Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
COVID-19 пандемиясымен күрес барысында медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мәселелері - АРҚА АЖАРЫ

COVID-19 пандемиясымен күрес барысында медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мәселелері

Көкшетауда «AQNİET» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының бастамасымен «COVID-19. Қолайлы жұмыс орнын қамтамасыз ету, эпидемиологиялық талаптарды сақтау, әлеуметтік қорғау – қызметкерлердің денсаулығының қауіпсіздігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Бұл ауқымды шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары мен дәрігерлері, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, денсаулық сақтау басқармасының басшылары, сондай-ақ, Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Германияның ғалымдары қатысты.
Конференция ақпараттар алмасу, денсаулық сақтау саласы бойынша озық отандық және халықаралық тәжірибелерді үйрену және игеру, COVID-19 пандемиясымен күрес кезеңінде және күнделікті жұмыста денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қорғау және әлеуметтік қолдау мақсатын көздеді.
Осы өзекті мәселелерді талқылаған халықаралық конференцияның жұмысы жемісті болды. Сондықтан да, біз бүгін оның негізгі қатысушыларының әсерлері мен пікірлерін жариялап отырмыз.

Бақытжан Арынұлы Тәжібай, медицина ғылымдарының кандидаты – «AQNIET» Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы, конфликтология магистрі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қоғамдық кеңесінің, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтары халықаралық конфедерациясы атқарушы комитетінің мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы.

– «COVID-19». Қолайлы еңбек жағдайлары, эпидемияға қарсы режимді сақтау, әлеуметтік қорғау – персоналдың денсаулығының қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында өтіп жатқан бұл конференция отандық және басқа елдердің ғалымдары үшін пікір мен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Мен моральдық көмек көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен оның командасына алғысымды білдіремін. Дәрігерлердің денсаулығын қорғау мен оларды әлеуметтік қолдау әлі де Үкімет, орталық билік, ғылым және жұмыс берушілер тарапынан ерекше назар аударуды, тиісті мәселелерді шешуді талап етеді. Бұл мәселенің өзектілігін ескере отырып, біздің Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының Ақмола филиалы осы конференцияны өткізу бастамасын көтерді. Кәсіподақ қозғалысында бұл тақырып алғаш рет ғылыми-практикалық мәртебемен халықаралық деңгейге көтерілгенін атап өткім келеді. Бүгінде Ақмола филиалы басқа да бірқатар жобалардың авторы және орындаушысы болып табылады.
Мысалы: «Ақмола облысы денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері» құрметті атағын бекіту және оның төсбелгісі мен материалдық ынталандыруын ойластыру пандемияға қарсы күрес кезінде мезгілсіз қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу үшін Стелла орнату мен медициналық аллеяны қалпына келтіру. Талқылауға таңдап алынған тақырып өзектілігімен қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды. Оған 3 жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, 2 ғылыми орталықтың ғалымдары, жергілікті мамандар қатысты.
Ресей, Украина, Беларусь республикалары, Молдова, Қырғызстан ғалымдарының бағдарламасы бойынша жасалған тақырыптық баяндамалар үлкен қызығушылық тудырды. Конференцияның маңыздылығы даусыз, тақырып өте өзекті. Осының өзі-ақ жергілікті Ақмола филиалы үлкен жұмыс атқарғанын көрсетеді.

Қасымжан Қалижанұлы Тәшметов, «AQNIET» Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақмола филиалының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-эпидемиолог, санитарлық дәрігер, жоғары санатты денсаулық сақтау менеджері:

–Конференция қарсаңында мен Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың қабылдауында болдым және «AQNIET» Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының Ақмола филиалы қызметінің мүдделерін қорғауға бағытталған қызметі туралы ақпарат бердім. Оның ішінде жаңа жобаларды іске асыру бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп бекітілген «Ақмола облысы денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері» құрметті атағын беру, медициналық қызметкерлер аллеясын қалпына келтіру, коронавирустық инфекциямен күресте пандемия кезінде мезгілсіз қайтыс болған дәрігерлерге арналған ескерткіш стелланы орнату және медицина қызметкерлерінің денсаулық сақтау проблемаларына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізу туралы әңгіме болды. Облыс әкімі бұл ниетімізге қолдау білдірді.
Бір жылдан астам уақыт бойы адамзат эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін күресуде, барлық күштер мен құралдар, ғылым мен тәжірибенің барлық әлеуеті, әсіресе, денсаулық сақтау саласы осы мақсаттарға бағытталған.
Барлық деңгейдегі коронавирустық пандемия кезіндегі ғылым мен практика бірнеше рет талқыланды. Олар диагностикалау, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және эпидемияға қарсы режимді ұйымдастыру. Бұл арада медицина қызметкерлерінің денсаулығын қорғау мәселелері әлі де өзекті болып қалып отыр. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге біздің филиал «AQNIET» кәсіподағы филиалының атқару комитетімен бүгінгі конференцияны өткізу туралы шешім қабылдады.
Конференцияның басты мақсаты – COVID-19 пандемиясымен күрес кезінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауда алдыңғы қатарлы отандық және халықаралық тәжірибені зерделеу мен енгізу үшін ақпарат алмасу, сондай-ақ, олардың күнделікті жұмысына әлеуметтік қолдау көрсету.
Тәжірибе мен 2020 жылғы COVID-19 науқастарына стационарлық көмек көрсетуді ұйымдастыруға өз қатысуым көрсеткеніндей, медициналық қызметкерлер әскери-соғыс уақытындағыдай жұмыс істеді. Сөйте жүріп, олар өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді, бұл алғаш инфекцияны кездестірген кезде ерекше алаңдаушылық туғызды, яғни, қайталама инфекцияның қаупі бары сезілді. Тарқата айтар болсақ, бұл – физикалық және психоэмоционалды жағдай. Кадр жетіспеушілігіне байланысты ауыр физикалық жүктеме болды, алғашқы уақытта ауысымның 12-24 сағатқа дейін ұзақтығы анық байқалды. Осыны сипаттау үшін бірінші кезекте, нормативтік құжаттардың болмауына байланысты әлеуметтік сенімсіздікке алаңдаушылық, эмоционалды күйзеліс, науқастардың өлімімен байланысты шаршаңқылық, қызыл аймақта қалу және қала сыртында карантинге жату арқылы отбасы мен достары туралы уайымдауды айтсақ та жеткілікті.
Медициналық ғылым мен практиканың қазіргі даму кезеңінде медбикенің рөлі айтарлықтай өсті. Медбикелер медициналық қызметкерлердің 70 пайызын құрайды және науқастарға тікелей көмек көрсетудің 80 пайыз көлемін қамтамасыз етеді. Сәйкесінше орташа медицина қызметкерлерінің COVID-19 ғана емес, сонымен қатар, басқа инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары. Өткен тәжірибеге сүйене отырып, біз бүгін пікір алмасамыз және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету бойынша жаңа ұсыныстар болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, біз конференцияға қатысқандардың барлығына алғыс айтамыз және оның жұмысына сәттілік тілейміз.

Нариман Ермекұлы Сыздықов, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Сіздерді бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияда қарсы алғанымызға қуаныштымын. Әлемдегі коронавирустық инфекцияның таралуы өздеріңізге белгілі. Сондықтан, бұл кездесуді қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты тікелей қатысу түрінде және онлайн режимінде де өткізуге тура келді. Бұл проблеманың жалпы адамзат үшін маңыздылығын ескере отырып, конференцияға біздің республиканың жетекші ғалымдары, тәжірибелі денсаулық сақтау өкілдері де қатысуда. Басқа республикалардың өкілдері талқылауға қатысқан конференцияның географиясында шекара жоқ. Медициналық қызметкерлер үшін қазіргі жағдайдағы дәрігерлер мәселесі бізді географияға және тұрғылықты жеріне қарамастан тығыз біріктіре түседі.
Коронавирустық пандемия біздің жоспарларға түзетулер енгізді. Ауруға шалдығудың бірнеше толқыны өтті, эпидемияға қарсы шараларды диагностикалауда, емдеуде, алдын алуда және ұйымдастыруда үлкен тәжірибе мен әзірлемелер жинақталды және біздің ойымызша, бүгінде қатаң шаралар қабылдау үшін ақпарат алмасу өте маңызды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау қызметкерлерінің денсаулығын қорғау, оларға әлеуметтік қолдау таныту, жұмыс орнындағы жағымсыз факторларды төмендету, уақытша еңбекке жарамсыздық деңгейі, кәсіптік тәуекелдерді төмендету, кәсіптік патология мен мүгедектіктің алдын алу бойынша шараларды ұйымдастыру мәселелері өзекті болып қала береді. Бұл мәселелер кәсіптік тәуекелдерді төмендету үшін қосымша шаралар қарастыруды да қажет етеді.

Нұрхан Олжабайұлы Сәдуақасов, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

–«COVID-19». Қолайлы еңбек жағдайлары, эпидемияға қарсы режимді сақтау, әлеуметтік қорғау – персоналдың денсаулығының қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында өтіп жатқан бүгінгі конференция өте өзекті. Ол денсаулық сақтау жүйесі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің әлеуетін нығайтуға бағытталған. Денсаулықты жақсарту және аурудың алдын алу мәселелерін қамтиды. Конференцияны ұйымдастырушыларға, әсіресе, осы бастаманың иесі «AQNİET» Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақмола филиалының басшысы Қасымжан Қалижанұлы Тәшметовке үлкен рахмет!

Андрей Михайлович Дмитровский, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Масғұт Айқымбаев атындағы ерекше қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері:

Жаңа коронавирустық инфекция – COVID-19 пандемиясының өзекті мәселелеріне арналған конференция заманауи өте өзекті тақырыпқа арналып отыр. Науқастармен тікелей байланыста болатын медициналық қызметкерлер бірінші кезекте тәуекел тобына жатады. Сондықтан, эпидемияға қарсы негізгі шара – медициналық қызметкерлерді қорғау маңызды. Бұл тұрғыда қауіпсіздіктің ең маңызды бағыты клиникалық биологиялық қауіпсіздік, инфекциялық бақылау болып табылады. Оның әр түрлі аспектілері осы конференцияда талқыланды.
Конференцияға қатысуға шақырғаны үшін және осы жерде менің пікіріме құлақ асып, сөйлеуге мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға үлкен рахмет айтамын.

Серік Ескендірұлы Ибраев, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина және техникалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі), Ұлттық ғылыми кеңестің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сапа жөніндегі бірлескен комиссиясының мүшесі, «Alanda» клиникасының директоры, Нұр-Сұлтан қаласы.

–Конференция тек медицина мамандарының ғана емес, саясаткерлер мен бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударған, біздің заманымыздың өзекті тақырыбына арналған маңызды шара болды. COVID-19 пандемиясы кезеңінде әлем үлкен экономикалық және адами шығынға ұшырады. Денсаулық сақтау саласы айтарлықтай материалдық және адам ресурстарынан айырылды. Сонымен қатар, медицина бұл қауіпті аурумен күресуде белгілі бір ғылыми және практикалық тәжірибеге ие болды. Алғашқы осындай оң тәжірибе дәл осыдан бір жыл бұрын Көкшетауда талқыланды, ол инфекцияның тікелей ошағында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға үлгі болды. Онда да медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Тәшметовтың жеке бастамасы бойынша осындай жиын өтіп еді. Біз бүгін тағы да оның бастамасымен облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге маңызды мәселелер мен шешілмеген мәселелерді талқылау үшін жиналдық. Ғылыми қызметкерлердің қатысушыларының деңгейі бойынша бұл конференцияның мәртебесі халықаралық деңгейге сәйкес келеді.
Коронавирустық инфекциямен күресте қол жеткізілген табыстар Ақмола облыстық әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы, кәсіподақ және басқа да қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады. Ковидтік инфекцияның алдын алу, диагностикалау және емдеуде көптеген мәселелер бар. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сапа жөніндегі бірлескен комиссиясының отырыстарында тек 9 айға арналған клиникалық хаттамалар бірнеше рет талқыланып, қайта мақұлданды. Бұл конференция бірқатар өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Конференцияға қатысушыларға жемісті және шығармашылық табыс тілеймін.

Кенжебек Шайсұлтанұлы Шайсұлтанов, медицина ғылымдарының докторы, Украина көлік медицинасы ғылыми-зерттеу институтының құрметті профессоры (Одесса), денсаулық сақтау ұйымдастырушысы, жоғары санатты санитарлық дәрігер, «Халықтар достығы» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының құрметті теміржолшысы, «Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, Нұр-Сұлтан қаласы.

–Қазақстан, жақын және алыс шетел ғалымдарының назарына өте маңызды мәселе ұсынылды, күшті дәрі-дәрмексіз сапалы медициналық көмек көрсету мен адамдардың өмірін сақтау мүмкін еместігін бәрі біледі. Яғни, біз ақ халатты абзал жандардың өмірі мен денсаулығын да бірінші кезекте қорғауымыз керек. Біздің жетістіктеріміз туралы көп айтылады, біз жеткен жеңістерді ешкім тартып ала алмайды. Бірақ, бүгінде бізде медициналық қызметкерлердің денсаулығын сақтауға байланысты мәселелер аз емес. Олардың көпшілігі билікке, заңдардың орындалу сапасына және нормативтік құжаттардың сапасына тәуелді. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар өте көп, бүгінгі конференция бар мәселелерді шешуге бағытталған байсалды қадам деп үміттенемін.
Мен бүгін туған жеріміз Көкшетауда, осындай әдемі «Болашақ» сарайында конференцияға қатысып отырғанымызға, оның жаңа болашақ сарайы деген атының өзі символдық мәнге ие болғанына қуаныштымын. Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа жерлестеріміздің игілігіне арналған маңызды конференцияның өтуін қолдағаны үшін үлкен рахмет айтамын.
Конференцияны ұйымдастырушылар Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермекұлы Сыздықовқа, «AQNİET» Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағы Ақмола филиалының төрағасы Қасымжан Қалижанұлы Тәшметовке, Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының директоры Нұрлан Қайырұлы Жаровқа алғысым шексіз. Өйткені, олар медициналық мәселелерді мақсатты түрде шешу мәселелеріне алаңдаушылық танытып, игі іске бастамашыл болды. Барша конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Василий Александрович Цуркан, профессор, медицина ғылымдарының докторы, республикалық психиатриялық аурухана, Бельцы, Молдова Республикасы.

–Мен осы конференцияға шақыруды қуанышпен қабылдадым. COVID-19 инфекциясы жағдайында барлық медицина қызметкерлерінің жұмысындағы түсініксіз жайттар туралы мәселе көтере отырып, керемет жұмыс жасадыңыздар.
Талқылау жүргізіп, құнды тәжірибе алмасу өте қызықты болатынына сенімдімін. Менің баяндамамның тақырыбы – «Молдова Республикасындағы COVID-19 инфекциясының эпидемиялық процесінің дамуының кейбір эпидемиологиялық аспектілері». Құрметті әріптестер, сіздермен желіде болса да баяндамаларыңызды қуана тыңдап, мен де өз пікірімді білдіремін. Себебі, дәрігерлер мен медбикелердің денсаулығын қорғау мәселесі шұғыл жаңа шешімдерді қажет етеді.

Айман Аяшқызы Мусина, медицина ғылымдарының докторы, «Астана медициналық университеті» ҰАҚ профессоры, қоғамдық денсаулық сақтау және эпидемиология кафедрасының меңгерушісі.
Нұр-Сұлтан қаласы.

–Конференция тақырыбы медициналық кадрлар даярлайтын ұйымдар үшін өте өзекті. «Астана медицина университеті» КЕАҚ-тың миссиясы – қауіпсіздік техникасы мен санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қоса алғанда, қазіргі таңда сұранысқа ие біліктілігі жоғары кадрларды даярлап шығару. Форумда біз медициналық қызметкерлердің кәсіптік тәуекелдерін бағалау, профилактикалық шаралар мен еңбекті қорғау бойынша универси-
тетте жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін ұсындық. Мұндай шараларға қатысу біз үшін маңызды, өйткені, бұл басқосуда COVID-19-бен күресу, эпидемияға қарсы тиімді шаралар, инфекциялық бақылау, биологиялық қауіпсіздік және персоналды қорғау шаралары бойынша түрлі ұйымдардың тәжірибесі ұсынылған. Осындай маңызды шараны қолдағаны үшін облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаев бастаған аймақ басшылығына үлкен рахмет.

Нұрлан Қайырұлы Жаров, Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының директоры, денсаулық сақтау менеджері, жоғары санатты дәрігер-хирург, халықаралық қоғамдық марапат – «Алтын скальпель» орденінің иегері:

–Біздің көп салалы аурухана базасында жұқпалы аурулар ауруханасын орналастыру COVID-19 пандемиясы бар науқастарды емдеуде көпсалалы әдісті енгізуге мүмкіндік берді. COVID-19 дельта штаммы тіркелген кезде ауыр науқастардың үлесі 24 пайызға өсті. Стационарда өлім-жітімнің жоғары болуының себептері: қатар жүретін екі немесе одан да көп аурулардың болуы, қариялар мен өте қарт адамдар, ауруханадағы ауыр науқастардың үлестік салмағы, медициналық көмекке кеш жүгіну, COVID-19 дельта штаммына жататын аурудың неғұрлым тез сипат алуы. Вакцинация – бұл COVID-19 пандемиясының алдын алудың тиімді әдісі және ол аурудың ауыр түрі мен өлім ықтималдығын төмендетеді. Оған дәлел – емделгендердің 10 пайызы вакцинацияланған науқастардың үлесінде, ал, вакцинацияланған науқастар арасындағы өлім-жітім нөл пайыз. Жалпы, жұмысты дұрыс ұйымдастыру, инфекциялық және эпидемияға қарсы қауіпсіздік шараларын сақтау, толыққанды материалдық-техникалық, дәрілік және кадрлық қамтамасыз ету, қызметкерлерді вакцинациялау медициналық қызметкерлер арасында аурушаңдықты төмендетуге мүмкіндік береді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ, «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар