● Облыстың солтүстік шығыс жақ бетіндегі, табиғаты көркем, Алаштың айтулы тұлғаларының ақ бесігі Біржан сал ауданы 1928 жылы ұйымдастырылған. Облыс орталығынан 120, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан 280 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудан көлемі 1 миллион 98899 шаршы шақырым.
● Ауданда 9 селолық округ, дербес 5 ауыл, аудан орталығы орналасқан Степняк қаласы бар. Бүгінгі күні 13308 адам тіршілік етуде.
● Жыл сайын экономикалық қуаты кемелденіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып келе жатқан өңірде «Семізбай U»,
«Өркен-Атансор» серіктестіктері мен «Көкше цемент» өндірістік кәсіпорны жұмыс істейді. Аудан жұртшылығын тұрақты жұмыспен қамтып отырғандар да осы ұжымдар.
● Соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлік біршама дамып келеді. Ел экономикасына 1038 нысан үлес қосуда. Сондай-ақ, соңғы жылдары туризм саласы да алға басуда. Үстіміздегі жылы осы бағыттағы үш нысан жұмыс істеп, алыс-жақыннан келген туристерді қабылдады. Туризмнің дамуына аудандағы тамаша табиғат игі әсерін тигізуде.
Үлгінің үлгілі мектебі
Аудандағы білім ошақтары арасында Үлгі орта мектебінің қол жеткізген толымды табысымен ерекшеленетіні бар. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген білім ордасында болып, баянды тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.
Пайдалануға берілген 1979 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген білім ошағы құрылысшы қалағынан жаңа шыққандай болып тиянақты жөнделіпті. Сыртқы әлпеті, кіреберіс дәлізден-ақ ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Қай жағына қарасаң да, мұнтаздай тазалық алдымен көзге шалынады. Мектеп директоры Алма Бекеноваға ілесіп соңғы үлгіде жабдықталған пән кабинеттерін, спорт залын, асхананы аралап көрдік. Бағдарламаға сәйкес білім игерумен қатар мектеп оқушылары оннан астам үйірмеге қатысады екен. Спорт секциялары да мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Оқушылар қалалық, аудандық жарыстарда жүлдеге ие болса ең алдымен ол спортқа айрықша мән беріп отырған мектеп басшыларының еңбегі.
Бізді қызықтырғаны көп жерде кездесе бермейтін «Балауса» мектеп газеті. Мектеп газетіне сан алуан тақырыпта материал жазатын оқушылар да аз емес екен. Арасында көркемсөз жазуға талпынып жүргендер де аз емес. Бірер санын көз жүгіртіп қарап шықтық. Өздері оқып жатқан білім ошағының тыныс-тіршілігін айғақтайтын, қызғылықты жайларды баяндайтын тартымды дүние екен. Бүгінгідей сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен уақытта шалғайдағы мектеп оқушылары әдебиет әлемінің жайлауына құлаш ұрғанын көріп жанымыз жадырап қалғандығын несін жасырайық. Оның үстіне «КТВ» телестудиясы да жұмыс істейді. Оқушылардың өздері бейнекамераға түсіріп, кадр сыртындағы мәтіндерін жазып, монтаждай алады. Мектеп журналистері телестудияның соңғы туындысын мектептегі ұстаздарына арнапты. Шағын хабарда оқушылар өздерінің сүйікті ұстаздарына деген шынайы көңілдерін білдірген.
Мектеп директорының айтуына қарағанда, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген көкшетаулық «Регион-Строй» серіктестігіне өкпе жоқ. Барлық жұмысты уақытылы, тап-тұйнақтай қылып атқарған құрылысшылар демеушілік көмек ретінде мемлекеттік рәміздерді де алып беріпті. Оның үстіне өз қаражаттарына мектеп алдына шақпа тастар төсеп берген. Қазір түп-түзу болып өрілген шақпа тастар қоршауға дейін кең көсіліп жатыр. Сөз арасында білім ошағына демеушілік танытатын жерлестерінің баршылық екендігін айта кеткен ләзім. Әлдеқашан түлеп ұшып, өзге өңірден дәм бұйырса да кіндік қаны тамған топыраққа жиі ат басын бұратын ауылдастары міндетті түрде мектепке соғып, хал-жағдайын біліп тұратын көрінеді. Қолдарынан келгендерінше көмек көрсетеді. Аудан басшылығы да жаңа жиһаз алуға қомақты қаражат бөліпті. Барлық терезелерге су жаңа перде тұтылған. Спорт залына жабдықтар алынған. Жабдықталуы жағынан қала мектебінен сынықсүйем кем емес.
–Біз қазір кең де жарық, жылы да жайлы мектепте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жатырмыз, – дейді мектеп директоры Алма Бекенова, – бұрын да жағдайымыз жаман емес еді. Аудан басшыларының арқасында қазандыққа қажетті көмірмен уақытылы әрі толық қамтамасыз етілеміз. Егер тіршілікке қажетті әлдебір өтініш айта қалсақ, сөзіміз жерде қалған емес. Мектептің модульдік қазандығы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Жылу беру маусымында ешқашан кінәрат болып көрген емес.
Қамқорлықтың арқасында қайта жаңарған білім ошағының бүгінгі қалыпты жайына ата-аналар да, оқушылар да дән разы. Ұстаздардың айтуына қарағанда, күрделі жөндеу жұмыстары бітіп, хан сарайына бергісіз кейіпке енген мектептің табалдырығын аттаған олар қатты қуанса керек. Ал, мектеп журналистері бірден осы бір салтанатты сәтті таспаға тартып алу үшін бейнекамераларына жүгірген. Мектептегі теле туындылардың мұрағатында әрбір салтанатты сәттермен бірге осы бір көрініс те сақтаулы екен.
Бір жақсысы, мектептегі 36 мұғалімнің 20-сы осы білім ошағының түлектері. Жаңа оқу жылында да жоғары педагогикалық оқу орындарында білім алып жатқан үш жас тәжірибеден өтуге келген. Осылайша үлгілі Үлгі мектебі жақсы дәстүрді сабақтап, жас ұрпаққа заман талабына сай толымды білім беруде.
Тұрғындар баспаналы болады
Жыл соңында Степняк қаласының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған қуаныш орын алмақ. Аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 21 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Баспана мәселесін біршама шешіп тастайтын құрылыс жұмысына облыстық бюджеттен 206 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазір құрылысшылар соңғы жұмыстарын тиянақтауда. Атап айтатұғын болсақ, тұрғын үй маңайын абаттандырып, ағаш отырғызуда. Жаңа үйдің жаны көз тартарлық. Жергілікті жер үшін тәп-тәуір архитектуралық үйлесіммен салынған көп қабатты тұрғын үйдің ауласына асфальт жамылғы төселіп, суағарлар орнатылған. Әдемі кейіпке еніп келе жатқан қаланың осы бір бөлігіндегі үйлердің аулалары қоса абаттандырылыпты.
Сөз арасында бұл аудан орталығында салынып жатқан үшінші көп қабатты үй екендігін айта кетуіміз керек. Тағы да осындай екі үй 2022 жылы бой көтермек. Ал, алғашқы көп қабатты үйге кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасылары ие болады. Бұрын жатаған ескі гараждар сұрқын бұзып тұрушы еді, қазір олардың барлығы орнынан алынған. Ол жерге шағын футбол мен баскетбол және волейбол алаңдары бой көтеріпті. Балалардың ойын алаңдары да тәп-тәуір.
Келер жылы салынатын көп қабатты үйлердің маңайы да дәл осындай ажарға ие болады. Жобалау құжаттарында тұрғындарға қажетті жайлардың барлығы қамтылған. Құрылыс осы қарқыннан танбаса, арасында 15 көп балалы отбасы бар кезекте тұрған 337 адам таяу жылдардың ішінде баспаналы болатындығына күмән жоқ.
Тамаша табиғат – туризм діңгегі
Ауданда туризм саласының дамуына мол мүмкіндік бар. Бұл саланың экономикадағы табысты сала болуы керектігі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде орынды айтып көрсеткен болатын.
Бурабайдан басталған көркем табиғаттың сипаттауға сөз жетпес сұлу да сымбатты жасыл шымылдығы Жөкейдің жағасына дейін сан алуан түске боялып, көрген көзді еліктіріп, елітіп жетелейді де отырады. Әсіресе, мың түрлі бояуға малынған күзгі көркем суреттің бедерлі бейнесі қандай десеңізші?! Жолдың қос қапталында ақ балтырлы қайың мен мәңгі жасыл қарағайлар самсап тұр. Тас жолдың бойымен Біржан сал атамыздың асқақ әуені тербеткен қасиетті далаға жеткенше жолсерік болып жетелейді де отырады. Биыл қуаңшылық болды дегеніңізбен, құнары мол құйқалы өңірдің күзгі ажарының өзі тәп-тәуір екен.
Аудандағы көзтартар жердің бірі – майда толқындары Арқаның ақ самалымен тебірене тербетіліп жатқан Жөкей көлінің жағасы. Бұрын ат байлар орын болмайтын. Саф ауамен тыныстағысы келгендер көліктерін қара жолдың бойына қаңтарып, аз-кем кідіруге, табиғи көркемдікке көз тояттатып, аяқ суытуға мәжбүр еді. Қазір көптен бері қолға алынбай жатқан осы шаруа оңынан оңғарылыпты. Жөкейдің жағасындағы жойдасыз сұлулық ел тұрғындары мен алыстан ат арытып жететін меймандардың кірпияз көңілін қанағаттандыратын кәдеге асырылған. Жалпақ жұртты жаман тұмау бір қауыздың ішіне сыйғызғаннан бері халық та дауасын тұмса табиғаттың тұнығынан іздей бастағаны мәлім. Тынысың тарылғанда ауасы дертке дауа осындай өлкедегі саф ауаны жұтсаңыз, құр атқа мінгендей қунап қаларыңыз сөзсіз. Ел назары табиғатқа ауғанын аңғарған жекеменшік компаниялар бірінен соң бірі самсатып туристік нысандарды сала бастапты. Солардың бірі – «Көктал Town» отбасылық сауықтыру орталығы.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жұмысын бастаған отбасылық сауықтыру орталығында табиғат аясында тыныстауға келген меймандарға ұсынатын жанға жайлы нөмірлер мен монша, сауна, бассейн, жаттығу залы, бильярд үстелі, балалардың ойын алаңдары тәрізді су жаңа орындар бар. Осы арада кең тыныстап, келісті дем алған балалардың қуанышын көрудің өзі бір бақыт. Ересектер де жіліктің майындай саф ауаны көкірек кере жұтып, еркін көсіле алады. Ең бастысы, денсаулық кінәратын түзеу. Бұл орайда, сырқаттарды емдеудің сан түрлі жайы қарастырылған. Ал, «ас – адамның арқауы» дейтін болсақ, дастархан мәзірі де сүйсінерлік. Ең бастысы, қуатты астың бәрі ұлттық тағамнан құралған. Ішкен асы сіңімді болса, табиғат та тартымдылығымен тәнті етіп, бойдағы оны-мұны сырқатты пышақпен сылып алғандай тазалай арылтып жіберері даусыз. Жағалауда жайбарақат жүрген емделушілер де өңірдің өңін қадірлеп, «мынандай табиғаттың өзі емші емес пе?» деп қояды.
Биылғы жазда келушілер қатары көбейе түскен. Әсіресе, Жөкей көлінің жағасындағы «Орман мен жұлдыздар» туристік нысанына ат басын тіреушілер көп. Қазірдің өзінде бұл арада 11 тұрғын үй, жазғы дәмхана, спорт алаңы, бассейн тәрізді тынығушылар қызмет ететін орындар ашылған. Алдағы уақытта қысқы демалыстың қамын жасамақ.
Көл жағасындағы жанға жайлы мекеннің бірі – «Орбита-Жөкей». Бұл жерде де алыстан ат арытып, туған елдің тамаша табиғатының аясында тынығуға келушілерге арналып құрқылтайдың ұясындай шағын үйлер салынған. Отбасымен бірге демалуға барынша қолайлы жағдай туғызылып отыр. Осындай қонақжай мекеннің бірі ретінде «Ақжол» қонақ үйін де айта кетуге болады. Айтпақшы, бұл қонақ үй тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір іргесінде жазғы дәмхана бой көтеруде.
Туризмнен тәп-тәуір табыс табуға болатындығына көздері жеткеннен кейін ауқымын кеңейте түсуде. Жақсы іс қашанда жалғасын табуға тиісті ғой. 2021-2022 жылға арналған жоспар да түзілуде. Алдағы уақытта жағалауын ақ толқындары аймалап, күміс суы күмпілдеп жатқан Жөкейдің жағасы адам танымастай өзгерері сөзсіз.
Туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар туған жердің табиғатына қылаудай кіршік түсірмеуді де ескеруде. Өздері ғана емес, келушілерді де барды бағалай білуге баулып, осынау қазынаны саф қалпында сақтауға ұмтылуда. Несі бар игілігі елге тисе, құптарлық-ақ іс қой.
Ауылдың ажары азаматынан
Бес жыл бойы бұйығы тіршілік кешкен Аңдығожа ауылы 2020 жылдан бастап қайта түледі. Егін егілмеген соң арамшөп басып кеткен егістік алқаптары жыртылып, ырыздық дәні егіле бастады. Ауылдың тамырына қан жүгірткен «Перспектив строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Бірі келіп, бірі кеткен инвесторлардың тұрақсыздығы ауыл адамдарының сенімсіздігін тудыратын. Жомарт жердің бар игілігін инвестор көргенімен, жер үлесі бар қарапайым ауыл адамдары несібесіз қалды. Бес жыл бұрын егін еккен серіктестік банкротка ұшырап, кепілдікте тұрған жер кәдеге аспай, адамдардың орынды өкпе-назын тудырды. Уақытша келгендердің ешқайсысы бұл жердің түтінін түзу ұшырайықшы деп талпына қоймайды деп есептейтін түсінік сол кезден бастап қалыптасты. Осындай жаны ашымастықтың салдарынан бір кезде сүттей ұйыған, ажарлы ауылдың басынан тағы тайып кеткен тәрізді еді. Жаңа серіктестік келгенде де бұған дейін әбден зәрезап болып қалған адамдар бірден сене қоймаған. Ол үшін кінәлауға да болмас. Таудай уәде берілгенімен, соңы сұйылып кетуі әдетке айналғалы қашан. Ал, жаңа серіктестік өздерінің екпінді іс-қимылымен, ауылға деген қамқорлығымен ел сеніміне біртіндеп ене бастапты. Келе салысымен имандылық ұясы – мешіт салуды қолға алған. Қазір ішкі жұмыстары ғана қалыпты, еңселі, мұнарасы ат шаптырым жерден көзге шалынатын мешіт менмұндалайды. Осы қалпымен-ақ жақсылықтың жаршысы болып тұрған сыңайлы.
–Мешіт адамгершілік шуағы шалқитын, адалдықтың нәрін себетін ізгі орын, – дейді серіктестік жетекшісі Ботабек Оразалы, – ауыл адамдары да біздің ең алғашқы қадамымызды құптап, жасы үлкендер батасын беріп жатыр. Мешіттің жанынан 100 орындық асхана салудамыз. Бұған дейін ауылда лайықты орын болмаған соң әртүрлі рәсімдер әупірімдеп өткізілген екен. Пайдалануға берілген соң асхананың игілігін осы ауылдың адамдары көреді. Содан соң наубайхана мен дүкенді ел кәдесіне жаратамыз. Қазір бұл нысандардың да құрылысы аяқталуға жақын. Ауылға қосар үлесіміз мұнымен де аяқталмайды. Алдағы уақытта елді мекеннің төңірегін абаттандырып, ағаш егуді жоспарлап отырмыз.
Ауыл тұрғындарының көңілдеріндегі үміт отын тұтатып, сенімдерін нығайтқан серіктестіктің осы қадамы. Шынын айтқанда, кәсіпкер табыс табуға ұмтылады. Ал, бұл құрылыстардан олардың олжаға қарық болмасы белгілі. Ең алдымен, ел мерейі үшін атқарылып жатқан игі іс деп айтсақ, артықтығы болмас.
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, жұмысқа тартылғандардың 95 пайызы ауыл адамдары. Кейбіреуінің жер үлесі болмаса да күзгі жиын-теріннен кейін мүмкіндігінше көмек көрсетілуде. Басқа жұрт орталықтандырылған су құбырын үйлеріне тартып жатқан кезде жиырмаға жуық отбасы бұл мүмкіндікті пайдалана алмапты. Олар ауыз суды көшедегі колонкалардан алып келген. Мұны көрген серіктестік басшысы суды үйге кіргізіп беретін желіні тарту үшін техника бөліп, қамқорлық жасап отыр.
–Алдағы уақытта тұрғын үй салуды межелеп отырмыз, – дейді серіктестік басшысы, – тұрақты табыс табатын жұмыс болатын болса, ауыл тұрғындары көшпес еді. Біз осы жердің игілігін көргеннен кейін ауылдың ажарын жақсартуды, берекесін арттыруды парыз санаймыз.
Сөз бен ісі бір арнада тоғысып жатқан серіктестік ауыл көшелерін жөндеуге кіріспек. Ең жақсысы, оңды істерге ұйытқы болып отырған Ботабек Оразалының өзі осы ауылда ірге теуіпті. Талай шаруашылық басшыларының өздері мегаполистерде тұрып, шалғайдағы шаруасын атқарушы директорлар арқылы ұйымдастыратындығын көз көріп жүр ғой. Ал, біз не көрсек те елмен бірге көреміз деген жақсы лепесіне ішіміз жылып қалды.
Ел ішіндегі елеулі мәселенің бірі – ілкідегі еңбек дәстүрінің үзіліп қалуы. Қазір бесаспап механизаторлар қасқалдақтың қанындай қат. Алдынан жұмыс үркіп отыратын аға буын әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Олардың орнын басып, оңды шаруа істеймін деп отырған жас толқынның қатары сирек. Бұл арада айта кететін бір мәселе бар. Кешегі кеңес заманында еңбек адамын қадірлеп, олардың түн қатып, түс қашып, ақық дән аялап, ақтылы мал өсірген еңбектері лайықты бағаланатын. Өтпелі кезеңнің өкпек желі осы бір дәстүр сабақтастығын үзіп тастады. Қаржы тапшылығының салдарынан механизаторлар өздерінің атқарған жұмысына сай еңбекақы ала алмады. Олардың табысы сабан, астық қалдығымен төленген де кез болды. Оның үстіне небір білікті механизаторлар көктемде бір ай, күзде бір ай ғана жұмыспен қамтылатын. Қалған уақытта қаңтарылып бос отырады. Осыдан барып механизатор кадрлардың қадірі қашты. Жастар тіпті қызықпайтын болды. Бұл ауылдағы ғана емес, барлық жердегі көрініс осындай. Өз жұмысын іркілтпей, алға ұмтылуды көксеген серіктестік еңбек адамдарын бағалауды дәстүрге айналдырмақ. Жастарды жұмысқа тарту үшін білікті механизаторларға көмекшілер тағайындалыпты. Істегендері серіктестікке, үйренгендері өздеріне пайда. Алдағы уақытта жастарды оқытып алуға көңіл бөлінбек.
Өткен жылы 25 мың гектар егістік алқаптың 6 мың гектарына дәнді дақылдар егілген. Нәтижесі тәубе дерлік. Биыл құрғақшылыққа кезікті. Әйтсе де, жігерлі жігіттердің жалы жығылатын емес, егістікпен қатар, мал шаруашылығын дамытуға да ынталы. 20 мың гектар жайылым тусырап жатыр.
–Ауыл адамдарын жұмыспен қамтудың бір мүмкіндігі мал шаруашылығын дамыту, – дейді серіктестік басшысы, – егер осы ойымыз оңынан оңғарылса, ауыл тұрғындарына қысы-жазы жұмыс болар еді.
Істің көзін тапқан жерде тіршіліктің түтіні түзу ұшып келеді. Өзге елді мекендердегі шаруашылық басшылары осындай ілкімді істен өнеге алса, дархан даланың төсіндегі қараша ауыл жарқын күн кешпек.
Береке ұмтылғанға бітеді
Аудандағы мал шаруашылығын дамытуға мол үлес қосамын деп ұмтылып отырған шаруашылықтың бірі – «Сапфир» серіктестігі.
Шаруашылық алдымен етті бағыттағы мал тұқымын көбейтуге ынта қойған. Бірақ, бұл орайдағы ойлары оншалықты жемісті бола қоймаса керек. 1300 бас асыл тұқымды мал сатып алып, баққанымен, табыстары толымды болмаған соң амалсыз сүтті бағытқа ауысқан. Қазіргі күні асыл тұқымды сауын сиырлардан майлылығы 4,2 пайыз төңірегінде сүт сауып, ырысын молайтып отыр.
Бұрынғы бағымдағы етті бағыттағы малды сатып, жүз бас симменталь тұқымды сауын сиырларды ғана қалдырған. Оған жиырмаға жуық симменталь тұқымдас құнажын мен отыздан аса қара ала сиырлар қосылған. Сөйтіп, сауын сиырлардың басын біршама көбейтіп алғаннан кейін, алдағы уақытта 200 басқа еркін жеткізбек. Кей-кейде үйдегі ойды базардағы нарықтың бұзып кететіні бар емес пе? Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге мүмкіндік болғанымен, биылғы жылы аспаннан нәр тамбаған құрғақшылық мал азығын жеткілікті дайындауға кесірін тигізіп, алға ұмтылған аяққа тұсау болып тұр. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, құнарлы азық-түлігі мол болмаса, өнім көлемі де көңілді көншітпеуі әбден мүмкін.
–Мал шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен қажетті дақылдарды өсіретін егістік алқабы болуы шарт, – дейді серіктестік басшысы Жасұлан Қожанов, – 700 гектар жерге мал азығын егіп, өзімізге қажетті өнімді жинап алып отырмыз. Сырттан сатып алмаймыз. Бағымдағы малымызға жеткілікті. Ал, мал басын көбейту үшін алдымен егістік алқаптың ауқымын кеңейткен ләзім.
Сүт көлемін молайту жалғыз мал азығына ғана емес, күтіп-баптауына да тәуелді. Шаруашылық қазір бейнеті мол қол еңбегін барынша азайтып, механикаландыруға күш салуда. Серіктестік директоры бір мезетте жиырма бас сиырды сауа алатын түріктің сауын аппаратын көрсетті. Бір ұтымдысы, аппарат сиырдың желінін өзі жуып, тазалап, сауады екен. Осындай ілкімді істің арқасында жұмыс жеңілдей бермек. Ендігі әңгіме жұмысшы жайы. Жаңа жұмыс орны ашылғанымен, еңбектен қол үзіп қалған халықтың тұрақты табыс табуға деген ұмтылысы да кемшін. Тіпті, жүріп тұрған іске бөгет болатындар да табылады. Шаруашылықта жергілікті жердің 16 адамы жұмысқа орналастырылған. Жұмыс қолы жетімсіз болғандықтан, Солтүстік Қазақстан облысынан келіп істейтіндер де бар. Ал, мамандар тіпті тапшы. Жергілікті жастар арасынан механизатор, мал дәрігері шыға бермейді.
Сауылған сүт облыс орталығындағы «Гормолзавод» серіктестігіне өткізіледі. Жұмысшылардың еңбекақысы уақытылы төленеді. Алдағы уақытта асыл тұқымды сауын сиырлардың басын көбейтуге ынталанып отырған шаруашылық ақты молайтуға бар мүмкіндігін жұмсамақ.
Ауыл шаруашылығы бейнеті белден келетін іс. Қазір тәуекел деп тас жұтқандар ғана қолға алатын болды. Солардың қатарында күн-түн демей, мал өнімін өндіруді ойлаған «Сапфир» фирмасының бары да құптарлық.
Бетті ұйымдастырған Байқал БАЙӘДІЛОВ.