Алдымен жүректің жылуы керек

Біздің ауданның әлеуметтік қорғау саласы туралы айтқанда, ойымызға сонау 1990 жылдардағы жағдай оралады. Сол кезде аудан әкімі Егор Каппель, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ибрагим Жанғоразов әлеуметтік жағынан осал жандарға әрдайым қолұшын беріп, қамқорлыққа бөлейтін.

Сонымен қатар, Анатолий Москальц, Сайлаубек Камиев, Валерий Гарр және басқа да ірі шаруашылық басшыларына алғысымыз шексіз. Иә, қиын сәтте жәрдем берген жандардың жақсылығы ұмытылмайды ғой.

Қалай дегенмен де, уақытта тұрлау жоқ қой. Кейін әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақтала бастады, ал, сол бір егемендік алған алғашқы жылдар, біздің баға жетпес өмірлік тәжірибемізге айналды. Бүгінде зейнетақы, жәрдемақы мен жалақы уақытылы төленіп, жыл сайын көлемі артып келеді.

Өз басым, әлеуметтік саланың маманы ретінде халықты әлеуметтік қорғау аса маңызды мемлекеттік бағыттардың бірі екендігін баса айтқым келеді. Әсіресе, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары туралы айтатын болсақ, бұл бағыттардың қарапайым халыққа берер көмегі орасан. Бұл бағдарламалар – еңбек нарығында кәсіби дағдылар мен біліктіліктер алудың тиімді жүйесін құруға, бизнес-бастамаларды дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған. Мысалы, биылғы жылы «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жоспарға сәйкес 50 адам жіберілуі керек еді, алайда, өтініш білдірген 76 адамның барлығы, оқу курстарынан өтіп, тәрбиеші, шаштараз, тігінші, массажист, кондитер, аспаз сияқты мамандықтарды меңгерді. Курс аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастырылып, көпшілігі өз кәсіптерін ашуға гранттар алды.

Екінші басым бағыттардың бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағытта «Бастау Бизнес» жобасы көптеген адамдарға өзінің қаржылай сауаттылығын арттыруға және өз кәсібін ашуға зор мүмкіндік тудырып отыр. Ағымдағы жылы жоба аясында оқыту курстарын 60 адам тәмамдады.  Олардың 30-ы грант алды, соның ішінде көп балалы отбасылар, жастар бар. Біреуі мал шаруашылығын, енді бірі құс шаруашылығын дамыту бойынша шағын шаруа қожалықтарын, кейбіреулері тігін шеберханасын, шаштараз, массаж салонын іске қосты. Сегіз адам мал шаруашылығын дамытуға, көліктік тасымалдауға және жиһаз сатып алуға 30 миллионнан астам қаражатқа несие рәсімдеді.

Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға бағытталған бағдарламаның пәрменді құралы болып табылады. Мысалы, жергілікті «Старт», «Нұрбол», «Мырзабеков», «Шостов», «Немцов» сияқты жеке кәсіпкерлердің әлеуметтік жұмыс орындарында 12 адам еңбек етеді. Маркетолог, бухгалтер, бағдарламашы, заңгер, бастауыш сынып мұғаліміне мұқтаж ұйымдарға жастар практикасы бойынша 11 аршалылық жіберілді. Көшіп келген екі отбасы қажетті әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде тұрғын үйді жалға алу төлемдерін алды.

Біздің бөлім қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, атап айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қатысты үлкен жұмысты бірлесіп жүргізеді. Осы орайда, біздің жұмысымызды алға ілгерілетуге зор ықпал етіп, барынша қолдау жасап отырған ауыл әкімдерінің де еңбегі орасан. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген бар емес пе. Жалпы ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, қандайда бір мамандықты меңгеруге, жұмысқа орналасуға, бизнес-жоспарды жүзеге асыруға және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында біз олармен үнемі байланыста болып, халыққа көмек көрсетуге тырысамыз.

Кәсіби мереке қарсаңында осы отыз жыл ішінде бірге жұмыс істеп, бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестеріме зор алғыс білдіргім келеді. Олардың қатарында Татьяна Локонова, Валентина Бутырина, Зейнеп Әленова, Наталья Богатова, Ольга Бутырина, Татьяна Самофалова, Татьяна Курина, Любовь Висаитова, Наталья Тарасенко, Наталья Вышковская, Галина Каирова Зәуреш Бижанова, Владислав Купина бар. Сонымен қатар, барша сала қызметкерлерін осы бір атаулы мерекемен шын жүректен құттықтап, олардың отбасына амандық, жұмыстарына сәттілік тілеймін!

Бақыт СЫЗДЫҚОВА,
Аршалы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар