Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бизнеспен айналысқысы, экономиканы дамытуға өз үлесін қосқысы келетін адамдар саны артуда.
Кез-келген адам бизнесті бастамастан бұрын нақты шешімге келуі тиіс. Кәсіпкерлік тек адамның қалауы мен пейілі, ынтасы және талпынысымен шектелмейді, сонымен қоса, ой-сана мен күш-жігерді және бастапқы ақша-қаражатын салуды қажет етеді.
Зеренді ауданының тұрғыны Риза Назымбек. Ол әрқашан іс-шараларды безендіру бойынша өз идеясын жүзеге асыруды көптен армандайтын. Таяуда ол «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізінде оқуын аяқтап, халықты жұмыспен қамту орталығына грант алуға өтінім берген болатын.
Сәтін салғанда, мемлекеттік гранттарды бөлу жөніндегі аудандық комиссияда өзінің бизнес-жоспарын сәтті қорғап, өтеусіз грант алды. Алынған сомаға қажетті жабдықтарды сатып алды. Қазір мерекелік, отбасылық салтанаттарға, фуршет үстелдеріне және кофе брейктерге өтінімдер қабылдайды.
Іс-шараға дейін және одан кейінгі сәт – бұл екі түрлі әлем, себебі, жаңа жиһаз әкелініп, аспалы құрылымдар салынып, қажетті өзгертулер жасалады. Алдағы уақытта, мұндай кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдар саны артса, ивент-бизнестің дамуы да қоғамға зор үлесін қосатыны сөзсіз.
Ризаға жаңа бастаған ісінде зор табыс тілей отырып, өзінің алдына қойған мақсаттарына жетуіне және мемлекетіміздің үздік кәсіпкерлердің бірі атануына тілектеспіз біз де.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ.