Сүйікті ісінің білгірі

Жоғары санатты мұғалім, оқытушы-зерттеуші Аягөз Жаңабергенова «Жаңартылған білім мазмұны» мен «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» курстары бойынша педагогикалық шеберлік орталығының білікті маманы.

1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Аягөз Қошанқызы осы қаладағы №14 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбекке араласады. 1994 жылдан директордың тәрбие жұмысының орынбасары, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ал, 2011 жылдан бері Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» көпбейінді гимназиясында жұмыс істейді.
Гимназияда еңбек еткен жылдарда шығармашылық деңгейі жоғарылап, дәріс берген шәкірттері түрлі байқауларға, яғни, білім турнирі, оқу және драмалық қойылымдар сайыстарына қатысып, шаралардың барлығында оқушылар жүлделі орындарға ие болса, кейбірі жеңімпаз атанған. Мәселен, кейбір оқушылары өткен жылдардағы қалалық білім турнирінің және пәндік олимпиаданың қалалық турының жүлдегері мен жеңімпазы болып танылса, 2019 жылы Милана Барахоева орыс тілінен қалалық және облыстық олимпиаданың жеңімпазы атанып, республикалық олимпиадада үшінші орынға ие болған. Сондай-ақ, 2020 жылы қалалық және облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанып, республикалық пәндік олимпиаданың турына жолдама алғанымен, карантинге байланысты өтпей қалған болатын. Ал, тағы бір шәкірті Е.Ситнер болса, мәнерлеп оқу сайыстары мен драматургия конкурстарына бірнеше рет қатысқан. Биылғы жылы орыс тілінен өткен пәндік олимпиада да қалалық және облыстық турлардың жеңімпазы атанып, олимпиаданың республикалық турында жүлделі 3-ші орынға ие болған.
– Мен жаңартылған білім мазмұны мен «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және тексеру» бойынша орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған жаттықтырушымын. Бұл кезеңде мұғалімдер Ақмола, Петропавл және Жамбыл облыстарындағы курстарды сәтті аяқтады. Биылғы жылы «Орыс тілін оқытуда сараланған тәсілдің қолданылуы» тақырыбындағы тәжірибелік жұмысымды аймақтық деңгейде жақсы қорытындыладым, – деп мақтанышпен жеткізген Аягөз Қошанқызы, өзінің білікті маман екенін әр түрлі сертификаттармен және облыс әкімінен алған Алғыс хаттарымен дәлелдеп келеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: жоғары санатты мұғалім Аягөз Қошанқызы Жаңабергенова.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар