Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның 2021 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен келер жылға арналған жоспарлары туралы баяндап берді.
Әкім аудан әлеуеті өткен жылмен салыстырғанда 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс өнімінің (тауарлар, қызметтер) көлемі 1 128,3 миллион теңгені құрап, 2020 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 44,9 пайызға өскенін атап өтті.
Негізінен аудан ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысқандықтан, ауданда осы салаларда үлкен жұмыстар атқарылуда. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 14 380,7 миллион теңгені құрады. Барлық шаруашылық санаттары бойынша тірі салмақпен 817 тонна ет, 7 005,2 тонна сүт өндірілді. Ауданға инвестициялар тарту мәселесі бойынша 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға 3 634,2 миллион теңге көлемінде инвестициялар жұмсалды, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.
–Ауданымызда машина-трактор паркін жаңартып, жаңа техника сатып алуға үлес қосқан серіктестіктерді атап өткім келеді. Олар, «Кеңбидай Астық», «Агрофирма Жер-888», «Ақжол 2030», «Талды», «Ассо», «Құралай МК», «Агрокөбетей» серіктестіктері. Бұлардың ауданның дамуына қосып келе жатқан үлесі зор. Айтып өтетін басты мәселенің бірі ол құрылыс саласы. Аудан орталығында Жангелдин көшесінің бойынан 16 пәтерлік жатақханадан жиырма отбасына арналған баспана әзірленуде. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталған соң, жетім балалар мен көп балалы отбасыларға, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге берілетін болады. Бүгінде ауданда 50-ден астам жетім бала баспана кезегінде тұр. Бүгінде жылу, жарық, су желілері орнатылып, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Баспана Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында желтоқсан айында пайдалануға берілмек, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі ауданның күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Аудандық статистика мәліметі бойынша 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жұмыс істеп тұрған кіші және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 550, оның ішінде кіші кәсіпкерлік 113, жеке кәсіпкерлік 254, шаруа қожалықтар 183.
– Өңір экономикасының дамуы бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды көздейді, – деп атап өтті Берік Жанбаев. –Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өтініш жасағандар саны – 315 адам, соның 279 адамы жұмысқа орналастырылды. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 32 индикатор Жол картасының 97 іс-шарасының ішінен Қорғалжын ауданында 50-і (52 пайыз) орындалды, 28-і орындау сатысында, 19-ы орындау кезегінде тұр.
Қорғалжын ауданы әкімінің брифингі мемлекеттік тілде жүргізілгені қуантарлық жағдай. Тілшілердің тіл мәселесі бойынша қойған сұрақтарына әкімнің: – Біздің ауданда барлығы қазақша сөйлейді, тіпті, орыстарымыздың балалары қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне барады. Бұл өте дұрыс. Себебі, олар Қазақстан деген елде тұрады, сондықтан да ең біріншіден, оның тілін үйрену, сол тілде сөйлеу керек екені оларға парыз болуы тиіс, – деп жауап қайтарды әкім. Көшелерді жарықтандыру, аудандағы көмір, сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өңірлік тілшілердің қойған барлық сұрақтарына әкім таза қазақша тұшымды жауаптар қайтарды.
Салтанат БӘКІРОВА.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.