Аң-құс қысқы азықтан тарықпайды

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы ақырған аязы, ақтүтек бораны жиі, қауіп-қатері көп қысқа қапысыз қамдануда. Жем-шөп қоры жасалып, аң-құс азықтанатын алаңқайлардағы оттықтар жөнделіп, қажетінше ағаш жапырақтары буылуда.

Соңғы жылдары табиғаттың мінезі күрт өзгеріп келеді. Қыс ішінде қар еріп, жаңбыр жауып, ауыртпалық аң-құстың да алқымынан алып тұрған жайы бар. Өткен жылы аузына ілігер азық таппай әбден арықтаған, көтерем күйге түскен еліктердің ел шетіне ілігіп, жол бойын кезіп кеткені әлеуметтік желілерде талай мәрте көрсетілген. Бұл оқиғалар ұлттық парктің аумағында болмаса да, жалпы ақ-құстың басына төнген нәубетке пара-пар қиыншылық.
Паркте орман құндызы, бүркіт, тырна, марал, бұғы, елік, қабан тәрізді аң-құс көп-ақ. Арасында саны азайып, жоғалудың аз-ақ алдында тұрғандары да бар. Биыл Көкшетау төңірегінде ғана емес, еліміздің бар аумағында дерлік қуаңшылық болды. Әйтсе де, қыста қар мол тоқтағандықтан парк аумағындағы алаңқайларға шөп біршама бітік шықты. Демек, тұяқты аңның тебіндеуіне мүмкіндік бар. Табиғи азықпен қоса, ұжым дайындаған шөп, жем, жапырақ бумалары қыстап шығуға толық жетерлік. Сәл таратып айтатұғын болсақ, 302,1 тонна сапалы шөп жиналып алынып, көпенеге салынды. 239,9 мың дана аң азығына әбден жарайтын балауса жапырақтар буылып, арнайы жабдықталған орынға қойылды. Алдағы уақытта 50 тоннаға жуық астық қалдығын және 1,4 тонна тұз сатып алу жоспарлануда.
Сөз арасында ұлттық парк аумағын құстың 219, сүтқоректі аң-құстың 51 түрі мекендейтіндігін айтатұғын болсақ, жануарлар әлемінің қаншалықты мол екендігін аңғарар едік. Қыстың қатал сыншы екендігін тағы бір қайталап айта отырып, соңғы жүз жылда сүтқоректінің 2, құстың 5 түрі мүлде жоғалып кеткендігін еске сала кетейік. Әрине, ұлттық парк аумағы қазір көздің қарашығындай күзетіледі. Суық қару ұстаған сұғанақтар заңның қаталдығынан тайсалады. Ал, қыс – сөзсіз қатер.
–Жаз бойы 203 аң азықтанатын оттық, 34 алаңқай жабдықталды, – дейді ұлттық парктің басшысы Ербол Сағдиев. Жем-шөп қорын сақтайтын 28 арнаулы орын жөндеуден өткізілді. Құстарға арналған 8 азық алаңқайы бар. Бұрынғыларын жөндеп, оған қоса жаңаларын да салу үстіндеміз.
Ұлттық парк тамылжыған табиғатымен ғана емес, сол табиғаттың қойнауын мекен ететін әралуан аң-құстарымен де көрікті. Демек, сол байлықтың мұрты бұзылмауын мұқият қадағалаған ләзім.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар