Асхат МАЕМИРОВ: «ТеArt Kөкше» халықаралық театр фестиваль-лабораториясына мүмкіндік туғызған жөн»

Көкшетау қаласы – 2021 жылғы еліміздің мәдени астанасы болып жарияланғаны белгілі. 28  қыркүйек пен 2 қазан аралығында Көкшетау қаласында осымен 3-ші мәрте өтіп жатқан «ТеArt Kөкше» халықаралық театр фестивалінің лабораториясы өтті. Бұл жолғы фестивальге Қазақстанның 11 театрлары келді. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық театры өнер көрсетті. Сонымен бірге Ресей Федерациясы мен Қырғызстанның театрларының ұжымдары да фестивальге қатысты.

Биылғы атаулы жыл шеңберінде Көкшетау қаласы үшін өнердің әрбір саласында жаңашылдықты, шығармашылық ізденістерді ту еткен іс-шараларды өткізуге таптырмас мүмкіндік болды.

Осы лабораторияның алдында ғана 23-28 қыркүйек күндері қазақ сахна өнерінің қасиетті шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының гастролі өткен болатын. Көкшетау қаласының мәдениет сарайы мен орыс драма театрының ғимаратында өткен М.Әуезов театрының гастрольдік қойылымдарына көрерменнің ыстық ықыласын көзбен көріп қайтқан едік. Тіпті, көрермен сұрауы бойынша кейбір қойылымдарды 3-4 мәрте көрсеткеніне де куә болдық.
Ақмола облыстық орыс драма театры (АОРДТ) халықаралық дәрежеде өткізіп жүрген «ТеArt Kөкше» халықаралық театр фестивалі – кәсіби театр мамандарының шығармашылық әлеуетін бір арнада тоғыстыратын мәдени кеңістігіміздегі ерекше жоба.

Осы жобаның өтуіне қолдау жасаған Ақмола облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасына ыстық ықыласымызды білдіргіміз келеді. Ал, фестивальдің тууына себепкер болған, республикамыздағы сахнагер жастарға ұйытқы болып жүрген, еліміздің театр саласындағы кәсіби маман, білікті театртанушы-менеджер Бейбіт Салауатұлына алғыс сезіміміз мол.

Бейбут Салават ұсынысын қабылдап, биылғы фестиваль-лаборатория жұмысына біз де ат салыстық.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған жас артистер мен режиссерлер де, театр басшыларында, әдебиет бөлімінің меңгерушілерінде бір минут та бос уақыт болмады.

Театр менеджменті бойынша – ГИТИС доценті Игорь Овчинников, «Сахна пластикасы» бойынша ГИТИС педагогы Рустам Миннибаев, «Сахна тілі» бойынша Б.В.Щукин атындағы театр институты мен МХАТ-студиясының аға оқытушысы Дмитрий Кошмин, «Практикалық режиссура» бойынша «Арт и Шок» театрының көркемдік жетекшісі Галина Пьянова, Қуыршақ театр өнері бойынша – Қазақұлттық өнер университетінің профессоры Серік Мақұлбеков, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері Бекболат Парманов мастер-кластар өткізсе, сонымен бірге «Заңнама, менеджмент және маркетинг және театр саласындағы технологиялар» бойынша «Арт и Шок» театрының директоры Анастасия Тарасова, М.Горький театрының директоры Айболат Сексенбаев, Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова, Теміртау жас көрермен театры директорының орынбасары Павел Авдюковтар дәрістер өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Фестиваль-лаборатория барысында Ақмола облыстық орыс драма театрының 45-ші маусымының ашылуына қатысып, Н.В.Гогольдің «Өлі жандар» поэмасының желісі бойынша сахналанға «Чичиков» спектаклі мен «26-шы нүкте» деректі трагедиясын (екі қойылымның да режиссері: Шамиль Дыйканбаев, Қырғызстан), А.Плотонтың «Река Потудань» спектаклін (режиссері – Баатр Колаев, Калмыкия) көрдік. Фестиваль-лаборатория басталардың алдында театрдың тағы бір эксперименттік сахнасы – «Art-Пространство» британдық танымал драматург Мартин Макдонахтың «Сиротливый Запад» қойылымымен ашылды.

Ақмола облыстық орыс драма театрын халықаралық деңгейдегі шығармашылық ізденістер мен жаңашылдықтың кәсіби ордасына айналдырған директор Бейбіт Салауатұлы Бақтыгереевтің жасампаз істеріне тәнті болдық.

Өнердің дамуы мен түрленуі екі түрлі үрдіске байланысты жасалатынын білеміз. Біріншісі, дәстүрлі-нормативті қорғау, өнердегі дәстүр сабақтастығын сақтау, мәдени мұраларды қызғыштай қорып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру. Екіншісі, экспериментальды-ізденіс үрдістері. Бұл бағытқа негізінен жаңашылдық, заманауи тәжірибелік ізденістер тән.

Міне, «ТеArt Kөкше» халықаралық театр фестиваль-лабораториясы – сол тәжірибелік ізденістерді арқау еткен, әсіресе, республикамыздың әр аймағындағы театрларды еңбек етіп жүрген жастарымыздың тыныс-тіршілігін тануға, олардың теориялық және практикалық тұрғыда біліктілігін арттыруға үлес қосты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова фестиваль-лабораторияға қатыстушылармен кездесіп, театр директорларымен арнайы басқосу өткізіп, өзекті мәселелерді ортаға салып, сараптады.

Лабораторияның қорытындысында Г.Пьянова «Практикалық режиссура» бойынша қатысушылардың 4 күн ішінде тудырған перфоманс-қойылымын тамашаладық. Жас режиссерлерміз Қазақстанның театр режиссурасын авангардтық бағытта дамытып, эксперименттік-лабораториялық жұмыс жасаудың заманауи үлгісін жасай білетіндігіне куә болдық.
«Актер өнері» бойынша біздің мастер-класс қатысушылары «Актер энергиясы» бойынша тренингтер мен А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасы бойынша этюдтер мен композициялар көрсеттік.

Қорыта айтарым, теориялық және практикалық тұрғыда лабораториялық жұмыстар жүргізе отырып, зерделеу мен сараптау нәтижесінде, режиссура мен актерлік өнердегі жас буын өкілдері өздерінің қойылымдары арқылы (кейбірі дебюттік спектакльдер) жаңашылдық бағыттағы көркемдік ізденістерін мәлімдеп отыратынына сеніміміз зор.

Алдағы уақытта да «ТеArt Kөкше» халықаралық театр фестиваль-лабораториясы секілді жобалар арқылы, еліміздегі жас актерлер мен режиссерлерге, драматургтерге небір заманауи көркемдік құралдар мен әдістер негізінде өздерінің көркемдік принциптерін дәлелдей алуға мүмкіндік туғызып отыруымыз керек.

Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық драма театры фестивальге Дон Нигроның «Дикие истории 16+» спектаклімен келді. Театрдың директоры тәуелсіз Тарлан сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және осы спектакльдің қоюшы режиссері Гүлсина Мерғалиева бастаған өнер ұжымы ең әуелі көрермендердің және фестиваль қазылар алқасының ықыласына бөленді.

Халықаралық театр фестивалінің ұстазы, PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат МАЕМИРОВ

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар