Дәрігерлер халықпен жүздесіп, ақыл-кеңестерін берді

«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігі туралы кеңес беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу тұрғысында және коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алу мәселелері бойынша «Ашық есік күнін» өткізді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде Ақмола облысы «Қызыл аймақта». Өйткені, коронавирустық инфекцияның таралуы бо-йынша эпидемиологиялық жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр.

Ағымдағы жылдың 21 қазанындағы жағдай бойынша облыста COVID-19-дан 44133 жағдай зертханалық жолмен расталып тіркелген. Оның 35450-і симптомды болса, 8683-і вирусты тасымалдаушылар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша коронавирустық пандемияның екінші жылы бірінші жылмен салыстырғанда өлім-жітімді көбірек әкелгені шындық. Сондықтан, ДДҰ-ның мәліметінше, адам өмірін сақтап қалудың бірден-бір жолы – вакцинация алу мен санитарлық шараларды сақтау екені даусыз. Сонымен бірге, ақпараттық жұмыста ерікті түрде вакцина алуға ерекше назар аударылады, вакцинация пандемияға дейін болған өмір салтына оралуға көмектеседі.

Қазіргі таңда облыстың кәсіпорындарында 20492 жұмысшы вакцинацияланған. Тұрғындарды екпемен қамтуға барлығы 570-ке жуық медицина қызметкері жұмылдырылған.
Иммундау нәтижелері «Вакцинация» ақпараттық жүйесінде жазылады, вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін азаматтың иммундық жағдайы туралы ақпарат «eGovmobile» қосымшасында көрсетіледі. Сонымен қатар, вакцинациялауға 11 жылжымалы медициналық кешен жұмылдырылған. Олар Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандарында орналасқан. Соған қарамастан, көрші елдерде және біздің елде аурушаңдықтың артуы вакцинацияланған адамдар санының жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Коронавирусқа ең осал топтар, атап айтқанда, зейнеткерлер мен созылмалы аурулары бар адамдардың арасында вакцинация алу деңгейінің төмендеуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Тәжірибеде көрсеткеніндей, бұл қауіпті індеттің халықтың әлсіз топтары мен түрлі аурулары бар қарттар мен «D» реестрінде есепте тұрғандар үшін қаупі мол. Міне, осындай қорқыныштан арылу және барлық сұрақтарға жауап алу үшін медицина саласындағы жетекші мамандар халық алдына шығып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондықтан, бұл жиын емханаға бара алмайтындар, жұмыс уақытында немесе демалыс күндері кеңес алғысы келетіндер үшін пайдалы болғандай. Аталған іс-шараға пульмонолог Наталья Солонина, эндокринолог Нұрила Кенжетаева, онколог Болат Әбішев, кардиолог Сергей Зиборов, акушер-гинеколог Жұлдыз Алпіләм, педиатр Гүлнәр Балташева, невропатолог Макшарип Мартазанов, жұқпалы аурулар жөнінен балалар дәрігері Виктория Пичкунова сияқты мамандар қатысты. Олар хабарлама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді және кейбірімен бетпе-бет сөйлесіп, ауруы-мен жақынырақ танысты, ем-шара жасау үшін қабылдауларына жазып алып отырды. Дәрігерлер түрлі аурулармен қалай күресу керектігін, науқастанып қалғанда қандай ем қолдану туралы және қандай мамандарға хабарласып, қандай сынамалар тапсыру қажеттігі жайлы егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, науқастар өзіне қойылған диагнозына күмән келтірген жағдайда сырқаты бойынша қай дәрігерге хабарласуы керектігі туралы сұрақтарға жауап алды. Диагностикалық зерттеулер мен зертханалық сынамалардың нәтижелері туралы да дәрігерлер кәсіби пікірлерімен бөлісті. Осы орайда, екпе алғысы келетіндер үшін вакциналау пункті жұмыс істеп жатқанын және қауіпті індеттен арылудың бірден-бір жолы екпе алу екені баса айтылды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар