«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланған қоғамдық кеңес отырысы болып өтті. Жиынды «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жүргізіп отырды.
Ағымдағы жылы Ақмола облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 335 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарланып, осы мақсатта 69 миллион 521 мың теңге бөлінді. Бүгінде бұл жоспар 64 пайызға орындалып, 213 нысан толық бейімделген. Жиын барысында қалған нысандарды да жыл соңына дейін сапалы, әрі уақытылы бейімдеу қажет екендігі баса айтылды.
Кеңес отырысында сөз сөйлеген Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Алтын Ақбарова бейімдеуден өткен 213 нысанның тек 167-сі ғана арнайы ақпараттық порталдың интерактивті картасына енгізілгенін айтты. Мәселен, Көкшетау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына бейімделген 37 нысанның тек 28-і ғана интерактивті картада бар. Есіл ауданы бойынша бейімделген нысандар туралы мәліметтер де бұл картаға салынбаған екен. Ерекше екпін түсіріп айта кететін жәйт, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының жүзеге асырылу мәселесі партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен Саяси кеңес Бюросының отырысында да қаралып, жыл аяғына жоспарланған нысандарды бейімдеуді тездету, жұмыстарды қарашаның 1-іне дейін аяқтау тапсырылған болатын.
Жиын барасында Бурабай, Аршалы мен Целиноград аудандарының басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды қарашаның біріне дейін аяқтауға уәде етті. Партия төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов бұл тапсырманы Шортанды ауданының басшылығы да орындауы тиіс дегенді қадап айтты. Сондай-ақ, Шортандыда желтоқсан айында бейімделеді деп жоспарланған 4 нысандағы жұмыстар да қарашаның біріне дейін аяқталмақшы.
Кеңес отырысында сөз сөйлеген Ғалым Бекмағамбетов мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына бейжай қарамай, қоғам назарын осы мәселеге баса назар аудару керектігін атап өтті. Сонымен қатар, тағдырдың тақбезесін, ауру азабын тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық ұдайы жасаулы тиіс деді ол. Алайда, кей-кейде, осы мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдайлар жасалынбағандығын қынжыла жеткізді. Тіпті осындай жандарға арналып бейімделген нысандардың жыл санап артып келе жатқанына күмәнмен қарады. Атқарылған жұмыстарға сараптама жасауды да тапсырды.
Ал, жиынға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру бойынша Қоғамдық кеңес отырысына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелерін де шақыру туралы ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, алдағы уақытта салынатын нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлегенде, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделгенін де ескерілуін жоспарлау қажеттігі айтылды.
Иә, партия мүшелері орынды мәселені қозғап отыр. Шынында да өңіріміздің өзге аймақтарын айтпағанда, бір ғана облыс орталығының өзінде қоларбаға таңылған жандардың көшеде еркін жүріп-тұруына жасалған жағдайдың өзі көңіл көншітпейді. Пандустардың кейбірі стандарттарға сай келмейтіні бар. Бірі биік, бірі тым тар. Кейбір қоғамдық нысандар да тіпті атымен де жоқ.
Жалпы қазақ халқының ықылым заманынан бері баласына мейірім, қайырымдылық сияқты абзал қасиеттерді мұра еткен, үнемі ауызынан тастамайтын, адамгершілік қағидаттарының бірі. Яғни, біз ата-баба аманатын есімізден шығармауымыз керек. Сол себепті де алдымен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытқанымыз абзал.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.