Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әр мәселеде адам тағдыры бар - АРҚА АЖАРЫ

Әр мәселеде адам тағдыры бар

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаев партияның қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өңір тұрғындары көтерген бірнеше өзекті мәселенің шешу жолдарын қарастырды және осыған орай тиісті орындарға міндеттер жүктеді.

Партия филиалы төрағасының қабылдауына алдымен бурабайлық Дулат Қуанышев кіріп, жағдайын баяндады. Елуді еңсерген оған 2 топтағы мүгедек ретінде 2019 жылы Щучинск қаласынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1 бөлмелі арендалық пәтер беріліпті. Қабылдауда арызданушы пәтердің суықтығын айтып, оның балконын пластикалық тереземен қаптап беруін өтінді.

Оған шамамен 250-300 мың теңге көлемінде қаржы керек екен. Мемлекеттен 52 мың теңге жәрдемақы алып отырған оның бұл ақшасы коммуналдық төлемдер мен азық-түлігінен артылмайтындықтан, әкімдіктен көмек сұрай келіпті. Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаевқа жаңа жылға дейін арызданушының балконын пластикпен қаптап берудің жолдарын қарастырып, жағдай жасап беруді тапсырды. Бұл жерде әрине, аудан әкімдігі арнайы қаржы бөліп жасап бермейтіні белгілі, тек кәсіпкерлердің көмегіне жүгініп, ұйымдастырулары ғана мүмкін.

Көкшетау қаласының тұрғыны, зейнеткер, өнертапқыш Ағайдар Дайыровтың әкімнің қабылдауына келгендегі мақсаты – өзі ойлап тауып, патенттеп алған «Гидроэлектростанцияның шөмішті түрі» атты ғылыми жобасын іске асыруға ықпал ету. Осыдан екі жыл бұрын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне де көмек сұрай барған екен, олар бұл жобаның ҚР Білім және ғылым министрлігінің комитеті бөлетін қаржылай гранттардың тізіміндегі инновациялық жобалардың қатарына кірмейтінін түсіндірген. Десе де, облыс әкімі жобаның маңыздылығын әлі де зерделей түсу қажеттігін ескеріп, жобаға лицензия берген жоғарыда аталған университеттің ғалымы мен осы саланың бірқатар мамандарын шақырып, кеңесу керектігін ұсынды және ауыл өнертапқышымен тағы да кездесетінін айтты.

Бұдан әрі қабылдауға «Шерол 2017» серіктестігінің директоры Жеңіс Сегізбаев келіп, облыс орталығында іске асыру үшін жанар-жағар май жеткізуге ықпал етіп, көмектесуін өтінді. Бұрын серіктестікке жанар-жағар майды «Petrosun» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізіп тұрыпты. Ағымдағы жылдың шілдесінен бері бос ресурстардың жоқтығы салдарынан, бұл серіктестік жанар май жеткізбей қойыпты. Аймақ басшысы жанар-жағар май мәселесінің еліміз бойынша өзектілігін атап өтіп, тиісті кодекске сай кәсіпкерлер арасындағы ішкі жұмыстарға мемлекет пен мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейтіндігін ескертіп, мәселені кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бақылауына тапсырды.

Күнсұлу Бейсенова 2009 жылдан бері Көкшетау қаласында әлеуметтік осал топқа жататындар тізімінде пәтер кезегінде тұр. Жалғыз басты ана сол кезде кезекке 1400-ші болып тіркеліпті. Кейін тексергенде 1200-інші, одан кейін кезегін тағы бір көргенде 900-інші болған екен. Алайда, соңғы рет қарағанында қайта 1400-ші болып кетіпті. Осындай келеңсіздіктен кейін ол облыс әкімінен пәтер кезегінің жылжу тәртібін сұрады. Ал, облыс әкімі қала әкімі Бауыржан Ғайсаны Күнсұлу Манапқызын жеке қабылдап, мәселесін шешіп беруді міндеттеді.

Қабылдау соңында Ермек Маржықпаев тиісті мекеме басшыларына әр мәселенің маңыздылығын ескертіп, халық игілігі үшін жауапкершілікпен жұмыс істеу керектігін тағы бір мәрте атап өтті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар