Басқа елден бақытын іздеген қыздарымыз жыламасыншы!..

Біз біреудің тағдырын сыртынан тон пішіп сөге алмаймыз, бұл ойдан да аулақпыз. Жан баласы тылсым дүние есігін шыр етіп ашқан сәтте-ақ, оның тағдыры маңдайға жазылады деседі. Біреулер әркім өз тағдырының ұстасы дейді, кім білсін. Бәріне төреші Тәңір…

Анығы, қыз тағдырына барлығы да жауапты. Ана да, әке де, аға да, тіпті бұл аз десеңіз, қоғамның өзі қыз ғұмырға бейжай қарамауы керек. Себебі, ұлт тағдыры аналар қолында. Ертеңгіні де, бүгінгіні де, тіпті сәл бір секундтан кейін не боларын біздің болжай алмайтынымыз анық. Жоспарлауымыз мүмкін әрине, алайда, оның жүзеге асар-аспауы тағы белгісіз ғой.

Бәлкім, Айым да бақытты басқаша елестеткен шығар. Ол да әжесінің қолында тәрбиеленген. Бір сөзбен айтқанда ұлттық тәрбиеге уызынан жарыған. Қазақта «әжемнің қызымын», «атамның баласымын» десең болды, осы бір-екі ауыз сөздің астарында-ақ ұлттық тәрбие тұнып тұрғандай емес пе. Ол да бала кезінде «әжемнің қызымын» дегенді аса бір мақтанышпен айтатын. Бұл күнде әжесі Айымның есімі атала бергенде бірден жанарын төмен түсіреді, ой кеміріп, қапалы күй кешеді. Қай жерден қапы кеттім деп, өзін кінәлайды. Сырт көзге байқата бермесе де, оңаша қалғанда көз жасын сығып алып, алыста жүрген қызғалдақ қызының тағдырына алаңдап, Алладан рақым тілейді. Боздап жылаған күндері де аз емес еді. Ондайда «Бағы жанбаған сормаңдайлым» деп айтатын ауыр бір сөзі бар. Бәлкім күйініп, дәрменсіз болғаннан айтатын шығар…

Айым да үйден ұзатылған соң елге қайтіп оралмады. «Ел құлағы елу» демекші, қазір үйлі-баранды, тұрмысы да жұрт қызығардай деп естиміз. Бірақ, ол өзге елдің, жат мекеннің ұясында. Таңдаған жары өзге ұлт өкілінен. Біте қайнасып бірге өскен ұлттың шаңырағын ұйытып отырса бір сәрі, қияндағы АҚШ-тың келіні.
Иә, кей-кейде пендешілікпен осы рухани құндылықтың еш пайдасы жоқ, қайта материалдық байлық басты мұрат па деген пайым қылаң ететіні де бар ғой. Себебі, біз бұл күнде сөзіңе қарап емес, бөзіңе қарап болмысыңды бағалайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Өзгені айтпағанда, өз туғаның ақшаң, қызметің жоқ болатын болса төрге оздырмайды. Әрбірден соң туысым деп ұялатын да жағдайларды естіп, көріп жүрміз. Тұрмысы төмен туысынан гөрі, қалтасы қалың қызметтесін бауырындай санайтын жандар да бар ғой. Бәлкім содан болар, қазіргі жастардың түсінігі бойынша бар байлықтың бастауында материалдық құндылық оқ бойы озық тұр. Мейлі, біз оны мойындайық, мойындамайық бірақ, бүгінгі жастардың басым көпшілігінің жеке пайымы осыған саяды.

«Қыздың көзі – қызылда» демекші, жылтыраққа қызықпайтын қыздар болмайтын шығар әсте. Сұлулықтан, әдемі әмірден барлығы да дәмелі. Әсіресе, бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы барлық елдің тыныс-тіршілігін, ондағы мәдениетті, өмір сүру деңгейін бақылап, бағамдаймын десеңіз тосқауыл жоқ. Ауылда отырып-ақ шетелдің жігітімен танысуға болады. Тіпті, тілбілместік те кедергі емес. Бұған бір ғана мысал, шетелдің жігітімен танысып, екі айда ағылшын тілін меңгеріп алған қазақ қызын өз басым жақсы танимын. Өкініштісі, ол да өзі әлі жіті танып үлгермеген жігітке еріп, АҚШ-қа кетті. Біреу жымысқы оймен, біреу шынайы, әртүрлі мақсатта өз өмірін өзге қызығардай етіп, әлеуметтік желіге салып қоюы да мүмкін ғой. Кәусар бұлақтай тап-таза, ешбір арам ойы жоқ, аңғал қазақ қызын алдау әркімге оп-оңай сияқты болып кеткендей.

Тәлім-тәрбие ұшқан ұяда қалыптасады ғой. Қазақ халқы ешқашан да баласын арамдыққа, қулыққа баулымайды. Керісінше адами қасиеттердің барлығын өз баласының бойына сіңіре біледі. «Жау қайда деме, жар астында» демекші, бәлкім біз балаларымызды тым аңғал, сенгіш етіп тәрбиелейміз бе, әлде қазақ «қызым үйде, қылығы түзде» деп бекер айтпады ма, кім білсін…

Қыздарымыздың алты қыр асып елден кетуінің, діні де, тілі де, ділі де басқа елдің жігітінің жары болуға келісім беруінің себебі неде?
Тағы да ойыма Айым орала берді. Әлеуметтік желі арқылы шарқ ұрып Айымды іздеймін, көңіл де аласұрады. Қайда екен, жағдайы қалай, елді сағынған шығар әбден. Бақытты болса екен!..

Р.S. …Соңғы кезде әлеуметтік желінің барлығы нигериялық жігітке тұрымысқа шыққан қазақ қызы туралы ақпаратты жарыса жазды. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз біреудің тағдырын сөгуден аулақпыз. Қайталап айтудан жалықпаймын, бәріне төреші Тәңір! Қалай дегенмен де бұл қыздың тағдыры өзгешелеу, кейін өзі өкініп қалмаса болғаны. Қыз бала жат жұрттық екендігі анық, алайда, бұл жат елдің шаңырағын түтетсін деген сөз емес қой.
Түнімен Нигерия елінде келіндерге деген көзқарас қандай деген ақпаратты оқумен болдым. Ондағы ойым, жат елден бақытын іздеген сіңілімді өзге жұрт жылатпаса екен!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар