Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауғанстаннан 35 қандас елге жеткізілді. Жалпы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен Алматыға барлығы 41 жолаушы ұшып келген.
Бұл – Ауғанстандағы ахуал ушыққалы елге оралған қандастарымыздың алғашқы легі. Олардың арасында арнайы ұшақпен Кабулдан Алматыға жеткізілген қандастардан бөлек, еліміздің 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауғанстандық бар. Олар карантин талабына сай уақытша оқшауланды.
«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов:
–Ауғанстан аймағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Өзіміздің қандастарды Ауғанстаннан шығару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және Кабулдағы елшіліктің қолдауымен іске асырылды, – деді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, қазір қандастарды өңірлерге көшіру мәселесі қарастырылып жатыр. Ауғанстаннан арнайы ұшақпен жеткізілген бұл этникалық қазақтар еліміздің солтүстігіне, соның ішінде Ақмола облысына да орналастырылуы мүмкін.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сай, Ауған елінде 15 қазақ отбасы тұрады. Бұл шамамен 200 адам. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарында мұндағы этникалық қазақтар саны бұдан да көп деген хабар тарады.
Қазір Кабулдағы елшілік қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қандастарымыздың өтінішіне байланысты оларды атамекенге жеткізу мәселесі бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.