Қазірдің өзінде 116 көп пәтерлі тұрғын үй тіркелді

Облыста көп пәтерлі тұрғын үйдің мүлік меншік иелерінің бірлестігін құру қолға алынуда. Бұл туралы 2019 жылғы 26 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл Заң басқару органдарының қызметін реттеуге, атап айтқанда, жеке көп пәтерлі тұрғын үйлердің «мүлік иелерінің бір бірлестігі – бір шот» жұмыс қағидаттарын құруға бағытталған. Осыған орай өңірімізде қолға алынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйдің мүлік меншік иелерінің бірлестігі туралы баяндап беру үшін Ақмола облыстық әділет департаментінің әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің жетекші маманы Мәдина Төкееваны әңгімеге тарттық.

– Көппәтерлі тұрғын үйдің мүлік меншік иелерінің бірлестігі дегеніміз не және оны құрудың қандай тиімділігі бар?

– Мүлік меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ) – бұл бір көп пәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері мен тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері ғана құратын коммерциялық емес нысандағы заңды тұлға. ММИБ-ны құру көп пәтерлі үйдің пәтерлері мен тұрғын емес үй-жайларының меншік иелеріне өз үйін өздері басқаруға, оны абаттандыруға және үйдің шотына түскен қаражаттың жұмсалу жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.

– Ал, оны құру тәртібі қандай болмақ?

– Алдымен, ММИБ-ны құру үшін бір көп пәтерлі тұрғын үй пәтерлері мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жиналысын ұйымдастырып өткізу керек. Одан әрі «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу туралы» Заң бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет қағидаларымен көзделген тізбе бойынша құжаттар топтамасы жиналады және осы құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» немесе «электрондық үкімет»: www.egov.kz веб-порталы арқылы әділет органдарына заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге ұсынылады.

– Мүлік меншік иелері бірлестігінің жиналысын шақыруға кімнің бастамашы болуға құқығы бар және оны қандай жағдайда өткізуге болады?

– Жиналыс үй кеңесінің, жай серіктестіктің сенім білдірілген адамның бастамасы бойынша, не тексеру комиссиясының талап етуі бойынша, не пәтер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің кемінде он пайызының талап етуі бойынша, не тұрғын үй инспекциясының бастамасы бойынша шақырылады. Жиналыс жылына кемінде бір рет өткізіледі. Алдағы жиналыс және оның өткізілетін күні туралы пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кемінде он күн бұрын жеке, сондай-ақ электрондық пошта немесе ұялы байланыс арқылы және жалпыға қолжетімді орындарда хабарландыру орналастыру арқылы хабардар етіледі.
«Кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі шешімдерді қабылдау қағидаларын, сондай-ақ, жиналыс хаттамаларының үлгілік нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 наурыздағы №163 бұйрығына сәйкес мынадай нысандарда жиналыс өткізіледі.

Яғни, ашық ерік білдіру жолымен, жазбаша сауалнама арқылы, ақпараттандыру объектілері арқылы талқылау және дауыс беру жолымен өткізілуі мүмкін. Сондай-ақ, жиналыста ММИБ-ны құру үшін келесі мәселелер қарастырылуы керек. Алдымен, үй кеңесін, ММИБ төрағасы мен тексеру комиссиясын таңдау, кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдау туралы шешім қабылдау немесе үй кеңесіне басқару нысанын таңдау туралы өкілеттік беру, ММИБ-ны бекіту және басқа мәселелер. Сондай-ақ, үй кеңесі үш жыл мерзімге сайланады, онда үйдің меншік иелерінің кемінде үш адамы болуы керек. ММИБ төрағасы үлгілік Жарғының нормаларына сәйкес пәтер иелерінің қатарынан бір жылға ғана, ал, тексеру комиссиясының мүшелері үш жылға сайланады.

Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді. Жиналыстың хаттамасына оның төрағасы, хатшысы, үй кеңесінің мүшелері қол қояды. Жиналысқа пәтердің меншік иелерінің кемінде 51 пайызы қатысуы тиіс. ММИ-ны құру үшін жиналғандардың жартысынан астамының келісімі қажет, бұл барлық пәтердің меншік иелерінің кемінде 26 пайызы болуы тиіс. Егер тұрғындар қандай да бір себептермен жиналыс өткізе алмаса, жазбаша сауалнама ұйымдастыруға болады. Жазбаша сауалнама жиналыс жарияланған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.

Жазбаша сауалнама арқылы дауыс беру қорытындылары хаттамамен ресімделеді. Дауыс беру парақтары мен жазбаша сауалнама парақтары жиналыс хаттамасының ажырамас бөлігі болып табылады және соған тігіліп, нөмірленеді.
Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысқа жеке өздері немесе өздерінің өкілдері арқылы қатысады. Пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің өкілдері өздерінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттарды (жалдаушы (қосымша жалдаушы) кондоминиум объектісін басқаруға қатысатын және дауыс бере алатын мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйге сенімхат немесе жалдау (қосымша жалдау) шарты) ұсынады. Пәтер, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесінің өкіліне берілген сенімхатта өкілдік беруші мен өкіл туралы мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты) қамтиды және ол заңнама талаптарына сәйкес ресімделетін болады.

– ММИБ-ны тіркеу үшін қандай құжаттар қажет және Ақмола облысында қанша көп пәтерлі тұрғын үйге тіркеу жұмыстары жүргізілді?

– Алдымен, ММИБ-ны мемлекеттік тіркеу үшін аумақтық әділет органдарына өтініш, жиналыс хаттамасы, ММИБ-ның жарғысы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін бюджетке бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тіркеу алымының төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат ұсынылады. Төленген түбіртек 2021 жылы 2917 теңгеге сәйкес келеді. Сонымен қатар, тіркеу «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдар мен өкілдіктерін есептік тіркеу туралы» Заңға сәйкес заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Мүлік меншік иелерінің бірлестігіне тіркеу жұмыстары өңірімізде 2020 жылдан бастап жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы бойынша 116 көп пәтерлі тұрғын үй аталмыш бірлестікке тіркелді. Бұдан әрі де тіркеу жұмыстары жүйелі сипат алады деген үміттемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар