Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дамыл таппай, көмегін береді - АРҚА АЖАРЫ

Дамыл таппай, көмегін береді

Адамзат баласын мейірімге бөлеу, оған қамқорлық таныту алдымен, жүректің кеңдігінен болар. Жасырары жоқ, кез-келген адам әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей алмайтыны анық. Себебі, бұл қызметкерлердің жалақысы аз, ал, жауапкершілігі орасан. Бұл – сөзбен айтып сөз жеткізгісіз сауабы мол игі іс десек артық айтқандық емес.

Уақытпен санаспай, өзгеге қолұшын беріп, жәрдемдесу кез-келген адамның қолынан келе бермейді-ау! Бір қуантарлығы, біздің өңірде дәл осындай, жаны ізгілікке толы, жүрегі мейірімнен жаралған жандар баршылық. Солардың бірі – Надежда Геннадьевна Беднякова. Ол әлеуметтік қызметкер мамандығын жүрек қалауымен таңдаған мақтаулы мамандар қатарынан. Мінекей, он үш жылдан бері осы мамандықтың қызығы мен қиындығын қатар көріп, өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарай білетін жауапкершілігі зор мамандық иесі.

Қазіргі таңда Надежда Геннадьевна жалғыз басты жеті зейнеткердің үйіне барып, оларға қамқорлық көрсетуде. Олардың ішінде 92-де қария бар, ал, арасындағы ең жасы 40-та. Надежда олардың әрқайсысына көңіл бөліп, мұң-мұқтажына құлақ асып, дертіне шипа, жанына дауа табуға тырысады. Иә, рас, тағдырдың тақбезесін, аурудың азабын тартқан жанға жылы сөз де дәру һәм демеу ғой.

– Біле білсеңіз, ең жақсы деген, мақтаулы әлеуметтік қызметкердің өзі жалғызбасты қарт адамға оның туысының орнын алмастыра алмайтыны анық, – дейді ол, – біз сол адамдардың жанында үнемі бірге бола алмаймыз, күніне бірнеше сағат қана қауышамыз. Сол себепті де, бізді асыға күтіп отырған жандарға адал көңілмен қарап, жан жылулығына бөлеуге тырысамыз. Олармен сырласамыз, мұңайған сәтте жұбатамыз, қуанышына ортақтасып, тілектестік танытамыз, біз олардың әрқайсысына бауыр басып қалдық. Әр кездесуде бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, жанашырлықпен қараймыз.

Надежда Геннадьевнаның айтуынша, оның еңбегіне риза болып, ақ батасын беретін қариялардың осы бір ізгі ниеті мен аппақ тілегі бәрінен де қымбат. – Біз күле қарасақ, олар да балаша қуанып қалады. Қариялардың күлгені қандай әдемі десеңізші! Осыны көрген сәтте «Нұр тұнған жылы жүздерін, бөлесін шаттық шуағы!» деген сөздерді іштей қайталай беремін…»,– дейді Надежда.

Әрине, әлеуметтік қызметкерлердің міндеті көп. Оларға дәріханадан дәрі, дүкенге барып қажетті азық-түлік сатып алу, үйдің ішін жинау, тамақ дайындау және басқа да үй шаруашылығына байланысты көптеген міндеттер жүктелген. Бірақ, олардың ешбірі, қариялар басқа да қосымша өтініш білдірсе, бұл менің міндетім емес, қолым тимейді деп айтып көрген емес. Тіпті, дәрігердің қабылдауына апарып кел десе де, жай серуендеп келейік деп өтініш айтса да, енді бірі зейнетақы алуға көмектесіп жіберші десе де, ал, біреуі ауруханаға апарып кел десе де қолдарын қақпайды. Керісінше, туғанындай құрақ ұшып, қамқорлық көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің арқасында жалғызбасты жандардың үйі әрқашан да мұнтаздай таза, ішер асы дайын, көңілі жайлы болады.

Сандықтау ауданының жұмыспен қамту бөлімінде адамдарға үйде қызмет көрсететін 15 қызметкер бар. Олардың барлығын өзара бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыратын ортақ міндет бар. Ол дегеніңіз – жанашырлық, мейірімділік, сезімталдық, жауапкершілік, қажетті сәтте көмекке келуге деген үлкен ықылас. Біз бүгін тілге тиек етіп, осы мақалаға арқау еткен Надежданың адами болмысы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық. Ол өз мамандығына адал қызметкер ғана емес, отбасының ұйытқысы, балаларының абзал анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Әрине, осындай ауыр жүкті нәзікжанды бола тұра, алып жүру оңай-оспақ шаруа емес. Алайда, Надежданың жүрек қалауы осы.

Марина РУПАКОВА.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар