Елбасы және Қазақстан армиясы

Тәуелсіздіктің 30 жылында республикамыздың қорғаныс қуаты еселеп артты. Осы тарихи кезеңді рет-ретімен жүйелеп айтар болсақ, Елбасының 1991 жылдың 25 қазанындағы Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Көп ұзамай ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Тәуелсіз елдің заңдық құқықтары негіздеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Президенттің 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығы бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса Отанымыздың қарауына өтті.

Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз қолына алды, ал Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Осылай сан салалы саяси ынтымақтастық келісім арқылы тәуелсіз еліміздің территориясына орналасқан әскери бірлестіктер, құрамалар, бөлімдер, мекемелер, ұйымдар, полигондар, арсеналдар, сақтау базалары мен қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер бұдан былай Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болатындығы туралы шешім қабылданды.
Нәтижесінде, тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Қарулы Күштерінің жасампаз жолы басталды. Кейін Елбасы осы жағдайды былай деп еске алды: «1992 жылғы 7 мамырда менің Жарлығыммен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Бұл салада біз барлығын жаңадан бастаған едік: штаттық кесте бойынша офицерлердің 40-45 пайызы ғана қалған; әскерлерді басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ; ескірген техникаға толы қоймалар; тәжірибелі ұшқыштар мен отынның жоқтығынан ұшпай тұрған ұшақтар; берекесі кеткен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ғана бар еді».
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанның қорғаныс саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды жоспар-жобалар қолға алынды. Себебі, ғасырлар ауысқан шақта әскери саланың әлеуеті көрші елдерден көш кейін қалып қойғаны белгілі еді. Нақтылай түскенде, құрыш танктердің 90-95 пайызы, артиллериялық жүйелердің 90 пайызы, әскери мақсатта пайдаланылатын ұшақтардың 70 пайызы, тікұшақтардың 80 пайызы жөндеуді қажет етті. Осындай күрделі мәселелердің болғандығына көз жеткізу үшін 2000 жылдың қараша айындағы есеп-қисап кезінде Спасск әскери базасындағы 1 515 шынжыр табанды техниканың 34-і ғана іске жарамды болды дегенге біреу сенсе, біреу сенбес.
Елбасы 1992 жылғы 8 желтоқсанда күштік ведомстволар құрамалары басшылары мен командирлерінің алғашқы жиналысында: «Біз – егемен, тәуелсіз мемлекетпіз, сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудың жалпы құрылымындағы ең өзекті мәселе болуы қажет. Сол себепті бізге саны жағынан шағын, бірақ заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, жоғары ұтқыр, білімді, егемен елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда түрлі іс-қимылға даяр армия қажет», деген кесімді пікірін айтты. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде Қазақстан армиясын қалыптастыруда әскери саладағы алғашқы нақты қадамдарды белгілеп, іске асырды.
«Нұрсұлтан Назарбаев көзқарасының прагматизмі қиын-қыстау сәттерде шешімін тауып, бұрынғы бірқатар Кеңес елдері басынан өткерген қателіктерді жібермеуге тырысты», деп еске алады тәуелсіздік жылдары Қорғаныс министрі қызметін атқарған армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев. Мұны Қарулы Күштерді жасақтау үдерісіндегі бірінші жеңіс деп бағалау қажет. Әрине, одан соң КСРО-дан қалған қаруды бөлісу, бізге қажеті жоқ ұрыс техникаларын, атап айтқанда стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды, баллистикалық зымырандарды Ресейге қайтарып беру, ядролық қарудан бас тарту процесі тәрізді шаралар жалғасты. Сонымен бірге, жас армияны жаңа техникамен жабдықтау ісі де сол кезден-ақ басталды. Қарулы Күштер құрылуының нәтижесінде қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мен әскери оқу орындары құрылып, бұрыннан барлары қызметін жандандыра түсті. Сөйтіп, тұтас бір саланың бәсекеге қабілеттілігі қамтамасыз етілді. Армия әлеуметтік саты қызметін де атқара бастады.
Кеңес заманында еліміздің кең-байтақ жерінде көптеген әскери база, небір құрамалар мен бөлімдер бар еді. Бірақ Елбасы айтқандай, олар қираудың аз-ақ алдында тұрды. Тек сол кездегі Жоғарғы Бас қолбасшының ерен күш-жігерінің арқасында аталған базаларда – Құрлық әскерлерін; әуе армиясының аралас авиациялық корпусының базасында – Әскери-әуе күштерін; әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпус құрамалары мен бөлімдерінің базасында осы аттас әскерлерді құруға мүмкіндік туды. Сөйтіп, Қазақстан армиясы Құрлық әскерлері, Әскери әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері және Әскери-теңіз күштері секілді әскердің дәстүрлі төрт түрінен тұрды.
Уақыт өте келе, 1999 жылдан бастап Қарулы Күштерді жасақтаудың түбегейлі реформасы жүргізілді. Әсіресе еліміздің Әскери доктринасында жазылғандай, Қарулы Күштердің басшылығы бейбіт уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы арқылы басқарылатын жүйе қалыптасты. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері тек қорғанысқа көңіл бөлген, жаппай қарулануды жақтамайтын, кәсіби деңгейі жоғары құрылымға айналды. Ел тарихында қабылданған төрт Әскери доктринамыздың барлығында қорғанысқа басымдық берілген. Сөйте тұра, бұл құжаттарда елге төнуі мүмкін ықтимал қауіп-қатерлер мен әлемдегі әскери-саяси жағдайлар ұдайы ескерілген. 2017 жылы қабылданған соңғы доктринада кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғыс пен оған тосқауыл қою амалдары да қарастырылған. Мұның өзі әскери саланың заманауи сын-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беруге икемділігін көрсетеді.
Оның жарқын келбетін біз Қазақстан Қарулы Күштері туралы пікір білдірген шетелдік сараптамалық жарияланымдардан анық аңғарамыз. Себебі, Орталық Азия өңірі мен посткеңестік елдер аймағы бойынша әскери қуаты жағынан біздің ел 2009 жылдың қорытындысында «жетекші үштікке» енген болатын. Бұл өз-өзінен болған жетістік емес. Өйткені, тәуелсіздік жылдарында Қарулы Күштерді жоғары дайындықта ұстап тұру арқылы елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты қағидасына айналды. Осындай мақсат пен міндеттің арқасында әскери дайындыққа көңіл бөлу күшейтілді. Мысалы, бір жыл ішінде ғана 52 түрлі ауқымдағы оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда бір жарым есе көп еді. Олар – «Әскери әріптестік», «Әуе күштері», «Дала қыраны» сынды сарбаздар дайындығын шыңдау шаралары болатын. Осы орайда Мәтібұлақ полигонында ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) аясында халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Бірлескен әрекет-2009» оқу-жаттығуы да өте жоғары деңгейде өтті.
Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде Ресей және Қытай елдерімен, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен, НАТО-мен ынтымақтастық орнатылды. Елбасы саясатының арқасында Қазақстан әскери ынтымақтастықтың да көпвекторлы бағытын ұстанды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қатарлы бірлестіктер аясында бірлескен әскери жаттығулар өткізілді. Сонымен қатар НАТО күштерімен бірге антитеррорлық дайындық жүргізілді. Қазақстан Қарулы Күштері ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауға атсалысып, 9,5 мыңнан астам сарбаз бен офицеріміз тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Ал 2005-2008 жылдар аралығында «Қазбат» батальоны Ирак жерін минадан тазарту жұмысына белсене көмектесті. Иракта капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты. Әрине, сарбаздар қазасы жайлы деректер күрсінткенімен, Қазақстан әскері мол тәжірибеден өткені, сарбаздардың білімі мен біліктілігінің артқаны, әлемдік қауымдастық алдында ел беделінің өскені көңіл жұбатады.
Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінде Ресей, Беларусь, Израиль, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттердің түрлі техникасы қолданылып жүр. Қазақстан радио-электронды байланыс құралдарын, радиолокациялық жабдықтарды, түнде көру құрылғыларын, бронды көліктерді, әскери катерлерді құрастырып, патрон өндіретін деңгейге жетті. Бүгінде Қазақстан аспанын С-300 тәрізді зениттік зымыран кешендері қорғап тұрса, әуе күштері Су-30СМ, МиГ-31 тәрізді ұшақтармен жабдықталған. Отандық «Арлан» көліктері, түріктің бронды машиналары, француздармен бірлесе құрастырған «Нұр» радиолокациялық кешендері елдің қорғаныс қабілетін арттырғаны сөзсіз.
Бүгінде Қарулы Күштердің жеке құрамының 75 пайызы келісімшарт бойынша қызмет етеді. Яғни, кәсіби әскер. Одан бөлек, Қазақстан әскерінің жеке құрамының саны да шағын. Шамамен, 100-110 мың шамасында. Қарулы Күштерді осындай үлгіде дамыту қоғам үшін де, елдің қорғаныс қабілеті үшін де пайдалы. Біріншіден, келісімшарт арқылы әскери қызмет өтеу көптеген жастың әлеуметтік мәселелерін шешіп, қоғамда өз орнын табуына септігін тигізсе, «Әскери баспана» бағдарламасы олардың баспанамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туғызды. Екіншіден, кәсіби түрде әскери қызметпен айналысқан жауынгерлердің даярлығы жоғары, олар қауіп-қатер туындай қалған жағдайда тез шешім қабылдауға қабілетті. Үшіншіден, кәсіби әскер мен армия жағдайының жақсы болуы халықтың Қарулы Күштерге сенімін нығайтады. Түйіндей айтқанда, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы айтулы жетістіктерінің қатарына кәсіби армияның жасақталуын қосқан жөн. Осы жөнінде Елбасы: «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін әскери доктрина түзілді. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазір армия кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет», деген еді.
Жаужүрек ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еншілеп, ұрпағына аманаттаған, әлемдегі тоғызыншы территория болып саналатын қасиетті қазақ жерін қазіргі алмағайып заманда көз алартқан дұшпаннан қорғайтын құрыштай берік қалқанымыз бар деп сенеміз.
© egemen.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар