Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
21 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні - АРҚА АЖАРЫ

21 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні

Дастархан мол болсын

Нұр-Сұлтан қаласын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету белдеуінде Ақмола облысы тарапынан игілікті істер атқарылуда. Дегенмен, бар мүмкіндікті сарқа пайдалансақ, әлі де ырысты молайтуға болатын тәрізді. Жаман тұмау жалпақ әлемді бір қауыздың ішіне сыйғызып жіберердей болып қусырып тұрғанда, дастарханның жүдемеуі маңызды мәселе. Азық-түлік бағасының мысықтабандап өсіп келе жатқаны жасырын емес. Біздің елімізде ғана емес, әлемнің әр қиырында алаңдаушылық бар.

Соңғы деректерді сүзіп шықсаңыз, бар шаруасына ыждаһатты шетелдің өзінде азық-түлік бағасының өсіп келе жатқандығы байқалады. Ал, бізде үстіміздегі жылдың тамыз айында ғана азық-түліктің кейбір түрлері 33 пайызға қымбаттаған. Атап айтқанда, қант 9,6, өсімдік майы 6,7, ұн бағасы 8,8 пайызға көтерілді. Бұл жағдай еліміздің ішкі рыногындағы бағаның өсуіне себеп болып отырған сыңайлы. Демек, зәрулік те, сұраныс та бар. Нарықтағы бағаны қалыптастыратын да осы себептер.

Өңірдегі сәтімен сабақталып жатқан істі тілге тиек етсек, алдымен сүт және сүт өнімдері туралы таратып айта кетуге болады. Астана сөрелеріне жыл басынан бері 94,3 мың тонна сүт өнімдері жеткізілген. Ауыз толтырып айтуға лайықты өсім бар. Үстіміздегі жылдың 10 айының ішінде жылдық жоспарды орындап отыр. Солай бола тұра дүкен сөрелеріндегі шет елден жеткізілген ұнтақ сүт әлі де самсап тұр. Жергілікті өнім бәсекелестікте бәсі жоғарылап, сапасы күмәнді өнімдерді ығыстыра алмай тұр.

Үстіміздегі жылы өңірде 4,2 мың бас сиыр сауылатын 19 тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыру межеленген болатын. Қазір облыста 11 ферма ұйымдастырылып, 1461 бас сүті бұлақтай асыл тұқымды сиыр сауылып, ісі алға баса бастады. Бұл орайдағы жоспарды 57,9 процентке орындады. Жыл соңына дейін 1933 бас сауын сиыры бар 7 тауарлы-сүт фермасы іске қосылатын болады. Астрахан ауданы жылдық жоспарын 200 пайызға орындаса, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай тәрізді аудандар алға қойған мақсат үдесінен табылып, тапсырманы 100 пайыз орындап шықты. Жекелеген аудандарда сүт және сүт өнімдерін өндіру табысты салаға айналуда. Өндірілген сүт көлемі де тәп-тәуір. Айталық, астрахандық малсақ қауым жыл басынан бері 319,9 тонна сүт дайындаса, Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Ақкөл ауданында 267,8 тонна сүт сауылған.

–Алдағы уақытта ұйымдасқан шаруашылықтарға салмақ түсетін болады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – өйткені, тұтынушылар сапаға айрықша мән беріп отыр.

Осы арада астаналықтардың дастарханына жеткізілетін сүт және сүт өнімдерін молайтуға әбден болатын, әзірге тұтастай қолға алынбай жатқан резервтің бар екенін айта кетелік. Ол жекеменшіктің қолындағы сүт. Ауыл шаруашылығын дамыту шеңберінде облыста 23 сүт қабылдайтын модульдік орындардың ашылғандығын айта кету парыз. Бірақ, бір шеті мен бір шеті күншілік жол болатын, аумағы тым үлкен өңір үшін аздық етеді. Осы 23 орын ғана 17,1 мың тонна сүт жинаған. Осы бір ғана мысал кооперативтердің қажет екенін айғақтайды. Тек басында таудай болып басталған бастама соңғы уақытта сұйылып кетті.

Облыс немесе аудан орталықтарына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары болмаса шалғайдағы шағын ауылдарда бұл мәселенің мұрты бұзылмай жатыр. Егер әрбір ауылдық кеңесте халықтың қолындағы сүтті бір орталыққа жинап, сатып алуды ұйымдастырса, екі жаққа да тиімді болар еді. Біріншіден, мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым бағымдарындағы азды-көпті малдың сүтін сатып, қаражат тапса, екінші жағынан сүт зауыттары сапалы әрі арзан сүтке қарық болады. Есесіне өнім көлемі де кем дегенде екі есеге жуық көбеймек. Сол кезде сүт өнімдерінің арзандауы әбден мүмкін. Бағаны нарық белгілейді емес пе? Тағы бір тиімді жері елдің қолындағы мал өз төлі есебінен көбеймек. Сүтін қажетіне жаратып, тиын-тебен тапса, қыстық жем-шөбін де ақтың арқасында сатып алуға мүмкіндік туады.

Ет өндіру бағытында да сүбелі іс атқарылуда. Өткен он айдың ішінде 20,8 мың тонна ет және ет өнімдері өндіріліп, Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне жөнелтілді. Үстіміздегі жылы 112 етті 5,9 мың бас қара мал өсіретін ферма ұйымдастырылуға тиісті еді. Қазіргі күні 57 фермада 3466 бас мал бағылуда. Яғни, жоспар 58,5 пайыз орындалды. Жыл соңына дейін 827 бас мал бағатын 17 ферма өз жұмысын бастамақ. Міне, осы орайда мүмкіндігінше мал басын көбейтудің жолын қарастырған жөн екендігін айтқымыз келеді. Жоғарыда жекеменшік шаруашылықтар сүттерін кәдеге асырып, мал басын көбейтетін болса, олардың төлі бордақылау алаңдарын да толтырмас па еді.

Азық-түлік молшылығын жасау үшін мықтап қолға алатын әзірге кәдеге аспай жатқан резерві осы. Әрине, төл толымды, асыл тұқымды болуы керек. Ғалымдардың есептеуінше қара мал 18 айда тірідей салмағы 4 центнерге жетуге тиісті. Егер одан асып кетсе, өзіндік құны қымбатқа түседі. Өйткені, артығырақ бағылып, жемшөп шығын болады. Ал, бұл көлемге жету жеке шаруа үшін мүлде мүмкін емес. Жеке шаруаның қолында байытылған жемшөп жоқ. Бұл орайда ұйымдасқан бордақылау алаңдарының қолы ұзын. Ендігі бір мәселе, мал тұқымын асылдандыру. Асыл тұқымды қара мал ғана 18 айдың ішінде жоғарыда біз айтқан салмақ жинай алады.

Облыстағы малсақ қауымның бағымындағы малдың 21,2 пайызы ғана асыл тұқымды. Демек бұл орайда да атқарар шаруа шаш-етектен. Мал тұқымын жақсарту үшін 1107 асыл тұқымды бұқа сатып алынған. Келер жылы асыл тұқымды мал көлемі 34,4 пайызға көбейеді деген үміт бар. Егер асыл тұқымды мал басы көбейсе, сапалы ет және ет өнімдері молая түспек.

Өңірде картоп пен сәбізді өсіру көлемі артқанымен, өнім бағасы берекелі күзде де арзандай қойған жоқ. Өзге өңірлерден жеткізілетін көкөніс бағасына оны тасымалдау мен бөлшек сауда шығыны әсер ететіндігі сөзсіз. Егер нақты шаралар қолға алынбаса, бұл өнімдердің бағасы одан әрі шарықтауы әбден мүмкін.

–Бүгінгі күні облыс бойынша сауда жүйелерімен және тасымалдаушылармен 71,5 мың тонна тауарға келісім жасалды. Бұл жұмыс жалғасуда. 1 қарашаға дейін тұрақтандыру қорына 30,4 мың тонна бидай жиналуға тиісті. Оның әр тоннасы 90 мың теңге төңірегінде болуы керек. Әлеуметтік нан сататын 6 дүкен бар. Азық-түлік тауарларының 8 түріне 1,1 миллиард теңге несие берілді. Оның ішінде сүт өнімдері, қант, құс еті, картоп бар. Тұрақтандыру қорында 261 тонна күріш, макарон, қарақұмық жармасы, қант, ұн, өсімдік майы тәрізді өнімдер бар. Бүгінгі таңда аталмыш корпорация тұрақтандыру қорына күнбағыс майын, ұн, қырыққабат, сәбіз, пияз бен картоп сатып алу үшін конкурс өткізуде. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінбекші. Қаржының жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгені құрайды,–дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.

Жыл басынан бері астанаға 192 миллион дана жұмыртқа тасымалданды. Азық-түлік белдеуін дамыту аясында 46 жоба жоспарланса, оның 18-і жүзеге асырылды. Өткен жылы жұмыртқа қыркүйек айынан бастап қымбаттай бастады. Облыс жұмыртқа өндіруден еліміз бойынша екінші орында тұрғанымен, қордаланып қалған мәселе аз емес.

–Құс өсірушілер бағаның өсуінің жанама себептері көп деп түсіндіруде, – дейді Қасым Итқұсов, – ең алдымен құс азығы қымбаттады, электр энергиясы, газ бағасы да өсіп келеді. Шаруашылықтар шығынмен жұмыс істей алмайды ғой. Оның үстіне «Ижевск» өндірістік кооперативі жүйесін жаңғырту үшін біршама уақыт тұрып қалды. Қазір «ҚазГерҚұс» серіктестігі 42 теңгеден босатуда. Өнім тұтынушыға жеткенше бағаның өсіп кететіні белгілі.

–Мәселен, картоп өсірушілердің жұмысының нәтижесін сараптасаңыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – жай алқаптардан алынған өнімнен суармалы алқаптардан алынған өнім үш есеге жуық көп. Демек, тауар өндірушілер табиғат сынына төтеп беруі үшін суармалы жерлердің көлемін көбейткендері жөн. Мемлекет те бұл орайда үлкен көмек көрсетуде. Айталық, ауыл шаруашылығы техникалары құнының 25 пайызы мемлекет тарапынан қайтарылатын болса, суармалы жерлерге қажетті құрылғылардың 50 пайызы өтеледі. Өте көп көмек емес пе?!

Мамандардың сараптауына қарағанда, екінші нан облыстың ішкі қажеттілігі мен Нұр-Сұлтан қаласының тұтынушыларын қамтамасыз етуге толық жеткенімен, сақтау қиын екен. Картоп өсірушілердің барлығында бірдей көкөніс қоймасы жоқ. Сондықтан, олар өндірген өнімдерін жаңа жылға дейін сатып жіберуге мүдделі. Көктемде бағаның күрт өсуі осындай келеңсіздікке байланысты. Алдағы уақытта азық-түлік бағасының тұрақтануына әсер ететін осы жай шешімін табуға тиісті. Сонда екі жаққа да тиімді болмақ. Картоп өсірушілер өнімдерін күзде амалсыздан арзан бағаға өткізбей, жыл бойы саудаларын сәтімен сабақтамақ. Ал, тұтынушылар болса тұрақты бағамен сатып алады.

Әлеуметтік маңызға ие 17 түрлі азық-түлік тауарымен толықтай Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелерін қамамасыз етуге қауқарлы өңірдің ішкі мүмкіндігі әлі де бар. Тек соны ілкімді пайдалана білсек қана ұтымды болмақ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар