Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біздің жақтың көріп пе едің даласын!.. - АРҚА АЖАРЫ

Біздің жақтың көріп пе едің даласын!..

Нұрислам ӘБДІЛ республикалық, облыстық ақындар айтысы мен мүшәйралардың жүлдегері. Мамандығы театртанушы. Көрнекті қоғам қайраткері, театртанушы, аудармашы, профессор Әшірбек Сығайдың төл шәкірті. Қазіргі таңда Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінде оқытушылық қызмет атқарады. Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі.

ТЕАТР
Театр, төрт қабырға, бір шымылдық,
Ар жағында перденің тұр сұлулық.
Ал, сахна сайыстың шаршы алаңы
Махаббатпен айқасар сұм, зұлымдық.

Бірде жеңіп зұлымдық, бірде сезім,
Ақ пен қара айқасқан күй кешемін.
Драматург – құрып берген шахматтың,
Режиссер – жылжытып тұр көшегін.
Режиссер жүктеген ғалам мұңы,
Қартайтар қаранардай табандыны.
Артистің сорлылығы-мамандығы,
Бақыты-кəсібіне адалдығы.

Келген кезде мен мұнда аңдағаным,
Тіршілігі осында бар ғаламның.
Төрт қабырға ішіне төрткүл дүние,
Қалай сыйып кеткен деп таңқаламын?!.
Беу, театр!..

«МАСКА»
Уа, театр!
менің тұңғыш, əрі соңғы ғашығым,
Ақылына жеңдіретін ашуын.
Өткенгі анау ғасырменен бір кеткен,
Ару қыздар осында əлі шашы ұзын.
Жусан исін жұпар етіп шашатын,
Мұң мен сырын айға ғана ашатын.
Сұқтанғандар сұсын көріп қашатын,
Көздіккеннің көзбен мысын басатын,
Осындағы есті, етекті қыздарға,
Есі кетіп ғашық боп жүр жас ақын.
Театрға билет алам күн бұрын,
Фильмінен мезі болып үндінің.
Театрға барған күнім əйтеуір,
Басқа күннен мың есе артық бұл күнім.
Ең алдыңғы отырып ап қатарға,
Жақынырақ түрін көрем құрбының.
Тербетіле тыңдай бергім келеді,
Әсем үнін, күлкісінің сыңғырын.
Кезіксем ғой дəл қазіргі кейпіңмен,
Қара асфальтқа еккендейін қыр гүлін.
Мейлі сырттай көрсемде осы бейнеңді,
Сенің болып кетер едім құлдығың.
Əйтпегенде сізбен жасты кейбір қыз,
Күндік жерден көрсетіп жүр кіндігін.

Бұл əнші қыз,
Гүл тереді қырманнан,
Əн салғанда үніне əлем ырғалған.
Тіпті оның пьесада жоқ есімі,
Аты- жөнін естімеген тыңдарман.
Ажар, Баян, Еңілікте емес ол,
Бірақ биік осы аталған қыздардан.

Ол көрмеген өсек-аяң не екенін,
Көрінгеннің ұстамаған жетегін.
Өзгелердей ел аузында өсек боп,
Ер түгілі жел түрмеген етегін.
Басты рөлді сомдап жүрген қыздардан,
Сол бір қызды өмірде айна етемін.

Енді міне спектакль біткелі,
Екі сағат сізді ұзақ күткелі.
Сізді қойшы киім ілер апай да,
Бір сағаттай мұннан шығып кеткелі.
Əлде əлгі сахнадан көрген қыз,
Періштедей көктен түсіп кеп пе еді.
Өйткені бұл театрдан бірде қыз,
Қос етекті көйлек киіп өтпеді.
Əдеттегі əдетімдей əл құрып,
Енді, міне, кетіп барам өкпелі…

Р:S
Моншақ тағып кешкі қала аспаны,
Күзетші де есік жауып тастады.
Кілт қайтадан ашылды да есігі,
Қыздар шықты түрлі-түсті шаштары.
Көп сарылып күткен қызым қайсы екен
Сахнада киіп жүрген масканы?

КЕЛЕР КӨКТЕМ
Ақ боран, ақпан өтсе келер көктем,
Құдайдың құдіреті шебер неткен.
Қар астынан көктеген қарғалдақтай,
Көктемді сүйем жұпар өлең деп мен.

Ақпанмен бірге кетсін салқын, суық,
Табиғат көктем әнін сал құлшынып.
Жер ана қойынына қар, су сіңіп,
Бүр жарсын, шешек атсын бар тіршілік.
Қыс бойы төзген қауырт жұмысқа ауыр,
Осынау азап артқан тұрмыста бұл.
Білегі талған терек, тал, шыбықтар
Иығыңнан жүк түссін тыныста бір.

Көктемге әрең жеткен құр жаны қап,
Арық қой қуанғаннан жүр маңырап.
Уа, күн қабағыңнан мұзың еріп,
Қайтадан қыс келгенше тұр жадырап.

Құдайдың құдіреті шебер неткен,
Тілімен табиғаттың өлеңдеткен.
Тізіле сымға қонып сүйіншілеп,
Шымшықтар шырқаған күн келер көктем.

БІЗДІҢ ЖАҚ
Біздің жақтың көріп пе едің даласын,
Көзіңмен көр, жаныңмен сез ауасын.
Жер бетінде жұмақ мекен мен үшін,
Уа, Көкшетау жалғыз өзің ғанасың.

Сая тапқам сайғақтайын сайыңнан,
Сенде бесті боп есейдім тайымнан.
Немерелі болғанда әкем қуанып,
Ұрпағым деп бесік иген қайыңнан.

Тал-терегі би билейтін ырғалып,
Табиғаттың кереметі мұнда анық.
Сөзсіз қалқам ғашық болып қаласың
Сұлулығын көрер болсаң бір барып.

Ғажайыбы міне осында өмірдің,
Текеметі секілденген төрімнің.
Күзін көрсең көкірегің гүл ашар
Алтын астық бидайға бай өңірдің.

Дәл сен ондай көрген жоқсың ақпанды,
Жердің бетін аппақ күміс жапқанды.
Алақанға қондырасың қол жайып,
Ақ қанатты періштедей ақ қарды.

Әжем басқан бедеріндей сырмақтың,
Алқызыл түс сырын ашар жұмбақтың.
Көктемі де тым ерекше бұл жақтың,
Сенбесеңіз сәуірде кел қымбаттым.

Ал, шілдесі нағыз жайлы адамға,
Ақ жүзіңді сүйдірсең бір самалға,
Өн бойыңа күш құйылар табанда
Бұндай бақыт табылмайды ғаламда.

Келерің хақ бұйырған бір сәтте есен,
Әр сөзімді жалған деме әсте сен.
Көзіңменен көрсең Көкшетауымды,
Кеткің келмей қаларыңа бәстесем.

КӨКЖИЕК
Біздер ылғи бұрыңғыны еске алсақ,
Көз алдыңда көлбеңдейді өткен шақ.
Адам қызық бүгін аңсап өткенді,
Өзі жерде тұрады ылғи көкті аңсап.

Шіркін құс боп кетсек дейміз қалықтап,
Жаяу жүріп табан тозып жалықсақ.
Бір жеңілдеп алсақ дейміз кей кезде,
Не өзіңді, не біреуді айыптап.

Не дегенмен дәрменіміз жоқ біздің,
Тағдыр меншік қолымызда жоқ тізгін.
Бәрімізді күндеп отыр көрдің бе
Сымға қонып қарқылдаған көп құзғын.
Қазан ұрып қараша айы жеткенде,
Жаным тоңып жетсем деймін көктемге.
Менде ұшып кеткім келіп тұрады,
Күзде құстар жылы жаққа кеткенде…

Көк мұнарға қараңдаршы сәт бағып,
Ол жақта бар біз білмейтін патшалық.
Көшіп әне бара жатыр ақша бұлт.
Құстың бәрі солай кетті аттанып.

НҰРСАҚАННЫҢ ИЫҒЫНАН ШАШҚАН НҰР

Жылжып өмір, сырғып сәттер, өтті күн,
Жылда осы күн, есеп берем тек бүгін.
Шеше сенің жатырыңнан жаралып,
Көктем болып дүниеге кепті ұлың.

Ата-әжем жасыра алмай шаттығын,
Сүйіншілеп маңайға ат шаптырым.
Әкем мені қолына ұстап ең алғаш,
Ақ батасын алған жайсаң, жақсының.

Елестетсем көзімді ашқан сәтті бұл,
Қар астынан қарғалдақтар ашты гүл,
Ащы көлдің сөгіп қатқан, қар мұзын
Нұрсақан тас иығынан шашты нұр.

Туған жерден әкетсе де жыл ұрлап,
Мен сәуірмен тілдесемін сыбырлап.
Нұрсақанның иығынан шашқан нұр,
Жанарыма келіп қонған жымыңдап.

Көздегі оттың жарқылына жылынып,
Жақсылыққа жүрмін ылғи ырымдап…
Жазымыштан өлең жаздым шырындап.
Сағыныштан жүрегімді сығымдап.

ӘЛҚИСА
Әй, қарындас! көшені
әтірмен әрлендірген сезімнің.
Ақын, билер, шешендердің кешегі,
Қара өлеңі қарашығы көзімнің.
Париж, Дубай, тағы басқа шетелі
Отанымдай бола алмайды өзімнің.
Жаныңызбен түсінсеңіз жетеді,
Әлқисасын сөзімнің.

Керегі жоқ атақтың да ақшаның
Бай боп кетсе несі қызық бар адам.
Қазынасын төлесеңде патшаның,
Өнерімді сата алмаймын тап оған.
Тағдырыма разымын қашпадым,
Қазақ қылып мені туған жан анам.
Өлеңімнің өмірімнің бастадым
Әлқисасын жаңадан.
Шалды көрдім сүйретсе де балдағын,
Жағымсудан жағы талар ұшынып.
Аға көрдім ішке бүккен бармағын,
Ісің түссе кесек сөйлер ісініп.
Достың көрдім аяғынан шалғанын,
Сонда кімнің бойында бар кісілік?
Сөзім осы аңғара алсаң ар жағын,
Әлқисасын түсініп.

Мақтанғанда ақын елміз, батырмыз,
Ана тілдің елемейміз наз мұңын.
Тілмен бірге жойылуға жақынбыз,
Сезеді ішім қалғандығын аз күнім.
Дамыған ел боламыз деп жатырмыз
Өз ұлтының көрін қолмен қазды кім?
Әй, айтпақшы білуші ме ең әтір қыз
Әлқисаның мазмұнын?

Не десең де өзгешелеу өткен күн,
Ұлы рух тасқын атқан денемде.
Кешегі анау бекіре жал бектердің,
Әрбір сөзі айналатын өлеңге.
Қырсық қоғам тілге неге кектендің,
Хат танытқан заманда бұл кереңге.
Әлімсақтан қазақ деген текті елдің
Әлқисасы тереңде.

Білек түріп, алған беттен тайынбас,
Ортасынан енді астым жиырманың.
Неге Мағжан, Смағұлдар тағдырлас,
Тар заманның маңдайына сыймадың.
Өмірімде, өлеңіме сарындас,
Түсіне алсаң көкірегіңе құй нәрін.
Әлқисам сол, білесің бе, қарындас
Әлқисадай күй барын.

Көрермендей қолын соққан залдағы,
Бәрекелді деуге бірден ұмтылма.
Автордан да биік елдің талғамы
Болуы үшін түстім талай шыр-пырға.
Жануардың тілін білер қалмады,
Жылқыменен бірге өрген жұртымда.
Күй түсінер адам болмасаңдағы,
Әлқисаны бір тыңда.

КҮЗГЕ ҚАРАП
Табиғат өзертіпті тез реңін,
Жазғы күнді алмаспын қайыра сұрап.
Жыл сайын күз келгенде сезінемін,
Өмір мәңгі болмасын жайма шуақ.

Кеше ғана жүр едік бала болып,
Есейіп кетіппіз-ау біздер демде,
Балконнан есіл дертім далаға ауып,
Өткенге көз саламын күз келгенде.

Тізбегіне ілесіп тырналардың,
Ауылдан алғаш сапар шектім күзде.
Көптігін бұл сапарда шырғалаңның,
Неліктен ескертпеген ешкім бізге.

Қар жауардай қабағы тіршіліктің,
Қашан көрсең тұрады бізді ұнатпай.
Қуарғаны секілді гүл, шыбықтың
Көңілім тұнжырайды күзгі бақтай.

Не аспанда, не жерде қызық қалмай,
Құстар кетіп барады бұлтқа сіңіп.
Өз еңсесін, жігерін мүжіп талмай
Жұмысына барады жұртта асығып.

Көзбен көріп тау, тасын терең көлін,
Жаратылыс байласа маған қанат.
Туған жерге бір барып келер едім,
Күз қиялдап отырмын саған қарап…

ЖАҢБЫР

Жау жаңбыр, ағыл, төгіл, құй нөсерлеп,
Қайтайыншы малынып үйге сел боп.
Сенің құдіретіңді сезбеппін-ау,
Күн астында жарқырап күн кешем деп.

Батенкемді қолға ұстап жалаң аяқ,
Даланың жаңбырына қарамай-ақ,
Көліктермен жарысып жалғыз келем,
Шопыр біткен қарайды маған аяп.

Жонымнан өткен судың суығын-ай,
Жүрегімнің кетпеген кірі бұлай.
Сұлу қыздың шық тұнған жанарындай,
Тамшылардың мөлдірін, сұлуын-ай!

Басым су, киімім су, су денемде,
Уа көк аспан жанымды сумен емде.
Жаным қатты өзіңдей күйзелерме,
Табиғатты жанымдай сүймегенде.

ТҰМАН
Қиянат қасың түгіл шығар достан,
Адамнан сенім кеткен, күмән басқан.
Неге зіл боп түсірді еңсемізді,
Адасып ай қаңғыған, тұманды аспан.

Еріккеннен қамығып жүргенің жоқ,
Күрсінесің күстендім, кірледім деп.
Қара бұлтта сейілер жаңбыр жауса,
Жылап алсаң қаласың бір жеңілдеп.

Қанағат қыла бермей қара суға,
Шыр-пыр боп айналасың шарасызға.
Жайдан жай жел гуілдеп, боран соқпас
Ашуланып алған жөн арасында.

Ауыр ойдан қоғамның аһ ұрғаны,
Үйлердің үрпиісіп шатырлары,
Кір сіңіп қардай аппақ жүрегіне,
Күрсініп шылым шегіп жатыр бәрі.

Нұрислам ӘБДІЛ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар