Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қола медаль қолда, бірақ, алтыннан да үміт бар - АРҚА АЖАРЫ

Қола медаль қолда, бірақ, алтыннан да үміт бар

Осы күндері Сербияның астанасы Белградта өтіп жатқан бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатында жерлесіміз Азия және әскерилер арасындағы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов сәтті өнер көрсетуде.

Ол бүгінге дейін екі кездесу өткізіп, екеуінде де айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Әлем чемпионатындағы өзінің беташар жекпе-жегінде 48 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Теміртас ринг қожайыны, сербиялық Омер Ометовичтен басым түсіп, ширек финалға жолдама алған еді. Алаң иесіне қарсы қолғап түйістіру оңай болмағандықтан, сол жолы жерлесіміз өзінің бар өнерін салып, қарсыласын айла-тәсілдерінің және жоғары шеберлігінің арқасында қапы қалдырған болатын. Сөйтіп, қазылар құрамы жеңісті біздің отандасымызға берген-ді.

Ширек финалда да Теміртас Жүсіпов осы қарқыннан таймады. Ол бұл жолы өзбек боксшысы Нодиржон Мирзаахмедовпен қолғап түйістіріп, екі дүркін Азия чемпионының осы жекпе-жекте жеңіске жетуіне ешбір үміт қалдырмады. 5:0 есебімен қазылардың бәрі жеңісті Теміртасқа берген кездесуде біздің боксшымыз тағы да өзіне тән табандылықпен Қазақстан құрама командасының қоржынына алғашқы қола медальды салды.

Осы жекпе-жектерден кейін қазірдің өзінде Белградтағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып отырған жерлесіміздің чемпиондық атақтан да мүмкіндігі зор екенін аңғармау мүмкін емес. Теміртастың осы атақ жолындағы жартылай финалдық кездесудегі қарсыласы беларусь боксшысы Евгений Кармильчук болып отыр. Ол өзінің ширек финалдағы жекпе-жегінде моңғолиялық боксшы Ган-Эрден Ганхуягты нокаудқа жіберуімен жанкүйерлер есінде қалды. Сөз жоқ, осыдан кейін өте тартысты жағдайда өтетін жекпе-жекте намысты қолдан бермей, финалдық ақтық сынға өте қалса, көпті көрген, тәжірибелі боксшымыз әлем чемпионы атануға бар күш-жігерін салары айдан анық.

Бұған дейін бокстан әлем чемпионаттарының жеңімпазы мен жүлдегері шыға қоймаған Ақмола, Көкшетау өңірлерінде, егер Теміртас осындай жетістікке жетіп жатса, мұның өзі аймақ боксы тарихындағы ерекше оқиға болары сөзсіз.

Жалпы, Белградтағы биылғы әлем чемпионатына Қазақстаннан әу баста ең үздік деген 13 боксшы барған болатын. Барлық салмақ дәрежелерінде сынға түскен бұл боксшыларымыздың қатары өкінішке орай, ширек финалдық жекпе-жектерде едәуір сиреп қалды. Чемпионаттың басынан бері үш боксшымыз жарыстан шығып қалғанымен, 10 боксшы біріншілікті әлі жалғастырып келе жатқан. Өкінішке орай, олардың тағы бесеуі кешегі сайыстарда өз қарсыластарынан ұтылып, жартылай финалға табан тірей алмады. Сондықтан, құрама сапындағы өз жекпе-жектерінде сүрінбей келе жатқан бес спортшының қатарында әлем чемпионы атағы үшін барын салып көретін жерлесіміз Теміртас Жүсіповқа осы қиын жолда тек қана жеңіс тілейміз.

Қ.Кәкенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар