Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күн тәртібінде – өңірдің көкейтесті мәселелері - АРҚА АЖАРЫ

Күн тәртібінде – өңірдің көкейтесті мәселелері

Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағынтай Елубаевтың төрағалығымен осы кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиынға Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпан, кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырыста Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айдос Жакилин қоғамдық кеңеске мүше болып қабылданды.

Алғашқы мәселе – облыстық бюджеттің кіріс бөлігін уақытылы қамтамасыз ету бойынша салық төлеушілермен жүргізілетін жұмыс, салық заңнамасын бұзушыларға қолданылатын шаралар туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әсем Шәкірова сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.
– Мемлекеттік кірістер департаменті қызметінің қорытындысы бойынша 2021 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетке салық және басқа да міндетті төлемдер түсімі 194 миллиард 869 миллион теңгені құрады, яғни, жоспар 105,5 пайызға немесе 10 миллиард 159 миллион теңгеге асыра орындалды. Ал, облыстық бюджетке 40 миллиард 356 миллион теңге түсіп, жоспар 107,5 пайызға орындалды, яғни, өсім
2 миллиард 822 миллион теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 9 айында 497 салықтық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша 1066 миллион теңге қаржы есепке түсті, – дей келіп, баяндамашы өңіріміздегі салық төлеушілермен атқарылып жатқан жұмыс туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Жиын барысында Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбыраев өз ойын ортаға салып, Ауған соғысы ардагерлері республика Заңнамасына сәйкес, салықтан босатылғандығын, соған қарамастан, жыл сайын ардагерлерге салық қызметкерлері алдында осыны дәлелдеу керектігін айтып қынжылды. Өз кезегінде Әсем Шәкірова бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деп сендірді.
Кеңес отырысында 2018-2020 жылдар аралығында облыстағы «Оқжетпес» футбол клубы мен «Арлан» хоккей клубының қызметін дамытуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мәселесі қызу талқыланды. Осы жылдар аралығында бөлінген бюджет қаржысының тиімділігін тексеру үшін Қоғамдық кеңес жанынан арнайы комиссия құрылған болатын. Аталмыш комиссияның төрайымы Галина Марченкованың жетекшілігімен екі спорт клубының жұмысына тексеріс жүргізілген екен.
Қазіргі «Оқжетпес» футбол командасының негізгі құрамында 26 футболшы бар, олардың 10-ы жергілікті жердің ойыншылары. Жастар командасындағы 25 футболшының барлығы «Оқжетпес» футбол орталығының тәрбиеленушілері. Ал, әйелдер футбол құрамында 18 футболшының бар-жоғы 3-еуі ғана жергілікті ойыншылар. Осы мәселеге байланысты кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып, алдағы уақытта сырттан ойыншы әкелгенше, жергілікті жердің футболшы жастарын тарту керектігі айтылды.
Жиын барысында талқыға түскен мәселелердің бірі – «Оқжетпес» футбол командасының өз ойыншылары алдында өткен жылы едәуір көлемде берешек болып қалғандығы. Клуб директоры Юрий Бондаренко бұл қызметке ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бері орналасқанын баса айтты. Яғни, өткен жылғы дау-дамайдың басы-қасында болмағандығына ерекше екпін түсірді. Айта кетуіміз керек, Қазақстандағы бірқатар спорттық БАҚ «Оқжетпес» футбол клубының бұрынғы футболшысы Дарко Зоричтің өзіне және командаластарына клубтың 2020 жылға берешегі туралы мәлімдемесін жариялаған болатын. Өз мәлімдемесінде Зорич мырза «Оқжетпес» ФК-ның тек бір өзіне ғана өсімімен 33 миллион теңге қаражат берешек екендігін айтып жар салды. Ал, «Оқжетпес» ФК басшылығы Дарко Зорич талап еткен сомамен келіспей отыр. Оқжетпес жалғыз Д.Зоричке ғана емес, жалпы тоғыз футболистке қарыз екен.
– Қазақстанда пандемияға байланысты өткен жылы төтенше жағдай режимі енгізіліп, футболдан Қазақстан чемпионаты тоқтатылған еді. Шарт бойынша клубтың барлық қызметкерлеріне, жалақының 50 пайыздық мөлшері төленді. Сонымен қатар, 2020 жылғы 16 сәуір күні спорт сайтында Vesti.kz Ерлан Бөтембаевтың сұхбаты жарияланып, онда ол ойыншылардың 50 пайыз төлем жасауға келісім бергенін айтып мәлімдеген болатын. Клуб қызметкерлерінің ешқайсысы бұрынғы директордың жария мәлімдемесін жоққа шығарған жоқ. Алайда, уақыт өте Дарко Зорич өз сөзінен тайып, клубтың оған көп көлемде қаржы қарыз екендігін мәлімдеп отыр, – дейді Юрий Бондаренко. Жалпы осы дау-дамайдың салдарынан ҚФФ КДК отырысында «Оқжетпестің» Милан Стояновичке, Тарас Бондаренкоға, Дарко Зоричке, Талғат Күсеповке, Алтынбек Сапаровқа, Артем Дмитриев пен Даниил Чертовқа 2020 жылға берешектерді төлеу жөніндегі комитеттің шешімін орындамау мәселесі қаралып, отырыс шешімімен «Оқжетпес» командасынан тоғыз ұпай алынып тасталып, клуб Премьер-Лигада өту мүмкіндігін жоғалтып алды.
Отырыс барысында қоғамдық кеңестің кей мүшелері клуб директоры Юрий Бондаренкоға өткір сұрақтар қойып, мәселенің анық-танығын ашып айтуын талап ете отырып, мән-жайды бүге-шүгесіз түсіндіруін сұрады. «Легионерлерге жалпы қанша сома қаражат қарызсыздар? Сіздер былай дейсіздер, олар басқаша айтады. Сіз бұл мәселе шешілді дейсіз, шешілсе «Оқжетпеске» 9 ұпайы қайтарылып, жоғары топқа неге өтпей қалды? Командада жергілікті футболшылар неге аз? Легионерлердің миллиондап ақша алатыны қалай? Бюджеттің бөлінген қаражаты ақталмай жатқандығы неліктен?» деген тұрғыда қойылған өткір сұрақтарға клуб директоры нақты жауап бере алмай, абдырап қалғаны да рас. Бұл жерде алдымен, футболшылардың жалақылары сөз болып, сараланды.
Былтыр Премьер-Лигадан түсіп қалып, қазір бірінші лигада ойнағанның өзінде кей футболшылардың айлығы 3 миллионға жетіп жығылады екен. Жалақының көптігін Д.Зоричтің жалақыдан төленбеді деген қарызының өзі 30 миллион теңгеден асып түсетіні-ақ жақсы көрсетіп береді. Сонда 60-70 мың теңге айлықпен күнелтіп отырған қатардағы адамдардың жағдайын салыстырып көріңіз. Сондықтан, отырыс барысында ойыны мардымсыз, мұндай футбол командасын ұстап не қажеті бар, одан да ол қаржы бұқаралық спорт түрлеріне жұмсалсын деген ойлардың да айтылып қалуы заңдылық. Сол Ю.Бондаренко айтқан 50 пайызын алып тастағанның өзінде клуб Д.Зоричке үш айда 15 миллион теңге қарыз болып шыққан. Клуб директоры мұндай көп айлық төлеуді футболшылар жиі жарақат алады, бұл қауіп-қатері көп спорт түрі деп түсіндіреді.
Алайда, кеңес мүшелерінің айтуынша, бұдан да қауіпті спорт түрлері бар. Бюджеттен осыншама қыруар ақша бөлінетін футбол спорты біздің өңірде әлі де болса кенже қалып отыр. Осыдан кейін өз жанкүйерлерінің үмітін ақтай алмай жүрген «Оқжетпеске» осынша қаржы құюдың аса қажеттігі бар ма деген ойға қалатынымыз шындық.
Жиын барысында Көкшетаудағы «Арлан» хоккей клубының жұмысы туралы Олжас Қанғожин есеп беріп, Ақмола облысы бойынша қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы ставкаларын арттыру туралы «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің НҚА жобасы жетекшісінің орынбасары Айтжан Құсманова, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының орынбасары Айдос Жакилин сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Мұнда да мәселенің жай-жапсарына қарай баяндамашыларға біраз сұрақтар қойылды. Отырысты кеңес төрағасы Сағынтай Елубаев қорытындылап, әсіресе, қатысушылар белсенділігіне өз ризашылығын білдірмей тұра алмады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар