Ізгілікті саланың жауапкершілігі мол

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, бір топ сала қызметкерлері мен ардагерлеріне марапаттар тапсырды.

Биылғы жылы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің 10 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Бүгінде мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қорғау саласы кең қолдауға ие.

Биыл Көкшетау қаласында мүгедек жандарға қолдау көрсететін «Тең қоғам» орталығы ашылды, мұнда жұмысқа орналастыру бо-йынша жеке даму бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік-мәдени, білім беру іс-шараларын жүргізеді. Аға буынның өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Ақмола облысында үш бірдей ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Олар Көкшетау және Степногорск қалаларында, сондай-ақ, Бурабай ауданында орналасқан. Елбасының жаңа бастамаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында «Қамқорлық» қоры арқылы Щучинск қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығын ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 төсек-орынға лайықталған оңалту орталығының құрылысын қолға алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

– Біздің өңірде әлеуметтік қорғау саласында 550-ден астам маман еңбек етеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына 7 мың ақмолалық қатысты. Ақмола облысында 2,5 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл отбасыларда 1 жастан
6 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі, –деді аймақ басшысы жиында сөйлеген сөзінде.

Ақмола облысында 29 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Соңғы бес жылда мүгедек адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаражат екі есе көбейген. Яғни, 458 миллионнан 961 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін мүгедектігі бар 10 мыңнан астам адам техникалық оңалту құралдарын алатын болады. Ал, шипажай-курорттық емделуге екі мың адам жіберілді. Бұл біздің өңірімізде әлеуметтік жағынан осал топтарға көрсетіліп жатқан қамқорлықтың бір парасы ғана.

Үй-үйді аралап, қарт және мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік көмек көрсететін қызметкерлердің еңбегі тіпті орасан. Өңірімізде 1800 әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімшелерде өз ісіне адал жандар жұмыс істейтінін ерекше атап өтсек дейміз. Олар 2800 адамға көмек көрсетеді, соның ішінде 473-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Осы орайда 26 жыл бойы осы саланың ыстық-суығына төзіп, адал еңбек етіп жүрген бурабайлық Людмила Иванова, атбасарлық Лариса Новицкая, қорғалжындық Шынар Қоржынбайқызының есімдерін ерекше атап өтсек дейміз. Сонымен қатар, облыста 10 психоневрологиялық орталық бар. Осындай орталықтарда жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз мереке қарсаңында еңбегі адал, жүрегі мейірімге толы әлеуметтік қызметкерлердің де есімдерін атап өтсек дейміз. Олардың қатарында Қымбат Ыбыраева, Татьяна Радченко, Ирина Ивановалар бар. Өңірімізде осылай өз ісіне адалдықпен, адамдарға мейіріммен қарайтын, ауру азабын тарқан жандарға қолұшын беріп, сауабы мол ізгі істің басы-қасында жүретін жүрегі кең жандар көп-ақ.

Салтанатты шарада өңір басшысы Ермек Маржықпаев бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттады. «Еңбек ардагері» медальдарымен Бұланды ауданындағы Купчанка ауылының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аспазшысы Ғалия Иманғалиева, Бурабай ауданындағы Щучинск қаласының «Атаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының» музыкалық жетекшісі Бронислав Диреглер, «Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Базарбай Әбуев марапатталды.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісіне Аршалы ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Бақыт Сыздықова, Атбасар ауданының жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек бойынша консультанты Нина Воронцова, «Бурабай ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілер тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері Людмила Ивановалар ие болды. Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкерлі Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар