Өңірімізде онлайн форматта ел тәуелсіздігінің мерейтойына арналған балалар ұйымдары мен мектептегі өзін-өзі басқару органдары көшбасшыларының «Мен – елімнің ертеңімін!» атты форумы өтті.
Іс-шараны Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның мақсаты – балалар қоғамдық ұйымдарының рөлі мен мәртебесін арттыру, балалардың әлеуметтік бастамаларын жандандыру, өскелең ұрпақты жоғары рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу және «Жас Ұлан» қозғалысын дамыту.
Форумға қатысушылар алдында жоғарыда аталған орталық басшысының міндетін атқарушы Аягөз Алдабергенова құттықтау сөз сөйледі.
–Биыл форум тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтуде. Өкінішке орай, пандемияға байланысты біз бұл форумда онлайн режимінде кездесіп отырмыз, бірақ, келесі жолы бір-бірімізбен кездесіп, сөйлесіп, жетістіктерімізді көрсете аламыз деп үміттенемін. Барлық қатысушыларға табыс және жаңа жетістіктер тілеймін, – деді Аягөз Алдабергенова өз сөзінде.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Салтанат Салбенбекова, Ақмола облысының «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Назерке Жамалиева, Есіл, Бурабай, Атбасар аудандары мен Көкшетау қаласының балалар ұйымдарының көшбасшылары да сөз алды.
Қатысушылар өз жұмыстары туралы белсенді әңгімелеп, сұрақтар қойып, өңірдегі балалар қозғалысын дамыту тұрғысындағы ойларымен бөлісті.
Форум жұмысына он екі аудан мен Көкшетау және Степногорск қалаларынан 100-ге жуық өкіл қатысты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.