Депутаттар бас қосып, өзекті мәселелерді ортаға салды

Ақмола облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Балпанның төрағалығымен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері мен азаматтардың тыныс-тіршілігінің түрлі салаларына қатысты қабылданған және қабылданатын нормативтік-құқықтық актілерді ақпараттандыру және талқылау мақсатында құрылған Үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Жиынға аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында Ақмола облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев Ақмола облысының 2020 жылға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасын іске асырудың қорытындылары мен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі туралы айтып берді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау және жаю қағидалары туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов хабардар етті. Басқарма басшысының айтуынша иесіз иттер мен мысықтар мәселесі тұрғындар наразылығын тудыруда. Соңғы екі жылда өңірде 40 мыңға жуық иесіз ит пен мысық жойылған. Өткен жылдың өзінде 21 мың қаңғыбас ит пен мысық ұсталыпты. Кеңес отырысында хабарламашы ағымдағы жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 39 миллион теңге бөлінгендігін айтып өтті. Бұған қоса, қыркүйек айында қосымша 9 миллион теңге бөлінсе керек.

Жиын барысында облысымыздың әр аймағынан келген депутаттар әрқайсысы өз өңіріндегі түйткілді мәселелерін көтеріп, ортаға салды. Жаңадан құрылған Қосшы қаласында шешімін күтіп тұрған мәселелер көп-ақ. Бір ғана мысал, қалада қоғамдық көлік жетіспейді. Қазіргі таңда мұнда 80 мың тұрғын тіршілік етуде. Ал, қала бойынша бар-жоғы үш-ақ қоғамдық көлік қатынайды екен. Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы Қайрат Ауғалиев өз сөзінде ауданды дамытудың 2022-2024 жылдарға арнаған жоспарына сәйкес, 24 жоба көзделгеніне тоқталды.

Бұдан басқа, жиын барысында таяу-да қабылданған Әкімшілік-рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу, сайлау комиссияларын қалыптастыру және депутаттық өкілеттіктерді іске асыру аясында облыстық қоғамдық кеңестерінің қызметі және мәслихаттар жұмысында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Бұл туралы Ақмола облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Ләззат Сантас тарқатып айтып берді.
Сонымен қатар, кеңес отырысында Ақмола облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин, Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің хатшысы Сара Баймағамбетова және басқалары сөз сөйледі.

Жиынға қатысқандар Қазақстан Рес-публикасы заңнамасының жаңалықтары бойынша түсініктеме алуға, түрлі ережелерді енгізу, қолдану және іске асыру мониторингі туралы білуге, өзара тәжірибе алмасуға, ортаға ой салып, пікірлесуге жақсы мүмкіндік алды. Алдағы уақытта халық қалаулылары өздерінің депутаттық өкілеттігін орындау мерзімі ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға, жергілікті жерлерге негізделген шешімдерді әзірлеу мен қолдануға, Ақмола облысы азаматтарының тыныс-тіршілігі үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етуге күш салмақшы.
Кеңес отырысынан кейін оған қатысушылар облыс орталығында соңғы жылдары пайдалануға беріліп, қала көркіне ажар беріп тұрған мәдени және білім беру нысандарын аралап, көшеттер отырғызды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар