Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Ризанов Жер кодексіне енгізілген түзетулер мен отандық инвесторларды ынталандыру мәселелері туралы баяндап берді.
Жер заңнамасын жетілдіру мақсатында республикада ағымдағы жылдың басында Жер реформасы бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, аграршылар, салалық бірлестіктер мен фермерлер одақтарының және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, саясаттанушылар, блогерлер, журналистер кірді.
Ақмола облысынан комиссия құрамына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің директоры Иван Сауэр, «Гормолзавод» серіктестігінің директоры Ерсайын Жақсылықов, «НТК Агрофирмасы» серіктестігінің директоры Батырбек Уәлиев пен «Қараөзек» серіктестігінің директоры Нартай Ысқақов кірді.
Комиссияның негізгі міндеті – жер қатынастары саласындағы проблемалық мәселелер, оның ішінде Үкімет басшылығы деңгейінде шешімдер қабылдауды талап ететін ұсыныстар мен ұсынымдар бойынша әзірлеу болып табылады. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Онда шетелдіктерге, шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ,
Отанына оралған этникалық қазақтарға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге толық тыйым салынған болатын. Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның ұсыныстарын қарау барысында 2021 жылы 30 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Аталмыш заң 2022 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енгізіледі, – деп атап өтті жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Ризанов өз сөзінде.
Алдағы уақытта, жер пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейтумен қатар, жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органның құзыретінен жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің құзыретіне беру көзделген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерінің ірі алқаптарын «бір қолға» беруді болдырмау мақсатында шаруа немесе фермер қожалығының, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің ең жоғары мөлшерін айқындау мәселесі шешілуде.
Жиын соңында жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыру мен жер қатынастары саласын жетілдіру бойынша құзыретті органдар тарапынан қажетті іс-шаралар қабылданатыны жөнінде айтылды. Бұл отандық кәсіпкерлерге бизнесті қолайлы жүргізу үшін оңтайлы жағдай туғызады деп ойлаймыз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.