Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасымен әр жүздесуім ескірмейтін бір естелік - АРҚА АЖАРЫ

Елбасымен әр жүздесуім ескірмейтін бір естелік

Өз басым кемеңгер тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола облысына, Зеренді ауданына және біздің «Викторовский» серіктестігіне сапарлары барысында Елбасымен оннан аса мәрте кездестім. Осындай кездесулердің бірі егін орағы науқаны жүріп жатқан тамыз айында болды.

Тұңғыш Президент егіс алқабына келіп, әр түрлі сұрыптар егілген алқаптағы егін шығымына қарап: «Жарайсың, Володя! Қандай бітік дақылдар өсіргесің»,– деді. Сол жыл көптеген аграршылар үшін айтарлықтай сәтсіз болды. Ал, біздің жағдайымыз біршама жақсы болып, Елбасымыз еңбегімізге жоғары бағасын берді. Кешкісін теледидардан Президентіміздің егіс алқабында болғанын, қолымен піскен егін масағын ұстап тұрғанын көрсетті. Мен бұл көріністі «Викторовский» серіктестігінің егіс алқабында түсірілгенін мақтан тұтамын. «Біз – бір командамыз» билбордында Президентпен қатар суретке түстім. Бірде Алматы қаласында таксимен келе жатып, Президентті қоршап тұрған елге еңбегі сіңген жандардың қасында өзім де бейнеленген ірі көлемді суретті көрдім. Мұны таксидің жүргізушісі де аңғарыпты. Ол маған қарап: «Сіз Назарбаевтың өзімен суретке түскенбісіз?!» деген таңданысын білдірді.

Еліміздің халқы өз Көшбасшысына аса құрметпен қарайтынына көзім жетті. Бірде Елбасының қатысуымен Щучинск қаласында кеңес өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев қалалық сүт зауытына барды. Кеңеске қатысушылар да онымен бірге еріп бардық. Біраздан кейін мен бір жұмыстарыммен осы кәсіпорында болғанымда, маған бір жұмысшы келіп: «Сізбен амандасуға бола ма?» деген өтініш білдірді. Мен таңқалдым, түрі таныс емес, ал ол болса : «Мен Сізді бізге келгендеріңізде Президенттің қасынан көрдім, сондықтан қолыңызды алғым келеді», – деді.

Мен бірнеше рет Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеп, аграршылардың жетістіктері туралы айтқан адаммын. Сол жолы Ұлт Көшбасшысы жер заңдылығын талқылау барысында жермен тікелей жұмыс істейтін, оны пайдалану ерекшеліктерін жете білетін диқандардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың сөзін зейінмен тыңдайды. Оларды әзілдері арқылы өзіне тартып, ашық сөйлеседі. Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ұлтаралық келісімді сақтап, бірлікті нығайту қажеттілігін әрдайым айтып отырады. Мен бірде оған өз шаруашылығымыз және қол жеткізген табыстарымыз туралы баяндап, өз ойымды айттым.

– «Викторовский» серіктестігінде әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері жұмыс істейді. Олардың арасында қазақ, орыс, неміс, грек, татар және өзге де ұлыстар бар. Біз достық қарым-қатынастарды берік сақтаймыз. Мемлекеттік мерекелерді бірге қарсы аламыз, бір-бірімізге қонаққа барып, отбасылық салтанаттарды бірге атап өтеміз,–дедім.

Елбасы мені мұқият тыңдап, «Жарайсыңдар, дұрыс бағыттасыңдар!», – деген құптауын білдірді. Біздің мемлекетіміздің басшылығында дана, келешекті бағдарлай білетін саясатшының болуы ел халқының бақыты деген ойдамын. Ол ширек ғасырдың ішінде Қазақстанды бүтін әлемге танытты. Көп ұлтты мемлекетте бейбітшілік пен өзара келісімді сақтай білді. 1995 жылғы жағдай тым ауыр болатын. Өте батыл, кей жағдайларда тәуекелге толы шешімдер қабылдауға тура келді. Тек бір көңіл көншітерлігі, көз алдымызда өнеге алар тұлға, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған, жас егеменді мемлекетті экономикалық тұйықтан сенімді алып шыға білген еліміздің Тұңғыш Президенті тұрды.

Кезінде мектепке жылу беру үшін түк көрінбейтін боранда жұмысшылармен бірге жанар-жағар майға бардым, жерлестерімді сол кезде үнемі жетіспей жататын нанмен қамтамасыз еттік, серіктестікті аяғына тік қоюға, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге талпындық. Бүгінгі күні «Викторовский» серіктестігі жан-жақты дамыған шаруашылық. Мұнда дәнді және бұршақты, майлы дақылдар, соңғы кездері қарақұмық егілуде, инновациялар да қатаң қадағаланады.

Озық шаруашылық атануымыз қажырлы еңбектің, инновациялық технологияларды, сапалы тұқымды, қазіргі заманғы техникаларды ұтымды пайдаланудың, оның ішінде еңбекақы мөлшерінің атқарылған жұмысқа сай болуының нәтижесі. Көп іс атқарсаң, сапалы өнімге қол жеткізсең, пайданы да еселеп аласың. Жерлестерімнің қалыпты тыныс-тіршіліктерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік мәселелерді шешуге де ерекше назар аударудамыз.

Бүгінгі күні де проблемалар баршылық. Олардың болмауы мүмкін емес. Дегенмен, еліміз қиындықтарды жеңе отырып, өзінің басты бағдары – халықтың қалыпты жағдайын Ұлы Дала мемлекетінің өркендеп, дамуын қамтамасыз ету мақсатын еңсеру жолымен сенімді қадам басуда. Ал, бұл – сөз жоқ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының ерен еңбегінің арқасы.

Владимир АНДРЮХИН,
«Қазақстан астық консалтингтік комитеті» серіктестігі бас директорының кеңесшісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар