Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы даланың ұлтжанды жыршысы - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы даланың ұлтжанды жыршысы

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың көрнекті ақыны, жерлесіміз Бақытжан Қанапиянов – 70 жаста

Бақытжан орысша жазса да ана тілін жақсы біледі. Оның қазақтың маңдайалды лиро-этникалық «Қыз Жібек» атты дастанын аударуы үлкен ерлік және ерекше табысты дүние.

Кәкімбек Салықов.

Өнердегі дәстүр – көркемдік тәжірибені әрі қарай сақтап, жаңарту, жарасымды бітім туғызу. Дәстүрдің көркемдік қуаты ерекше. Өткен кезеңнің көркемдік тәжірибесін қазіргі буынға жеткізудегі мүмкіндік аясы мол.
«Көркем творчество процесіндегі дәстүрлік пен жаңашылдықтың байланысын көркем мұраны игеру мен дамыту жолдарының өзіндік ерекшеліктерін қозғағанда, өнердің бұрынғысы мен бүгінгісінің өзара күрделі қарым-қатынасын, өмірдегі ілгерілеушіліктің мәнін сараптағанда көркемдік дәстүрлердің эстетикалық-философиялық болмысына ой жарығын түсірмей болмайды» (Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясы. А., 2001, 107-б).
Көркемдік дәстүр эволюциясы көркемөнердегі көркемдік-эстетикалық санадан туындайтын күрделі құбылыстардың қатарынан орын алады. Ол – ежелгі мектептер, ағымдар, бағыттармен өзектес жатқан арналы құбылыс. Көркемдік дәстүр дегенде оны өнердің жалғасы, оны байытушы, жаңғартушы өміршең құбылыс деп қарастырғанымыз жөн.
Адамзат мәдениетіндегі үздік үлгі, дәстүрлерге байланысты академик Р.Нұрғалиев өзінің «Телағыс» монографиясында былай деп жазады: «Үздік үлгілерден үйренуге құмарлық, адамзат дәстүрлеріне ден қою, туған топырақ байлығынан қол үзбеу – әлемдегі барша талапты қаламгерлерге ортақ қасиет. Ұлттық дария, әлемдік телегей теңіз – осы телағыстың тоғысуынан қазақтың арналы қазынасы – көркем әдебиеті жасалады».
Біз әдебиет тарихында этникалық тегі басқа болып, өзге елдің әдебиетін жасаушыларды да білеміз. Орыс жазушылары Илья Эренбург – еврей, Кантемир – молдаван, америка жазушылары Ульям Сараян – армян, Джозеф Конрад – поляк болса, қазақ жазушылары Әкірам Ғалимов, Сабыр Шарипов, Машқар Гумеровтердің – тегі татар болған. Ұлты тәжік Садриддин Айни тәжікше де, өзбекше де жазған. Тегі қазақ Ақмолла үш тілде, қазақша, татарша, башқұртша жазған. Үш ел де оны өз әдебиетінің өкілі деп біледі. Африка жазушылары – француз тілінде, үнді жазушылары ағылшын тілінде қалам тербеген.
Ал, енді орыс тілінде шығармашылық дүниелерін тудырған қазақ әдебиетіндегі Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Момышұлы, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Бақыт Қайырбеков және бүгінгі біздің мақаламыздың кейіпкері болып отырған талантты ақын Бақытжан Қанапияновтың шығармашылығын қай қатарға қоюға болады? Әрине, олардың барлығы – қазақ қаламгерлері. Басты мәселе тілде емес, халықтық, ұлттық рухта, қаламгерлердің өз ұлтына деген перзенттік көңілі мен жүрек соғысында, елім деген үндерінде жатыр.
Бүгінгі біздің әңгімемізге өзек болып отырған қазақтың талантты ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бақытжан Қанапиянов барлығымыздың құрметті жерлесіміз, қазақ поэзиясында өз биігін айқындаған талант.
Бақытжын Мұсаханұлы Қанапиянов 1951 жылғы 4 қазанда Көкшетау қаласында туды. Бақытжанның бесінші атасы Сұлтанбек төре, Кереку – Ертіс бойын жайлап, аға сұлтан болған. Ақынның әкесі Мұсахан Қанапиянов бұрынғы Көкшетау облысы, бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында Сырымбеттегі қазақ орта мектебінің директоры, Көкшетау облыстық оқу бөлімінің бастығы сияқты абыройлы қызметтер атқарған. Бақытжанның анасы Күләш апай да бала оқытқан, ел сыйлаған ұстаз. Алаштың асыл ұлы Жұмағали Тілеулинмен аталас текті жердің қызы болған.
Бақытжан Қанапиянов 1974 жылы қазақ политехникалық институтын бітіріп, Қазақ ССР-інің Ғылым академиясы жанындағы металлургия және кен байыту институтының инженері болып қызмет атқарды. Одан кейін Мәскеу қаласындағы жоғары әдеби курстарды тәмамдады (1981-1983). «Мосфильм», «Қазақфильмде» сценарист, режиссер ретінде еңбек етіп, баспаларда редактор, басқарушы болып жемісті қызмет етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінде баспалар жөніндегі басқарманың төрағасы қызметін атқарды.
2004-2006 жылдары ТМД елдерінің мемлекетаралық кеңесінің баспалар және полиграфия жөніндегі басқармасының төрағасы қызметін де абыроймен атқарды. Қазіргі таңда Бақытжан Қанапиянов «Жібек жолы» баспа үйінің директоры. Ол – сан қырлы талант иесі. Инженер, ақын, жазушы, сценарист, режиссер, баспагер мамандықтарын игеріп отыр. Қоғамдық үлкен жұмыстар атқарып жүрсе де, ақын шығармашылық тоқырауға түскен жоқ. Жеті томдық шығармалар жинағын шығарды.
Ақын, жазушы бола жүріп, Бақытжан Қанапиянов баспагер ретінде елін үлкен жаңалықпен қуантты. Ол басқаратын «Жібек жолы» баспа үйінен қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 50 томдық академиялық толық шығармалар жинағының соңғы 50-томы жарыққа шықты. Он жылдан астам уақытқа созылған бұл жобаның аяқталуы Б.Қанапияновтың 60 жасқа толуымен тұспа-тұс келді. Бұл оның баспагерлік қызметіндегі елеулі жетістік деуге тұрарлық іс.
Бақытжан Қанапиянов әдебиеттану және әртүрлі публицистикалық сипаттағы жүзден астам мақалалардың авторы. 1981 жылдан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Халықаралық кітап шығарушылар Ассоциациясының вице-президенті.
Бақытжан Қанапиянов – ұлттық рухы биік ақын. Оның ұлттық болмысы жөнінде ақиық ақын Кәкімбек Салықов ағамыздың былай дейтіні бар: «Бақытжан өлеңі орыс тілінде жазылса да қазақтың иісі, менталитеті, рухани күші аңқып тұрады.
Жөн болар аңсап жеткенің,
Мен күтем аппақ кептерім.
Осылай ұғып сақтармын,
Дәстүрін ғашық сақтардың, –
деп қай төреден тараса да, таза қазақтығын қастерлеп, арғы бабаларымыздың сақтар екенін мойындағаны үлкен ақыл, ойшыл азаматтан туындап отыр («Қазақ әдебиеті» №39, 30.09.2011).
«Бақытжан орысша жазса да ана тілін жақсы біледі. Оның қазақтың маңдайалды лиро-этникалық «Қыз Жібек» атты дастанын аударуы үлкен ерлік және ерекше табысты дүние. Орыс ақыны аударса, оған жасап берген «подстрочник» (жолма-жол аударма беру) қандай болса, аударма туынды да сондай болады. Ал, қазақ тілін білетін ақындардың аударғаны мүлдем басқа дүние. Абайды орыс ақындары қаншама аударса да, нәшіне келтіре алмады, ал, Әуезхан Қодардың аударған өлеңдері оқырмандардың ойынан шықты, бұл досымыздың Мағжанды аударуы да ұнайды. Сол секілді Бақытжанның «Қыз Жібекті» аударуы ел зиялыларының ризашылық білдірген жақсы бағасын алды. Бақытжанның бұл еңбегін бүкіл шығармашылық жолындағы айшықты белгісі, мәңгі жасар дүниесі деп білемін» («Қазақ әдебиеті» №39, 30.09.2011).
Үлкен ақын Кәкімбек Салықовтың бұл бағасын ақын талантын, оның ұлттық рухын шынайы түсінген жанның зор бағасы деп білгеніміз жөн.
Бақытжан Қанапияновтың ақындық түйсігі, өмірді сезіну өрісі ерекше. Суреткерлік зерде, көркем машығы ешкімге ұқсамайтындар қатарынан. Жалпы, ақындықтың стихиясын, оның толғағын, қайнар қуаты мен күшін орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин былайша беріпті:
И пробуждается поэт во мне,
Души стесняется лирическим волнением.
Трепещеть и ищет, и звучит как во сне,
Излиться и свободном проявлением.

И мысли в голове волнуется в отваге
И рифмы лёгкие навстречу им бегут.
И пальцы просятся к перу, перо к бумаге,
Минута – и стихи свободно потекут.
Ал, осы ойды қазақтың ұлы ақыны Абай былайша өрнектеп жалғастырып алып кеткен:
Адамның кейбір кездері,
Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері,
Көк бұлттан ашылса.

Сылдырлап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Осындай ғаламат түйсік, дүние сырына зерделі көзбен үңілу ақын өлеңдерінде толып жатыр. Осы сырды ақынның «Алақан» деген өлеңінен аңдап қарасақ:
Алақанда,
Жолдар үзік-жүзігі,
Бағандарды
Санаудың жоқ қызығы.
Сайды аялап,
Жетті таулы сілемдер,
Иірімдер Және тағдыр сызығы.
Немесе:
Кел, өткерген
Қос өмірді көз жеткен,
Еске алайық
Алақанда өрнектен.
Бара жатыр,
Жасыл сүрлем бойында,
Сәйгүліктер
Басқан ізін мөрлеткен.
Суреткерлік сезгіштік, шынайы өмір бедері жатыр бұл жолдарда. Философиялық астары мол, өмір, ақиқат-болмыстың терең сырлары қамтылған өлеңдер де жетерлік ақын шығармашылығында.
Ағайынды күндеме,
Жатқа да озған үндеме.
Сенікі саған бұйырар,
Бірдеме демеу дұрыстық,
Қызықты күндер жалғасар,
Қайғылы күндер жармасар.
Алдыңда ұзақ өмір бар …
Шөкім жер. Үнсіз тыныштық.
Өмір болмысының ғаламат сыры жатыр! Ой мен сезім, суреткерлік парасат, сілемдері, ойшылдық иірімдері мен мұндалап тұр!
Ақын туралы сөзімді тағы да Кәкімбек ағамыздың ақын бауырының ақындық өрісі жайындағы төмендегі ойларымен аяқтағым келіп отыр. «Бақытжан Қанапияновтың ақындық өнерін сөз етсек, ең алдымен айтарым, өлең анасының ақ сүтімен келген, Алланың өзі мәңгілік серік етіп берген жан досы. Оған қоса әкеден ерте қалған баланың мұңы қозғау салып, көкірегіндегі өлеңге деген отты үрлей түскен, қыздыра түскен. Үшіншіден, ардақты анасының алты баланы бағып, жалғыз қалған аналық арманы Бақытжанның өз арманы болып кетті. Анасы ұлым жақсы азамат болсын деп тілесе, сол қасиетті тілекті әкесінің өсиетіндей етіп орындауға қажырлы талпыныс бітті. Міне, осылардың бәрі, әрі өзі шеккен замананың желісі қажымас қайрат, талмас қанат бітірді. Сондықтан да, Бақытжанның өлеңдері ешкімге ұқсамайтын жеке дара желісі мен жемісі бар оқырман қауымға қажеттілігін танытқан өміршең өлеңдер.
Бұл өлеңдердің қуат-күшінде, жадына сіңірген энергетикасында рухани ұмтылыс бар, ұлтына деген риясыз берілгендік, өнерге деген сүттей тазалық, сөнбес махаббат бар. Жүрек көзімен біреулер байқамасты байқайтын құдірет берген көрегендік бар. Міне, осы көрегендік сезімталдық, суреткерлік, ойшылдыққа жеткізіп, сыншылдықтың сойқан күшін танытты». («Қазақ әдебиеті», №39, 30.09.2011).
Былтыр орыс тілінде, әрине, аударма арқылы қазақ тілінде де халқына, әлем әдебиетіне ғажап туындылар берген, жаны, бар болмыс-бітімі, тереңнен қазақ болып сөйлеген талантты ақынымыздың, зерделі көркем сөз шеберінің осы көп жылғы шығармашылық жемісті еңбегі тәуелсіз мемлекетіміздің тарапынан лайықты бағасын алып, «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Бүгінде 70 жастың биігіне шығып отырған жерлес қаламгерге үлкен денсаулық, шығармашылық зор табыс тілейміз!
Сәбит ЖӘМБЕК,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

***

Бақытжан ҚАНАпиянов

Алақан

Алақанда
Жолдар үзiк-жүзiгi,
Бағандарды
Санаудың жоқ қызығы.
Сайды аялап
Жеттi таулы сiлемдер,
Иiрiмдер
Және тағдыр сызығы.
Кел, өткерген
Қос өмiрдi көз жеткен,
Еске алайық
алақанда өрнектен.

Бара жатыр
Жасыл сүрлем бойында,
Сәйгүлiктер
басқан iзiн мөрлеткен.
Ұялтқандай қуғындаудың мiндетi,
Алақанға
түстi бейнең суретi.
Секем алдым
Секiрердей балконнан,

Алып қашты
асау жүрек құдiретi.
Шу шығармас
Олжам болса көнбеген,
Өңгердiм ғой
ерге теңдеп көлденең.
«Дәстүр болды кәсiпқойдың тәлкегi», –
Деп те ызалы
Маған ырық бермеген.
Кел, өткерген
Қос өмiрдi көз жеткен,
еске алайық
алақанда өрнектен.

Реактивтi жолақтар да көптеген,
Көкжиектi
Көк жiбектей көктеген.
Ұсақ бұлттар
ат жалындай желкiлдеп,
Тау шатқалын саялауға беттеген.
Қара жерге
дән еккенде қызықпен,
Уақыт iзiн
Мен өзiмше тiзiп те ем.
Тура келдi,
Қиюласты бәрi де,
Алақанда
Оюлы-өрнек сызықпен.
Жылқы малы
Жерде дәндi баспайды,
Жылқы тарпып
еккен дәндi ашпайды.
Ипподромда
алақаннан дән төккен,
Сәйгүлiктiң жем жегенiн
көрмек те ем.
Кел, өткерген
Қос өмiрдi көз жеткен,
Еске алайық
алақанда өрнектен.
Аударған К. Салықов.

Аттар
Туып-өстi қалада бұл бүлдiршiн,
Ал ауыл ма, ауылыңды кiм бiлсiн.
Тiптi атты көрмептi ғой түсiнде,
Ол үшiн ат – суреттегi бiр мүсiн.
Теледидар арқылы тек бiледi
Жылқылардың тұқымы мен түр-түсiн.
Бiрде әкесi баласына келдi де,
Дәлiн айтсақ, айдың соңы, сенбiде.
Цирктегi шабандоздың ойынын
Көрсетуге алып барды, ер, мiне.

Жансыз сурет тiрiлгендей ықылым,
Сонда бiлдi не екенiн жылқының.

Қос қолымен орындықты қармалап,
Бала отырды… Тамсанады, таң қалад!
Аренаны шыр айналды ұршықтай,
Етi қызып елеңдеген арғымақ.

Шабандоз ұл – сiрә, құрдас, тетелес,
Шеберiн-ай, қызығумен кетедi ес.
Ат бауырынан сусып өтiп сынаптай,
Ал жалына жармасқаны – тек елес.

Бейне әсер етпегендей бұған түк,
Отырды әке қос жанары мұнартып.
Балалықтан алып қашып әкелген,
Сәйгүлiктi бiр көруге құмартып.

Бала да мәз… оны айтып нетесiң,
Арғымақтар көрсеттi ойын көкесiн.
Сәйгүлiкке сағынышпен қараған
Түсiнбедi, түсiнбейдi ол әкесiн!..
Аударған Т. Жұртбаев.

Бұлан
Қауiптi аймақ…
Тоғайдан шықты бұлан жарыққа.
Себебi оған белгiсiз, бара жатыр арықтап.
Батпақтағы сызашық – көрiп жүрген суы осы,
Су мен шөпте күндегi тiрлiгiнiң куәсi.
Ауа мен жер – барлығы бәз-баяғы қалпында,
Ағаштар да малынып келе жатыр алтынға.
Жолға шықты ақыры, айналып бiр түбiрдi,
Тәлтiректеп кеттi де… бұлан жолға жығылды.
Бұл-бұл ұшты ләйлекше көзiндегi жарқыл да,
Сол бiр ләйлек көкте әлi, көз ұшында қалқуда.
Аударған Ж. Жақыпбаев.

ӨРІК ПЕН ШЫНАР
Өрік ерте гүлдеді, жапырағын жаймай-ақ,
Шынар соған сөйледі, кейде күліп, кейде аяп:
Жемісіңді көрмейді ел, не қалады бораннан? – Өрік үнсіз түнерді, өңшең гүлге оранған.
Үсік шалды, шынында, енді біраз күннен соң,
Қарайып та бүрісіп, түк қалмады гүлден сол.
Бір күні өрік бұрылып, жауап қатты шынарға:
Мүмкін айтқан ақылың сенің дұрыс шығар да,
Рас, енді ел менің жемісімді білмейді,
Гүлді көріп бірақ та, көктем басы бұл дейді.
Сол гүлдерім жасайды адамдардың көзінде,
Әйтпесе олар шаршайды ұзақ қыстың кезінде,
– Солай деді бір өрік, шынар бірақ саспады,
Өркен жайып бұтағы, өзі гүлдей бастады.
Аударған Е. Раушанов.

Жарық
Өткеніңді жүрегіңнен сөндірме,
Бүгініңді қадірлей біл қолдағы.
Сол екеуін қоса салсаң сен бірде,
Ашылады болашақтың жолдары.

Бұзып-жарып енеді де түсіңе,
Түн ішінде ұмыттырар ұйқыңды.
Шығасың сен, ойлар сыймай ішіңе,
Жұлдызды аспан аясына сүйкімді.

Жұлдыздармен сөйлеседі-ау, сірә, түн,
Бірақ оны жеткізе алмас ұлы ақын.
Таң да атар, кетер қанат қағып түн,
Күдігіңді, қасіретіңді қуатын.
Мәңгі өмірдің негізі боп тұратын,
Қасиеті, міне, осындай – жарықтың.
Туған үй
Туған үй, алтын босағам!
Көп болды-ау, сенен кеткелі.
Жақсылық қана жасаған,
Қарызым саған көп тегі.

Далада, семіп батар күн,
Шашқанда соңғы нұрларын.
Ойлаймын жеті атамның
Ат мініп, аңды қуғанын.

Білемін олар жайлы не?
Білмеймін ұран-сүренін!
Атамдай көкпар, бәйгіде
Алшайып атқа мінемін.
Осында әке қабірі,
Жол басы, яғни, осында.
Ертерек біткен тағдыры
Мен болып алға басуда.

Ендеше, өлмес от жырдан
Халқыма алқа тағамын.
– Келе ғой, ұлым! – деп тұрған,
Естимін даусын Даламның!
Аударған М. Ерімбетов.

Қар
Өз күнәңді өзің ауыр сезініп,
Ұзақ түнде ұйқыңнан да безініп,
Тыныштықта бүріскендей бар денем,
Тазаруды күтеміз,
Тазаруды күтеміз,
Тазаруды күтеміз
Жаңа жауған қарменен.

Міне, аспан тұр төбемізде сұрғайып,
Көктің жүзін тұмшалаған бір ғайып.
Қар ұйтқиды әнтек ойнақ салғандай,
Аппақ дала,
Аппақ дала,
Аппақ дала
Керең болып қалғандай.

Аппақ қармен жүріп көрші тосылмай,
Ескерткіштей ізің қалар жосылған.
Мынау өмір деп ойлама дерексіз.
Күнәң қалар ұмыт боп,
Күнәң қалар ұмыт боп,
Күнәң қалар ұмыт боп,
Тастай-ақ бір керексіз.
Аударған Р. Оңғарбай.

* * *
Заман халін арылту –
Адам жанын арылту.
Мүмкін жүрек тебіреніп,
Ойдың түбін ой алар.
Отан-анаң еміреніп,
Тыныштық сәт бой алар.
Сонда біздің санамызда
Асыл сезім оянар.
Сол бір сәтте еріктен тыс
Дүр сілкінер намыс, ар.
Ләйлек құс та
Халқыменен табысар.
Тыншығармыз
Ақ тұмадан шөл басып,
Сонда бірақ ірку қиын,
Суға тамған көз жасын.
Аударған Р. Оңғарбай.

Қ.-Ж.К. Т.
Жалғанның жарықтарынан,
Жұлдызыңды іздеп табасың.
Жаңғырған бағыттарынан
Жолыңа тауып жарасым.

Қастерлі жер мен әлемді
Бабалар аманаттаған.
Жанымда жақұт бар енді,
Аманда ғаламат ғалам.

Арманды танып алыстан,
Құшағын ашқан бауырмен.
Соқпақтар біздің тоғысқан –
Шекаралармен, дәуірмен.

Ертеңнен бақыт табамыз,
Үміт бар жүрек – жанарда.
Мәңгі Ел – Отан – Анамыз,
Бесікті тербе, Ақ Орда!
Аударған Ғ. Жайлыбай.

Беймезгiл жауған қар

Сәбидiң тағдыр жолында
Жатты қарлы жұлдызша.

Қар тiк ұшып жатыр. Қардың алтыұшты жұлдызшалары Алматыдағы көктемнiң мамыражай түнiнде түрлi түске боялып, шыр айналады. Кейде олар көктемнiң жаршысы сынды бүр жарған өрiктiң гүлшешегiмен ұласып жапыраққа айналғандай болады.
Қар жасыл бұйра алма ағашына қонақтап, оның салмағынан жапырақтар құстың мұз қатқан қанаты сияқты бүрiсiп барады.
Аппақ түпсiз аспаннан төпелеген көксоқта қардың салмағымен бәз бiр бұтақтар шыдамай сынып түсiп, ағаштың дiңiне жазылмайтын жара салып кеткендей. Ағаштың күзде мәуелеген жемiстен иiлгенi қандай ғанибет! Ал мынау бүршiк жарған бұтақтарды күрттiкке құлатып, арыққа сұлатып ағызып әкетiп жатқан қасiрет емес пе.
Қар тiк ұшып жатыр. Оның жұлдызшалары қар дөңгелегiне айналып, Баспоштамптың мұнарасындағы сағатқа көксоқта мұздақ болып жабысады. Алайда сағаттың тiлi мәңгiлiк қимылынан айнымай, қардан көрiнбесе де, тынбай соғып жатты.
Қар тiк ұшып жатыр. Шындық қырқасынан төмен құйғытқан машиналар да сиреп барады. Қою тұман пердесiн жасыл шамының жарығы тiлгiлеп, олар да аппақ кеңiстiкке сүңгiп, көзден ғайып болады.
Қар тiк ұшып жатыр. Қою қараңғылықтан отбасының суретi сияқты болып, әйнектен сыртқа көз салған жұрттың жанарында үрей бар тәрiздi. Терезедегi суреттер де сәл сарғайып, қар құшағында ауада қалықтап тұрып алады. Әрi-берiден соң олар да ғайып болып, тек төпелеген қар ғана қалады.
Құлағыма құлаған қардың дыбысы келедi. Мен алақанымды жаямын. Бiр сәт оған зергердiң шебер қолы зерлегендей әсем қар жұлдызшалары қонақтайды. Табиғаттың төтенше құдiретiн сезiну үшiн маған осы сәт те жетiп жатыр.
Қар жұлдызшалары өз алдына бiр құдiрет.
Ертеңгiлiк тысқа шықсам, гүлзардағы қызғалдақтар қарға тамған әредiк қан түйiршiгi сияқты бүрiсiп, қатып қалған. Алайда сағат сайын күн жанары нұрланып, гүлге қонған қар жұлдыз­шалары көзден бұл-бұл ұша бастады.
Беймезгiл жауған қаскөй қарға қарсы тұрар не бар екен?
Әрине, өмiрдiң гүлденуiне қар да төтеп бере алмайды.
Аяғымның астында жаздыгүнi шайнаған алмаға ұқсап қар күрт-күрт етедi. Сол сықырдың арасынан: аузыңа салғанда күтiр-күтiр ететiн алмадан тәттi не бар деген сенiң үнiң естiлгендей.
Аударған С.Ақтаев.

ҚҰМСАҒАТ

Жердегі болмыс-тіршілік тағдырдың елегі сынды құмсағаттың қылдырықтай өзегі арқылы біркелкі сырғып өтіп жатыр.
Қилы уақыт оқиғаларының құм белестері арасында, осы заманның жан жүдеулігінен шытынап кеткен сорлар мен тақырлар ағараңдайды.
Сексеуіл бұталар өзінің бес тармақ саусақтарын тарбитып жоғарыға созады, ал аспан шеті құм көкжиегімен астасып, құдды теңізге барып ұласқандай.
Құм аралас жел ұшырған түйе жантағының қаңбақ-бұталары өздерімен бірге өмірдің мәнін көрінер-көрінбес теңізге домалатып көшіріп барады.
Арман сағымы ешкіемерді де елітеді. Оның бұдыр-бұдыр денесі мен арқасының қатпарлы қабыршақтары ықылым замандағы алып кесіртке мен қазіргі кездегі қолтырауын бейнелерінен елес беретіндей.
– Теңізге жету керек! – деп, ешкіемер аузын арандай ашты. Тілін салақтата шығарып, уілдеген әніне еліктірген барқанға қарай қайтадан жылжи жөнелді.
Құмсағат тіршіліктің қиыршықтарын біркелкі ағыспен тағдырдың елегінен сырғытып өткізе келе, елес сынды арман-теңізге апарар көне жолды көкжиекке сіңіріп, қайта-қайта алыстата түсуде.
Аударған Б.Хабдина.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар