Аудандық әкімдіктің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Волонтерлік қозғалысты нығайту, жастардың бойында қамқорлық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Зеренді ауданының үздік волонтері – 2021» аудандық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
«Бүгінгі таңда ауданда «Мейірім» қайырымдылық қоры және 6 еріктілер тобы жұмыс істейді. Бұл топтарда волонтерліктің 7 бағыты бойынша белсенді жұмыс істейтін 100-ден астам волонтер бар. Волонтерлік топтардың саны жылдан жылға өсетініне сенімдімін, демек, халқымыздың игілігі үшін көптеген игі істер атқарылады», – деп атап өтті Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік волонтерлік ұйым» аталымы бойынша Ақкөл ауылының «Мейірім» волонтерлік тобы ІІІ – орынды, Алексеевка кентінің «Мейірім» волонтерлік тобы ІІ-орынды, Өзен ауылының «Қайырымды болайық!» волонтерлік тобы І-орынды иемденсе, «Үздік волонтерлік жоба» аталымында Зеренді ауылының «Тимур және оның командасы» волонтерлері ІІ орын, М. Габдуллин атындағы орт мектеп гимназиясының волонтерлері ІІ орын, Викторовка ауылының «Мейірімділік лигасы» еріктілер орталығы І орын алды.
Ал, «Зеренді ауданының үздік волонтері» аталымында «Зеренді мейірімді жүрегі» еріктілер орталығының жетекшісі Ксения Балмағамбетова үздік деп танылды.
Аудандық байқаудың жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.