Тоқсанның толымды толғауы

Қарт ақын, белгілі қолөнерші Шәмшия Айтжанованың есімі бүгінгі таңда Көкшетау, Ақмола және Кереку өңірлеріне кеңінен таныс. Еліміз тәуелсіздік алған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Шәмшия апа да осы бір ата-бабаларымыз аңсап, армандаған ұлы күнді үлкен құлшыныспен қарсы алып, сол кездегі буырқанып, тасығандай болған қоғамдық-саяси істерге белсене араласты.

Әсіресе, өнер саласында бойындағы туа біткен бар қабілет-қарымын жас ұрпақтың қажетіне жұмсап, өзінің қолөнер мектебін ашты. Онда көптеген қыз балалар ою ойып, құрақ құрау, кесте тоқу сияқты ата-бабамыздан келе жатқан тұрмыстық әдет-ғұрыптарымызға үйреніп, халқымыздың қасиетті өнеріне бауыр басып өсті. Сол кезде Шәмшия апамыз бұрыннан негізінде бар ақындық қабілетімен де танылып, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен көріне бастады. Сөйтіп, ел ол кісіні осы бір қасиеттері арқылы одан сайын құрметтеп, сыйлайтын болды. Одан сайын деп отырғанымыз, бұған дейін Шәмшия Ғабдуқызы білікті қаржыгер ретінде де айналасына белгілі адам еді.

Осылай жас кезінен еліне, халқына қалтқысыз қызмет етіп, абырой биігінен көрініп келе жатқан апамыз бұл күнде тоқсанның үшеуіне келіп отырғаны да сірә, жайдан жай емес. Біріншіден, тектілігі, сүйегінің асылдығы ғой. Екіншіден, ешкімге жаттығы жоқ, үлкен-кішіні өзіндей көретін, баладай аңқылдаған ақжарқын мінезі. Өмірге құштарлығы, көңілінің жастығы, тұла бойы толы ізгілігі. Осынау жасында бірқыдырым жерден редакциямызға жаяу келіп-кетіп жүретінінің өзі неге тұрады?!

Бар саналы ғұмыры жер шоқтығы Көкшеде өткенімен, Шәмшия апамыз кіндік кесіп, кір жуған қасиетті Керекуін ешқашан есінен шығарған емес. «Сол жаққа барып келдім, сол жақпен сөйлесіп, амандықтарын білдім» деп отырады. Қарт ананың, қарт әженің туған жеріне деген сүйіспеншілік, перзенттік сезімі ғаламат. Содан біздер де үлгі алсақ, үйренсек артық болмайтындай.

Бүгінгі күнге дейін де Шәмшия апамыз ақындығы жақсы аңғарылған бірнеше жыр жинақтарын шығарды. Олар әдеби ортада да оң бағаланып, қарт ақынның мерейін өсіре түсті. Біріншіден, ел жетпіс, сексен, сексен беске келген адамның жадының мықтылығына, көңілінің сергектігіне, қаламының қуатына тәнті болды. Тегі, біздің білуімізше, өлең-жырсыз өмірді өмір деп толық қалпында сезіне қоймайтын Шәмшия Ғабдуқызының тұтастай туған жеріне бағыштап отырған бұл жаңа кітабы да көптен бері ойында жүрсе керек. Өйткені, қолжазбасы қомақты, мазмұны жан-жақты.
Шыр етіп жарық дүниеге келген Керекуі, Шарбақтысы мен Баянауылына, тағысын тағы тағдырлы, тамырлы атауларға жан сүйіспеншілігі, жан тебіренісі ерекше бұл жырларында. Торқалы топырағым деп бас ию де, сүю де, бойтұмардай есте сақтап жүру де, сағыну да, торығу да, табыну да бар! Ұмытылмасын деп ұлыларын жырлайды, «сонау бір балалығым, бал дәуренім қайдасың!» деп жүрегінің лүпілін тыңдайды. Қым-қуыт күндер, жұлдызды түндер зырлап, өзі жастай ұзай берген ол кез бен бұл кездің арасы алшақтағанымен, сол аңсарлы сезімі бір тынбайды. Осыны:
Не деген байтақ, көркемсің,
Ғашықпын саған, мекенім!
Мәңгілік жасар елімсің,
Атыңды жыр ғып өтемін! –
деп түйіндейтін кітаптың әу басындағы «Керекуім» атты толғауы да барынша растап тұрғандай. Қолжазбаны әрі парақтап, оқыған сайын осындай жыр жолдарымен өрілген Керекудің небір ұлы перзенттеріне, жақсы-жайсаңдарына, шұрайлы да шырайлы ғажап өңірлеріне тап болып, мол сырға қанығардайсың.
Ақынның сергек көңілі туған өңірінің қай тұсы, қай биігін де көзден таса қылғысы келмейді. Жыр арнайды, сол жырымен жанының жылы сезімін жеткізеді. Оның үстіне Шәмшия апай бұл кітабында ел мен жер сабақтастығын да естен шығармаған. Туған Керекуі мен өзі де бір ақмаңдай қызына айналған Көкшетауын көңіл көгінде қатар қойып, ұштастыра бірге жырлауы да әбден жарасып, қисыны келіп тұр. Осы уақыт аралығында қолөнер, көркемсөз саласында өнімді еңбек еткен абыз апамызға арналған мақалалардың, өлең-жырлардың, басқа да мерейтойлық жылы лебіздердің нөпірі қаншама десеңізші. Кітапқа енгізілуі өз-өзін ақтап тұрған бұл дүниелер де Шәмшия Ғабдуқызын әр қырынан танытып, аналық, ақындық, адамгершілік бейнесін өр Оқжетпестей биікке көтере түседі.
Апамызды көптен білетін бізге, бізге ғана емес, баршаға ертеден мәлім ақиқат, жылт еткен әрбір жақсылыққа, игі жаңалыққа жанының елпілдеп, қаламының жүрдектеп тұратыны. Апамыздың елді ынтымақ-бірлікке, ырыс-берекеге шақыратын көп өлеңдері солай туғанын ішіміз жақсы сезеді.
Әрине, күш-қайратың әлі бойыңнан табылған орта жаста, одан бері де жыр жазу әрбір ақынжанды пендеңіз үшін соншалықты қиын шаруа болмаса да, тоқсанда, одан да асқанда өлеңмен отыру, тіпті керек десеңіз кітап шығару екінің бірінің қолайына келе қоймаса керек. Сонда да көкірек көзі ояу, әлі жігері бойында екені жазбай аңғарылар Шәмшия апамыздың осы ниетіне не дейміз?! Біріншіден, ақын жүректің ел деп елегізген лүпіліне риза боламыз. Сосын Кереку мен Көкшетауды қатар әйгілей отырып, жан сарайына көп сырды сыйғызған жаңа кітабының ғұмыры ұзақ болуын қалаймыз. Біздің ойымызша, бұл жолы да қарт ақынның тоқсандағы толғауы көпшілік көңілінен шығары айдан анық. Ал, мұның өзі осы жаста кәдімгі сүйсініп, разы боларлық жай.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Отан десем…
Отан десем, туған жер түсер есіме,
Ыстық қой Отан тұратын мәңгі есіңде.
Түсіңе дағы Отаның сенің кіреді,
Отансыз өмір сүре алмайды ешкім де.

Ойымда тұрған, өресі биік санасың,
Сүйемін елді, қазақтың шалқар даласын.
Туған жер десе, делебең қозып кетеді,
Жүргендей кезіп, тау менен тастың саласын.

Отаным менің, халқымның биік қорғаны,
Отаным менің, асқар тауым ордалы.
Отанға деген махаббат, жылу болмаса,
Ағыстар дағы басқа жаққа тартады.
Отаның деген өмірдің сүйеу қалқасы,
Еңбегің жанса, ол да Отанның арқасы.
Қазақтың биік байрағы көкте самғасын,
Астана оның өңірге таққан алқасы.

Отаның жүрер қолдаумен сені сан елеп,
Отанға деген махаббат бөлек, жыр бөлек.
Отанға деген ойымда қиял шарлайды,
Қуаныш сезім жанымды сонда әлдилеп.

Жырымды жайдым, жырымды біраз екшедім,
Ақыны едім, әйелден шыққан Көкшенің.
Осының бәрі Отанның мынау арқасы,
Бойымды билер, мақтаныш деген бір сезім.

Дәстүрін сақтар баба мен сонау атаның,
Қатарға еніп, елудей елдің Отаным.
Өркендей берсін болашаққа жол тарта,
Шуағы болып, тілегі болып батаның.

Ұрпаққа мынау өнеге жолын көрсеткен,
Туған жер деген, не деген әсем, көркем ең.
Осының бәрі сүйікті Отан арқасы,
Арнаймын жырды, өзіңе деген тілекпен!

Қазақстан
Қазақстан аңыз ән,
Жаралған ғасыр сазынан.
Тамырың кеткен тереңге,
Сарқылмайтын қазынам.

Ғарышты қосқан жерменен,
Астықты өлкем өрлеген.
Шұғыла шашып жан-жаққа,
Көгілдір туы көлбеген.

Аяулы Атамекенім,
Жыр қылып мәңгі өтемін.
Құшаққа алған әр ұлтты,
Дәлелдеп достық не екенін.

Айбынды туған ерлері,
Айдынды шалқар көлдері.
Байлыққа тұнған қазына,
Сарқылмас сары белдері.

Інжуі жырдың төгілген,
Бауырынан шуақ өрбіген.
Қаһарман батыр халқы бар,
Мақтаныш тұтам сені мен.

Аңызға арқау бар жерің,
Егемен елім! Ер елім!
Досыңа деген шынайы,
Құшағың ашық, кең төрің.

Жүрекке жылы сыя алған,
Айналдым алтын ұямнан.
Көргім келеді өзіңді,
Әрқашан биік қиядан.

Ғасырға қанат қомдаған,
Ерлерді құрыш сомдаған.
Бабамның байтақ даласы,
Өзіңді жыр ғып толғанам.

Шырқайтын дәйім әнім ең,
Сымбатты, сұлу сәнім ең.
Көгеріп, көктеп, жасарып,
Қаламын мәңгі сенімен!

Мектебім
Мектебім, менің мектебім,
Сағынып сені кетемін.
Білім алған жылдарды,
Жүріп ойша өтемін.

Мектебім, менің мектебім,
Саяңда түлеп көктедім.
Сенде өтті жастығым,
Албырт шақ, асыл көктемім.

Мектебім, менің мектебім,
Айналып сенен кетейін.
Ақ қырау шалған басыммен,
Иіліп тәжім етейін.

Керекуім
Туып ем бауырында жөргегім қап,
Мен үшін өзің ғажап, өзің бір бақ.
Көзіме елестейсің ғұмырбақи,
Тұрғандай көз алдымда елесің нақ.

Ақ жаулықты бұл күнде мен анамын,
Жүрсем де Көкшетауда бір балаңмын.
Тоқсанның сеңгіріне шықсам дағы,
Өзіңе өмір тілеп жүрген жанмын.

Қызың боп, қырмызың боп аянбайын,
Дем беріп терме жырға аялдайын.
Есіме ап көрген-білген тарихыңды,
Қолыма қалам алып баяндайын.

Шетінен мұзды мұхит бастау алған,
Етегі қалың Қытай шетін шалған.
Ертісім – ел мерейі, жер мерейі,
Толқыны тулай аққан оң мен солдан.

Сый көріп мәртебелі қалың елден,
Қарт Ертіс талай ғажап тарих көрген.
Қазақтың құты атанып неше ғасыр,
Көзіме оттай басылар сонау жерден.

Шәмшия АЙТЖАНОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар