Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталған заң жобасы мемлекеттік басқару жүйесін одан ары жетілдіру мақсатында әзірленген. Осы заң жобасы биыл 2 маусымда бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен жұмыс жасау барысында депутаттар мыналарды көздейтін түзетулер енгізді: Үкіметтің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы және су шаруашылығы саласындағы жекелеген өкілеттіктерін сақтауы; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органнан жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы органға асыл тұқымды балық өсіруді дамыту бойынша құзіреттер беру; аудиторлық қызмет, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларындағы рұқсат беру рәсімдерін жүргізу бойынша, сондай-ақ аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу жөніндегі нормаларды нақтылау. Бұған қоса, жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді», — деді заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.
Оның атап өтуінше, заң жобасы бойынша 172 түзету келіп түсті. Олар жұмыс тобының 18 отырысында, комитеттің кеңетілген отырыстарында мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен қаралды. Мәжілістің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытынды берді. Осыған орай заң жобасын тұтастай мақұлдап, ҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберуді ұсынамыз», — деді ол. Мәжіліс депутаты заң жобасын бірауыздан мақұлдап, құжат Сенат қарауына жіберілді.
Дереккөз: ҚазАқпарат