Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сенім арт маған, туған ел! - АРҚА АЖАРЫ

Сенім арт маған, туған ел!

Шоқтай екшеліп, ұлы да ізгі мұрат жолында топтасып, жұдырықтай жұмылған жалынды жастардың үлкен күш екендігі белгілі. Содан да болар, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы облыстық жастар-ресурстық орталығымен бірлесіп, жастар форумын өткізді.

«Жас келсе – еске» дейді халқымыз.
Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан, өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде атап көрсеткен болатын. Бүгінгі жастар барынша білімді болып, өркениетті елдердің өрісін аңдап, жасампаз жаңалықтарды жас жанына сіңіріп, алға ұмтылулары керек.
Форумға ел ішіндегі игілікті істерге ұйытқы болып жүрген жастар қозғалысының жетекшілері, ел шетіне жаман тұмаудың жан тітірентер сұрапыл хабары жеткенде бастарын бәйгеге тігіп, небір толымды шаруаларды атқарған еріктілер ұйымдарының өкілдері, алдарынан жұмыс үркіп отыратын, тепкен тасы өрге домалап тұрған жас кәсіпкерлер мен тәуелсіздіктің құрдастары қатысты.
Алдымен сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдірахманов ел үміт артып отырған жастардың тәуелсіздік жылдары атқарған толымды ісін тарқатып айтып берді. Алдағы асқаралы міндет жүгі сараланды.
–Бүгінгі таңда жастардың мәселелері де аз емес. Айталық, жоғары оқу орнының студенттері білім берудің офлайн жүйесіне көшкен кезде бірқатар өңірлерде жатақхана жетіспей, қиындық көруде, – деді «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ілияс Түстікбаев, – жатақхана бөлмелеріне әлеуметтік қашықтықты сақтап орналасу тәртібіне байланысты орынның азайып қалуы себепті зәрулік туындап отыр. Осы орайда, біз оқу орындарының басшыларына қаладағы қонақ үй иелерімен және пәтерлерін жалға берушілермен келісім жасасып, орналастыру жағын қарастырудамыз. Көкшетаудан аса көп арыз-шағым түсіп жатқан жоқ. Жалпы студенттер белсенді болулары керек. Олар білім беру саласының тыныс-тіршілігіне өздері араласып, қозғаушы күш болып, стипендия тағайындау мен оқу гранттарын бөлуге қатысып отырса, барлық мәселе әділ шешілетіндігіне күмән жоқ.
Жастардың бойындағы жастық жігердің, қиын кезеңде ел иығына түскен салмақты бірлесе көтеріп, жалпақ жұрттың бірлігін нығайтып, игілікті істерге ұйытқы болып, аянбай ат салысатындығын көз көріп жүр. Пандемия басталғалы облыс жастары жалғызбасты, егде адамдарды, көп балалы отбасыларын қамқорлықтарына алып, келелі шаруалар атқарды. Емханаға бекітілген созылмалы сырқаты бар адамдарға дәрі-дәрмектерін жеткізіп берді. Қарға адым жер мұң болып, қол қысқарғанда азық-түлік себеттерін дайындап, жан жылуын төкті. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен бірге жылы киімдер жинасты. Қақаған қыста солтүстіктің сірескен қарынан аулаларды тазартып, отын-көмірлерін үйіп беруге қол ұшын берді. Осылайша жанашырлығы мол жастар қам көңілді қариялардың қиындықтың құрсауында жалғыз қалып қоймайтынын аңғартып, ет жүректерін елжіретті.
Кәсіпкер жастар өз алдына тырбанып, бойларындағы білім мен білікті, қажыр мен қайратты жұмылдырып, ел игілігін молайтуға атсалысуда. Олар өздерінің қарақан бастарының қамы үшін емес, замандастарының да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға мол үлес қосуда. Айталық, бір кәсіпкер өз ісін бастаса, соның маңайында топтасқан өзгелердің жұмысқа орналасуы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.
–Біз өзіміздің қолымыздан іс келетінін көрсетуіміз керек, – дейді тәуелсіздік құрдасы, жаттықтырушы Мирзада Сейітқали, – ол үшін біздің замандастарымыз салауатты өмір салтын берік ұстап, спортты серік еткендері ләзім. Тепсе темір үзетін дені сау ұрпақ жалқының ғана жетістігі емес, қоғамның байлығы.
Форумға қатысушылар сұрақ-жауап түріндегі сұхбат алаңында өздерін толғандырып жүрген келелі мәселелерді кеңінен талқылап, ой талқысын өрбітті. Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы, Абай Мырзахметов атындағы унивеситеттермен студенттер мәселесі екшелген меморандумға қол қойылды. Жастардың мәселесін көксеген жиын «Jas sarbaz» лагерінде жалғасты. Тамылжыған табиғат аясында жас көкіректерден ұшқындаған алау оты жалпақ елдің жас буынын қамтып, арман отын жандырып тұрғандай әдемі әсер қалды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар