Ауылға қоныс аударып, шаруа қожалығын құрды

2014 жылы Ләззат Әбілдинова жұбайы Самат Жанаевпен бірге өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдайды. Оған Ләззаттың жұмыстан босатылуы себеп болды. Олар ұзақ ойланбастан күйеуінің туған ауылына қоныс аударып, жеке кәсібін ашады. Жинақталған қаражатқа Сабынды ауылынан үй сатып алады, көліктерін сатып, үлкен қора салады да шаруа қожалығын дамытуды бастайды.

–Ләззат Нахымқызы, басында бәрі қалай басталғанын айтыңызшы? Қаладан ауылға көшуді қалай шештіңіздер? Қандай қиындықтар болды?

–Мен қаланың қызымын, ауыл өмірінің қыр-сырын толық біле бермейтінмін. Бірақ, күйеуімнің көмегі мен интернеттегі ақпараттардың арқасында көп нәрсені үйрендім. Керегінде үлкен адамдардан да кеңес сұрадым. Сөйтіп, бірте-бірте сиыр сау-уды, сүт тарту мен май былғауды үйрендім. Алдымен, өзіміз үшін, содан кейін әрине, сату үшін. Біраз уақыттан кейін бизнесті кеңейтуге қаражат қажет болғандықтан, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі «Атамекен» ҰКП бағдарламасының арқасында кәсіпкерлік негіздеріне үйрендім. Жобалық жұмысымды сәтті қорғап, жеке кәсібімді ашып, 2 миллион теңге көлемінде тиімді шарттармен ұзақ мерзімді несие алдым. Бұл қаражатқа біз 7 бас асыл тұқымды мал сатып алып, кәсібімізді дамытуға кірістік. Біз өндірген ет және сүт өнімдері үлкен сұранысқа ие болды, себебі, қазір барлығы табиғи өнімдердің маңыздылығын түсінеді.

Әрине, бастапқыда бұл оңайға соқпады, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен үшін басқа әлем сияқты көрінетін. Мұнда мереке және демалыс күндері болмайды. Дегенмен біз өз ауылымыздың және жалпы еліміздің дамуы-на өз үлесімізді қосып келе жатқанымыз үшін және мал шаруашылығымен айналысқанымыз үшін қуаныштымыз. Өйткені, бұл – халықты тамақпен ғана емес, сонымен бірге, шикізатпен де қамтамасыз етіп келе жатқан ауыл шаруашлығының маңызды саласының бірі.

–Бүгінде қолдарыңыздағы мал саны қанша? Өнімдеріңізді қайда сатасыз?

–Қазіргі уақытта бізде 27 бас бордақылауға қойылған, малды сойып, етін сатамыз, орнына қайтадан мал сатып аламыз, 23 жылқы,
7 сиыр, 100-ге жуық қойымыз бар. Қаз, тауық пен үйректің санын дөп басып айта алмаймын. Өйткені, күнделікті санай бермейміз. Қазір біздің отбасылық «Алға» шаруа қожалығы сүт пен сүт өнімдерін, қымыз, май, қаймақ, сүзбе, айран, құрт, жылқы мен сиыр, қой еті, тауық пен үйрек, жұмыртқа сатады. Барлығы табиғи және экологиялық таза өнім. Біз мұның бәрін қалада және жергілікті жерде сатамыз. Менің тұрақты клиенттерімнің жақсы пікірлерінің арқасында тапсырыстар саны күн сайын өсуде, бизнесіміз жоғары деңгейге көтеріліп, табыс әкеле бастады.

–Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

–Қазір міне, мал бордақылау алаңын салдық. Енді мен 30-50 бас қара мал сиятын ірі тауарлы-сүт фермасын ашқым келеді. Бір мәселеміз бар, бізде жер жоқ. Егер мемлекет, жергілікті атқарушы органдар бізге жер бөлетін болса, біз лизингке техника сатып алып, малымызға шөп шабар едік. Себебі, шөп өте қымбат, оны осыншама малға сатып алу мүмкін емес.

Егер жер мәселесі шешілсе, субсидия алып, асыл тұқымды мал да әкелеміз. Сиыр сауып, өнімдерін өңдеп, тіпті біздің фирмалық жапсырманы да шығаруға болатын еді. Бұл менің болашаққа жоспарларым. Ауылға қоныс аударудың тағы бір артықшылығы, мен қазақша сөйлеуді үйрендім. Білімім жоғары, қаржыгермін. Бұл, әрине, менің жеке ісімде көп көмегін тигізеді. Жалпы табыс пен таза табысты есептеу, кредит пен дебетті шығару дегендей. Оның үстіне өз малымды өзім емдеу үшін ветеринария ісімен айналысып жүрмін. Сонымен қатар, түрлі шараларға қатысамыз, облыс пен ауданда өтетін жәрмеңкелерге барамыз. Жалпы, біздің өнімге деген сұраныс жақсы.

–Әңгімеңізге рахмет. Алда да жұмыстарыңыз табысты болсын!

Сұхбатты жүргізген
Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар