Тұрғындардың тұрмыс жағдайы басты назарда болуы керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болып, актив мүшелеріне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша және аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдау білдіруі негізінде өз өкімімен Ақкөл ауданының әкімі етіп тағайындаған Юрий Викторович Курушинді таныстырды.

Аудан активі алдында сөз сөйлеген облыс әкімі ақкөлдіктерден жаңа әкімге қолдау көрсетуді сұрады. Ақкөл өңірінің жалпы тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын айта келе, ол жаңа әкім мен оның командасының алдына бірқатар міндеттер қойды:

–Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту керек. Аудан бұл салаға былтырғыдан екі есе көп инвестиция тартуға мүмкіндік алғанымен, жаңа өндіріс орындарының ашылуына қол жеткізілмеді. Өкінішке орай, бұл салада жұмыс істейтін ірі компаниялар жоқ. Екі инвестициялық жоба ғана бар, ол өте аз. Ауданда мал шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар, – деген өңір басшысы, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетіне де толығырақ тоқталды.

– Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың 10 жылында бес жоба жүзеге асырылды – бұл жеткіліксіз көрсеткіш. Мұнда бизнестің ыңғайлы жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, ауылдарды абаттандыруға қаржылай игіліктер жеткілікті екенін айта кету керек. Тұрғын үй салып, әлеуметтік нысандарды жөндейміз. Әкімдік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне қатысты баға саясатын ерекше бақылауға алуы керек, – деген облыс әкімі Ермек Боранбайұлы, бұл жұмыс нәтижелі болуы үшін жәрмеңкелер өткізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін баса айтты.

Жиыннан кейін облыс әкімі биылғы жылы пайдалануға берілген жаңа блок-модульдік қазандықта болды. Онда өнімділігі 0,6 Гкал/сағ, екі қазандық орнатылған. Осылайша екі қабатты екі үйді орталықтандырылған жылумен қамтуға мүмкіндік туғызылған. «Егер тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етсек, адамдар ауылдан кетпейді», – деп атап көрсетті Ермек Маржықпаев.
– Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Қаншама жыл үйімізді өз күшімізбен жылыттық. Ал, қазір пәтеріміз жылы да жайлы, көмір іздеудің қажеті жоқ, – дейді тұрғындар өздерінің мақтаныштарын жасыра алмай.

Өңір басшысының ат басын тіреген келесі нысаны болашақ қонақ үй мен емдеу-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңы болды. Ол Ақкөлдің шетіндегі көрікті жерде, орманның айналасында орналасқан. Жоспар бойынша мұнда әрқайсысы 50 дем алушыға есептелген төрт корпус, оған қоса, жиырма шақты коттедж бой көтеретін болады. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2022 жылдың бірінші тоқсаны. «Ең бастысы мұндай құрылыстар салғанда табиғатқа зиян келтірмеу маңызды», – деп ескертті өңір басшысы.

Аэлита ТАЕВА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Ақкөл ауданы.

Тағайындау

Юрий Викторович Курушин 1976 жылы 30 сәуірде Ақмола облысы Шортанды ауданының Жолымбет кентінде дүниеге келген. Білімі жоғары.
2001 жылы Қарағанды экономикалық университетін экономист-бухгалтер, 2013 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін экономика ғылымдарының магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Алғашқы еңбек жолын 1995 жылы Шортанды ауданы бойынша салық комитетінде жетекші салық инспекторы болып бас-тап, одан әрі осы салық комитетінде салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бастығы, комитет төрағасының орынбасары, салықтық әкімшілендіру, салық есебін салықтық тіркеу, қабылдау және пысықтау бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған.

2006-2012 жылдар аралығында Ақкөл ауданы бойынша салық басқармасының бастығы, 2012-2013 жылдары Жақсы ауданы бойынша салық басқармасының басшысы, 2013-2017 жылдары Ақкөл ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы, одан әрі Ақкөл ауданы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет істеген.

2018 жылдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары қызметін
атқарған.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар