Юрий – дәулескер домбырашы

Сахнадағы сары бала домбырасын бауырына қысып, қаршығадай түйіле түскен. Кең залдың ішін сазды әуен кернеп кетті. Көз ұшына ілінер жалғыз қара табылмайтын сайын дала. Жалпақ даланың төсі дүбірге бөленген. Ауыздығымен алысқан, бауырынан жараған, үстінен су төгілмес бес жорға бір-бірімен ерегіске түскендей. Күміс үзеңгілер бір-біріне қағысып, сыңғыр-сыңғыр етеді.

Міне, шабыс тілеп ширыққан тұлпарлар ұлан дала бойын дүбірлі дүрмекке бөлеп, қайыстай созылып жорғалар сәтін аңсап, ұлы бәйге алдында пысқырғаны еміс-еміс естіледі. Әлденеше тұяқ дала төсіне тиген сайын делебеңді қоздырар дүбір қалыңдай түсті ме қалай?
Салтанат шеруі іспетті. Қан майданға аттанған жорық емес, аруды аңсап бет алған серілік сапар. Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің білім алушысы Юрий Кочетыгов шертіп отырған Сүгірдің атақты «Бес жорғасы» осылай басталады. Аңыз айтады: заманында Ұлытаудың бауырында Мақпруза есімді күйші қыз өмір сүрсе керек. Күйшілігі соншалықты аспандағы аққуды күйімен әлдилеп, тербетіп, саз сиқырымен арбап, жерге қондырған деседі. Ат тұяғы жететін жерден күй сайысқа дәмеленіп келген небір күйшінің, дәулескер домбырашының сағын сындырыпты. Осы хабар күй перісі – Сүгірдің де құлағына жетсе керек. Алыс сапарға қамданады. Қасына өнері бірінен-бірі асатын төрт дәулескер домбырашы ертеді. Серінің серігі де тегін болмауы керек. Қияндағы күйші қызды іздеп шыққан сапардың барысы «Бес жорғамен» басталып, бес тармақ күйге ұласады. Басы осы әуен.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін Юрий Ильич Көкшетау қаласының тумасы. Осыдан он жыл бұрын облыс орталығындағы №3 қазақ орта мектебінде оқып жүрген кезінде әлдебір байқауға қатысқан шағында көргенбіз. Орыс баласының домбыраның құлағында ойнайтын шеберлігі тәнті еткен. Кейін талай қалалық, облыстық байқауларда құлақ құрышын қандырды. Таяуда республикалық домбырашылар сайысында бас жүлдеге ие болды. Кемеліне келген сыңайлы, тәжірибесі толысқан, шеберлігі балғын кезінен әлдеқайда шыңдала түсіпті. Әйтпесе Сүгірдің шертпе күйі кез-келген домбырашының жүрегі дауалап бара бермейтін шығарма.
–Мектепте қазақша оқуыңа не себеп болды, Юра? – деп сұрадым.
Мінезі жібектей есілген, қағылез сары балаң жігіт жұмсақ жымиып күлді.
–Ата-анамның қалауы. Мен бұрын қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін бала бақшаға бардым ғой. Тілді сол жерде үйрендім. Таза қазақ тілінде оқыдым. Бірде ұстаздарымыз бізді музыка колледжіне ертіп апарды. Мен ол кезде он жаста едім. Сол жерде домбыраның сарынын, ғаламат әуезді алғаш рет тыңдадым да ғашық болдым. Үйге келген соң ата-анама алғашқы әсерім туралы айтып бердім. Олар қуана құптады. Содан бастап музыка мектебіне оқуға берді. Алғашқы ұстазым Серік Сәрсенбаевтан көп дүние үйрендім. Ширатып алайын деді ме екен кім білсін, біраз уақыттан кейін мені мектепаралық, қалалық домбырашылар сайысына қоса бастады. Музыка мектебінде оқып жүргенімде бірнеше байқауларда жүлделі орынға ие болдым. Күйді негізі нота арқылы үйренеміз ғой, кейде жүрек шымырлатар жақсы күй болса бір тыңдап алып тарта беремін. Қазір колледжде Руслан Қойшыбаев ағайдан тәлім алып жүрмін.
Жас домбырашының айтуына қарағанда, тыңдарман қауымның зейіні де, ықыласы да әсер етеді екен. Бейжай отырса, күй де жанын жеп тартылмақ. Ал, ықыласпен тыңдалса, шабыт шіркін, шарықтамақ.
–Кей адамдардың күйді дыбыстардың жиынтығы деп қабылдайтыны бар, – дейді жас домбырашы, – қазақ күйінің бәрінің аңызы бар, талайлы тағдыры бар. Егер алдымен күй аңызын айтып, шығарманы содан кейін орындаса, былайша айтқанда, лекция концерт түрінде ұйымдастырса, ұтымды болар еді. Аңыз желісіне зейін қойып, тереңіне бойлап барған тыңдарман қауым күй сипаттаған көріністі оңай қабылдар еді.
Домбырашының пікірін теріс дей алмадық. Шынында да күй – ақсүйек өнер. Тыңдаушы қауымнан да көңіл көкжиегінің кеңдігін талап етеді. Әйтпесе, мың сан сыр бөккен саз көкірекке қонақтамайды ғой.
–Кейбір концерттерде жүргізушілер әншейін домбырашыларды күйші деп таныстырып жатады. Дұрыс емес қой, аға, – дейді Юрий Ильич, – күйші күйдің авторы, ал, біз бар болғаны орындаушы ғанамыз. Біз мектепте музыка туралы әдебиеттерді оқыдық. Әлі де зерттеп білу үстіндемін. Домбырашыға алдымен білім керек. Бұрынғылар дала мектебінен оқыған. Біз сол білімді тарихи әдебиеттер арқылы көкірегімізге қотарып алсақ кем болмас едік.
Жас домбырашы әсіресе, Құрманғазы атасының «Адай» күйін сүйсініп орындайды. Күйдің өне бойындағы шиыршық атқан жігер тыңдарман қауымның алпыс екі тамырын қорғасындай балқытып, қайраттылыққа, жігерлілікке жетелейтіндей. Алға қойған жоспары да асқаралы. Колледж-
бен шектеліп қалмай, жоғары білім алмақ. Сөйтіп, күй өнерінің қатпар-қатпар сырын көкірегіне көшірмек.
Ән Меккесі Көкшетауда күй өнерін серік еткен бір жас өсіп келеді. Ғұмыры да, өнері де өзі жиі тартатын «Бес жорғаның» салтанатындай сәнді болса екен дедік біз іштей…

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар