеріледі.
Істер бірінші және апелляциялық сатыда талап қойылған күннен бастап 3 айға дейін қаралады.
Аса күрделі істер бойынша қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ, ол 3 айдан аспауға тиіс. Кассация ақылға қонымды, бірақ, 6 айдан аспайтын мерзімде қаралады.
Әкімшілік сотта әкімшілік іс келесі талаптар негізінде қозғалады:
1) Дау айту туралы талап қою.
Талап қоюшы әкімшілік актінің толық немесе ішінара күшін жоюды талап ете отырып, дау айту туралы талап қоюға құқылы.
Дәлелдеу ауыртпалығын ауыр әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.
2) Мәжбүрлеу туралы талап қою.
Талапкер қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды талап етуі мүмкін. Талап қоюда жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талап қамтылуы мүмкін.
Дәлелдеу ауыртпалығын сұралып отырған әкімшілік актіні қабылдаудан бас тартуға негіз болған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды негіздейтін фактілер бөлігінде талап қоюшы көтереді.
3) Әрекет жасау туралы талап қою.
Талап қоюшы әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған іс-әрекеттер жасауды немесе осындай іс-әрекеттерден қалыс қалуды талап ете алады.
Дәлелдеу ауыртпалығын жауапкер сұралып отырған әрекетті (әрекетсіздікті) жасаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде және талапкер талапкер өзі үшін қолайлы фактілер бөлігінде көтереді.
4) Тану туралы талап қою.
Талапкер қандай да бір құқықтық қатынастардың болуын немесе болмауын талап етуді мойындауды талап етуі мүмкін. Заңды күші жоқ әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі мүмкін.
Дәлелдеу ауыртпалығын қандай да бір құқықтық қатынастардың болуын немесе болмауын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшы және бұдан артық заңды күші жоқ ауыртпалық салатын әкімшілік актінің, сондай-ақ қандай да бір жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкер көтереді.
Жауапкер әкімшілік актіде көрсетілген негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.
Талапкер өз мүмкіндіктеріне сәйкес дәлелдемелер жинауға, қатысуға міндетті. Талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті.
Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негіз болатын қандай да бір факт дәлелденбесе, онда әкімшілік істі қарау мен шешу нәтижелерінің теріс салдарын осы фактіні дәлелдеу ауыртпалығын көтеретін тарап көтереді.
Дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау туралы талап қоюлар шағымды қарау нәтижелері бойынша шағымды қарайтын органның шешімі тапсырылғаннан күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделмесе немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт тапсырылған күннен бастап немесе мәліметке жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Тану туралы талап сотқа тиісті құқықтық қатынастар туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі.
Сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою іс-әрекет жасалған (ір-әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе сот орындаушысының ір-әрекет жасаған уақыты мен орны туралы хабардар етілмеген өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап сотқа беріледі.
Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қою мерзімін сот қалпына келтіруі мүмкін. Сотқа дәлелді себепсіз талап қою мерзімін өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтірудің мүмкін еместігі талап қоюды қайтару үшін негіз болады.
Әкімшілік істерді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар қарайды, бұл ретте істердің кейбір санаттарын Жоғарғы Сот және Нұр-Сұлтан қаласының соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайды.

Ақмола облысының прокуратурасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар