Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова мен «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы басшысының міндетін атқарушы Аягөз Алдабергенова «Qabilet» қызметі – 10-11 жас аралығындағы балалардың қабілеттерін анықтаудың ұлттық жүйесі» тақырыбында брифинг өткізді.
2019 жылғы 27 қараша күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің жастарымен кездесу барысында талантты оқушыларды және жастарды қолдау мен анықтау бойынша «Ел үміті» бастамасын ұсынған болатын. Сөйтіп, 2019 жылы Елбасы Академиясы құрылды, ол «Ел үміті» бастамаларын жүзеге асырудың негізгі операторы болып табылады. Бұл жоба елдің белсенді жастарын интеллектуалдық және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрді білуге баулу жолына бастайды.
«Ел үмiтi» бастамасының мақсаты – ауыл жастары үшін әлеуметтік жағдайлар жүйесін құру, дарынды студенттерді анықтау және қолдау, ауылдық жерлерден келген жас-тарды шығармашылықпен, өмір сүруге ұмтылатын белсенді азамат болуға ынталандыру. Аталмыш бастама аясында Нұрсұлтан Назарбаев қоры Қазақстан Республикасының Үкіметімен, облыстық әкімдіктермен, қоғамдық бірлестіктермен, жеке білім беру ұйымдарымен, бизнес қауымдастығымен, сондай-ақ, барлық мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтастықта бірнеше білім беру жобаларын жүзеге асыруда. Бұл ауылдық мектеп оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы, «Елбасы медалі» бағдарламасы, «Бірге оқу» онлайн мектебі және «Qabilet» қызметі.
2020 жылы Ақмола облысынан «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысуға 1032 өтінім келіп түсті және 259 қатысушы тіркелді. «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушыларды марапаттау жөніндегі комиссия отырысының нәтижелері бойынша Ақмола облысынан барған 21 қатысушы қола медальмен марапатталды. Ағымдағы жылы 1674 өтінім берілді және 574 қатысушы тіркеліп, олар 101 қола және 1 күміс медальдарымен марапатталды.
«Qabilet» қызметі – дарынды балалар мен талантты жастардың интеллектуалдық және жеке әлеуетін іске асыру үшін сүйемелдеу мен қолдауды қамтамасыз ететін 10-11 жас аралығындағы балалардың қабілеттерін анықтау жүйесі. Оны Нұрсұлтан Назарбаев қоры, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры жүзеге асырады.
–Осы бастама аясында «Qabilet» қызметі ағымдағы жылдың қарашасынан бастап бүкіл ел бойынша іске қосылды. Ол оқушылар мен олардың ата-аналарына баланың қабілеттілік деңгейін дұрыс бағалауға және одан әрі оқуға, оның талантын дамытуға ұсыныстар алуға тең мүмкіндіктер береді.
Диагностика мен қабілеттерді анықтау «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталықтарының базасында және Елбасы Академиясының qabilet.elbasyacademy.kz Qabilet онлайн-платформасында тегін жүзеге асырылады.
Тестілеу қорытындысы бойынша қатысушы қабілеттер нәтижелеріне талдау және сондай-ақ, кеңес берушілік қолдау мен әлеуетін дамытуға арналған ұсынымдар алады. Қызмет кез-келген оқушыға қолжетімді болу үшін тегін ұсынылып, сайтқа кез-келген құрылғылармен кіруге болады. Тестілеуден өту үшін qabilet.elbasyacademy.kz сайтына тіркеліп, жеке кабинетте тестілеуден өтеді. Осы оқу жылында сайтқа тек 10-11 жастағы балалар тіркеліп, тест тапсыра алатынына назар аударылады. Сондай-ақ, ЖСН және өзімен бірге қолданыстағы телефон нөмірі болуы қажет, оған сайтта тіркелгенін растайтын СМС хабарлама келеді.
Қиындықтар туындаған кезде хабарласуға болатын Call орталықтың және чат-кеңесшінің телефоны сайттың төменгі бұрышында көрсетілген. Call орталықтың нөмірі – 8 800 080 48 48. Сағат 9.00-18.00 аралығында күн сайын Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бо-йынша жұмыс істейді, Call орталыққа қоңырау шалу тегін.
Салтанат БӘКІРОВА.