Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы аясында қыркүйек айының 23-28 аралығында Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен болып кеткен-ді. Бұл өнер көшін Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастап келген еді. Біз сол жолы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Жалғас Толғанбаймен сұхбаттасып қалған едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жалғас Қонысбайұлы, әуелі киелі өнерге қалай қадам басқаныңыз жайлы оқырманымызға мағлұмат берсек деп едік!
– Жалпы, біз өнерге жақын халықпыз ғой. Менің өскен ортам және ата-анам өнер адамдары. «Ұстазың кім?» деп сұрағандардың барлығына да ең алдымен өзімнің әкемді айтамын. Мен сол әкем Қонысбай Толғанбаевқа қарап, еліктеп өстім. Қазақта, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Ауылдың өзі өнерге тұнған еді. Сондықтан да болар бала күнімнен өнерге жақын болдым.
– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, алғашқы өнер жолыңызды Әуезов театрынан бастадыңыз емес пе?
– Иә, солай! М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық театрында 1997 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Жалпы, 15 жасымнан өнерде жүрмін десем, артық айтқандық емес. Жамбылдың мәдени ағарту училищесін тәмамдап, ауылда клуб меңгерушісі болдым. Әскерге аттандым, одан келгеннен кейін қайтадан ауылдағы жұмысымды жалғастырып, мектепте ән сабағынан дәріс бердім. Сөйтіп жүріп, республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, содан режиссерлерге ұнасам керек, мені алғаш 1994 жылы қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл драма театрына жұмысқа шақырды. Сол себепті маған оқып, білімімді жоғарылату керек болды. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы академияда білім алдым. Ондағы ұстазым – халық әртісі Тілектес Мейрамов. Біз енді қазақтың алғашқы тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың шөбере шәкірттеріміз. Ол кісі дүниеден өткеннен кейін, біз қазір ауыз толтырып айтатын өнер иесі Тілектес Мейрамовтың тәлімін алдық. Сол Тілектес ағаның мектебінен шыққанбыз. Сахна тілінен сабақ берген Рабиға Қаныбаева, Гүлжан Әспетова сынды өнер майталмандарының да шәкірттері екенімізді әрдайым мақтаныш етеміз.
– Кино және театр саласында көптеген рөлдерді сомдадыңыз. Соның ішінде сізге жаныңызға жақынырағы қайсы?
– Мен енді рөлдерімнің ешқайсысын бөліп, жарғым келмес еді. Маған бәрі жақын. Бәрі еңбекпен келген. Рөлді сахнаға шығарудың өзі, оны көрерменге жеткізудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соны сезіне отырып, ойнағаннан кейін, маған бәрі де жаныма жақын дегім келеді. Екі ауыз сөз айтсаң да жүрегің толқиды, тебіренесің ғой!..
– Қазіргі күні түсіріліп жатқан киноларға көңіліңіз тола ма? «Қыз-Жібек» сынды құнды кинолар неге түсірілмей жатыр? Себебін айта аласыз ба?
– Енді бұрын көбінесе, өзіміздің табиғатымызға, жанымызға жақын туындылар көп түсірілген. «Қыз-Жібектің» өзі ерекше. Қазір қарап отырсаң, «экшн», тағы басқа шетелдің киноларына еліктеп кеткеніміз жасырын емес. Біздегі қателік сол жерде ме деп ойлаймын. Жалпы, біз өзіміздің төл туындымыздан, салт-дәстүрімізден, өзімізге жақын өнерден алшақ кете алмаймыз. Өз мәдениетіміз бар. Әрине, шетелден алуға, үйренуге болады. Бірақ, оны өзіміздің қазақтың стилінде, қазақы ұғымда жасау керек қой деп ойлаймын.
– Өміріңіз өнермен бірге өріліп келеді екен. Десе де осы өнер жолыңызда өкінген кездеріңіз болды ма?
– Әрине, өмір болғаннан кейін, менің азды-көпті жүріп өткен жолдарым түп-түзу даңғыл, бұралаңы жоқ деп айта алмаспын. Бірақ, сүрініп кетіп, сол қиындықтарға мойымай, қайта тұрып, «Еңбек – бәрін жеңбек!» дегендей, өнер жолында еңбек етіп келе жатқан жайымыз бар.
– Болашақта қандай рөлді сахнаға алып шықсам деген арман-ойыңыз бар?
– Өте орынды сұрақ. Абай рөлін сомдау ойымнан кетпейді. Мен кезінде жас Абайды ойнадым. «Қазығұрт» киностудиясы деректі драмалық фильм түсірді. Сонда Абайдың қартайған шағын сомдадым. Жылдан-жылға адам өзі де ойы толысып, Абайға жақындай түскендей болады екен. Мен де сондай күйдемін. Сондықтан, болашақта Абай рөлін, өзіміздің қазақтың ұлыларының образдарын сомдасам деп жүрмін.
– Қазақ, телевизиясында еңбек еттіңіз. Ал, телевизияға деген қазіргі көзқарасыңыз қандай?
– Иә, еңбек еттім. Жалпы, маған теледидардағы каналдардың өзінде кәсіби журналистерден гөрі басқа саланың адамдарының журналистикаға келуі, мұның бәрі «рейтинг» қуып кеткендей әсер қалдырады. Наполеон Бонапарттың «адам деген өмірге келгеннен кейін әркім өзінің мамандығымен айналысса, соғыс болмайды» деген екен. Ал, қазір біразын шатастырып алғандаймыз. Мамандығы техник болса да журналистикаға араласып кеткісі келеді. Басқа саланың адамдары да журналистік қабілеті болмаса да сөзуарлығымен өтіп кетіп жатады. Бұл енді негізінен дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл тұнық суды лайлағанмен бірдей. Сырлы сөздің қадірін кетірумен тең. Сондықтан, әркім өз мамандығымен жұмыстанып, дамытып отыруы керек.
– Сіз өзіңіз сомдаған рөлдеріңізбен көрерменнің жүрегінен орын алып, ықыласына бөленген актерсіз. Осы ұрпақ тәрбиесінде қандай ой қосар едіңіз?
– Жалпы, өнер саласы, басқа сала болсын, мен айтар едім, білімсіз біз ештеңеге жете алмаймыз. «Білімді мыңды, білекті бірді жеңеді» дегендей, жас ұрпаққа айтарым, білім алудан жалықпау керек. Егер, өз біліміңді дамытпасаң, сол тоқтаған жеріңде қалып қоясың.
– Бала Жалғастың балалық шақтағы таудай армандары орындалып келе ме?
– Әлбетте, армандарым орындалып жатыр. Балалық шақта адам көп нәрсені армандайды екен. Мысалы, біреу әдемі ән айтса, мықты күш сынасса, бір киноны көріп алып, тергеуші болсам деп еліктеген кездер де болды. Бірақ, мен сөзімнің басында айтқанымдай, әке-шешем ауылдың зиялы, мәдениетті, өнерсүйер адамдары болғаннан кейін менің басқа саланы меңгеруім мүмкін емес еді. Сондықтан, өнер менің жан серігіме айналды.
– Отбасыңыз туралы бірер сөз айтсаңыз. Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма? Осы өнерді таңдаған қазіргі жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз?
– Аллаға шүкір! Әрине, тұңғыш ұлым, атасының баласы Жансұлтан Қонысбай осы театрда актер болып еңбек етеді. Өзіммен бірге гастрольдерге шығып, қойылымдарда өнерін көрсетіп жүрген әріптес десем болады. Сосын «Ұят болмасындағы» Мағжан Асау-
бай ол менің балам болып ойнаған. Ол да осы өнерде, баламмен үзеңгілес. Жалпы, ұлым осы өнерді таңдағанда қарсы болмадым, қайта қолдау көрсеттім. Актерлік өнердің жолы оңай емес. Оны шынайы сезіне білу керек. Мен өзім өнер жолына келгенде көп қиянат көрген жоқпын. Қайта, қазақ өнеріне еңбегі сіңген алдыңғы толқын аға-апаларымыздың тәлімін алып, тәрбиесін көріп өстім. Жалпы, Әуезов театрының сахнасында ойнау, сол жерде қызмет атқарудың өзі бір жағынан үлкен бақыт болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті арқалап жүрген азаматтардың бірі екенімді мақтан тұтамын.
– Өнер жолын таңдаған қазіргі жастарға не айтар едіңіз?
– Енді қазіргі осы өнер жолын таңдаған жастарға айтарым, жалпы, бұл салаға кездейсоқ келу деген болмайды. Олар қайткен күнде де өздерінің жүрек түкпіріндегі сырлы әлемімен іштей ұғыныса отырып, осы жолды таңдағандар. Бір пайыз талант болса, қалғаны түгел еңбекпен келетінін ұққандары жөн. Қазір байқасаңыз, көптеген жастар сананы тұрмыс билеген заманның ығымен, ақша табудың жолына түсіп кетеді. Бірақ, оларды да кінәлауға болмайды. Егер еңбектенсе, қай жерде де табыс бар. Әкем айтатын, «Балам бір жерде қызмет ет. Сонда өз еңбегіңмен тапқан наныңның дәмін сезіне білесің» деп. Сол, сияқты айлығымыз көбейсе қуанамыз, азына қанағат қыламыз.
Міне, қазір, бір ұжымда, бір үйдің баласындай қызмет атқарып жатырмыз. Кейде ойлаймын, егер театрдан кетіп қалсам, өмірім қалай болар екен, – деп. Әрине, қос қолға бір күрек қайдан да табылар. Бірақ, мен өзімді театрдан басқа жерде елестете алмаймын. Мен өмірімді осы киелі сахнаға, құдіретті өнерге арнадым. Сахнада сомдаған кейіпкерлерім арқылы генерал да, әкім де, ақын да, батыр да болдым. Біраз рөлдерді сомдап, қазақтың ұлы тұлғалары Бұқар жырау да болдым, Асан қайғы да болдым. Абайды да сомдадым. Әлі де соларды сомдағым келеді. Актердің ойында қашан да бір арманы болады. Мен мына рөлді ойнасам ғой деген. Жарнамаға түссем, көгілдір экранда жүргізуші болсам дегендей, өнер саласында қандай қызметтер бар соның бәрін бір кісідей атқардым десем артық айтпағаным. Мұның өзі мен үшін үлкен бақыт! Әсіресе, маған бұйырған зор бақыт деп ойлаймын.
– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.