Біздер жол түсіп бір барғанымызда, Ерейментау ауданындағы Бозтал ауылында тұратын Бейімбет Мәукішев атты азаматқа жолығып, аз ғана сұхбат жасап едік.
Бейімбет жай ғана шаруа баққан адам емес, осы ауылда, тіпті аудан көлемінде өтіп жататын мәдени-рухани іс-шаралардың ортасында домбырасын күмбірлетіп, бастамашы болып жүретін азаматтың бірі. Бүгінде мал өсіруге шындап бет бұрған Бейімбет шаруасын дөңгелетіп отыр екен. –Ауылдық жерде тұрған адамның басты байлығы – қолындағы малы. Ішер асың да, киер киімің де осы малдың есебінен. Сондықтан, ауылда тұрып мал ұстамау мүмкін емес, – дейді сөз арасында Бейімбет Ермекұлы.
– Әрине, біздер – ауыл балалары бұрыннан мал шаруашылығымен араласып, көзбен көріп өскен адамбыз ғой. Дегенмен, 2006 жылы осы салаға шындап бет бұрып, «Ақылбек» деп аталатын жеке кәсібімді құрдым.
Бірақ, құр ғана кәсіпкерлік ашып, қол қусырып отыруға болмайды, әрекет керек. Сөйтіп, кейінгі жылдары Ерейментау ауданындағы «Ерейментау-Агро» несиелік серіктестігі арқылы жылқы өсіруге негізделген арнаулы «Құлан» бағдарламасы бойынша несие алып, көршілес Павлодар облысынан, өзіміздің ауданнан жиырма шақты жылқы сатып алдым. Қазір құдайға шүкір, өзімнің ата малымды қосқанда, сексеннен асып жығылатын жылқы басы бар.
Осыны бағып-қағып өсірсем, ол да үлкен табыс. Соңымызда өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Осы несиелік серіктестіктің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тағы бір несие рәсімдеп, 13 бас қара мал сатып алдым. Міне, осылай жыл санап шаруашылығым аяғынан тұрып келеді. Бала күнімізден әке-шешеміз бие байлап өскен үйміз ғой. Қазір қымыз деген кәдімгі сұранысқа ие тауарға айналды.
Зайыбым Сәния екеуміз міне, үш жыл болды, бие байлап, сүтін өңдеп келеміз. Сатуға шығарамыз, үйге келіп-кеткен меймандар шөлін басады. Бұл бір жағынан өзіңе пайда болса, екінші жағынан, ұлттық дәстүрімізді ұлықтау деп білемін, – дейді бізбен әңгімесінде Бейімбет Мәукішев.
Қазір мемлекет тарапынан ауылдағы шаруа ағайынға көмек жасалып жатыр. Әрине, бұл бағдарлама ойдағыдай іске асуы үшін, әр аймақта білікті басшылар болғаны дұрыс. Шындығын айту керек, ауыл шаруашылығына деген көзқарас жақсы жағына өзгерді. Жыл санап мал басы да, егіс көлемі де молайып келеді.
Ең бастысы, «Ерейментау-Агро» несиелік серіктестігінің басшысы Ерлан Раев деген азамат дұрыс саясат ұстап, шаруа баққан ағайынға барынша қолдау көрсетіп келеді. Осындай азаматтар басшылықта отырғанда, аудандағы ауыл шаруашылығы саласы әлі де өркендей береді деп ойлаймыз. Біз білетін ақиқат, елдегі шаруаның түйіні шешілсе, ауылдар да көркейе түспек.
Зарина КЕҢЕСОВА.
Ерейментау ауданы.