Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жерден тамыр тартқан халық перзенті - АРҚА АЖАРЫ

Туған жерден тамыр тартқан халық перзенті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының былайша басталатын өмірбаян парақтарын бүгінде көбіміз білеміз. Н.Ә.Назарбаев 1940 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданына қарасты Шамалған ауылында дүниеге келген. Осы аталған ауыл Алматыдан таяқ тастам қашықтықта ғана қоныс тепкен. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы өткен. Осында есейген, ер жеткен, көк шалғынды табанымен сүрте жүгіріп, қатарластарымен даланы дүбірлете атқа шапқан, маңдайын күнге сүйдіре жүріп, жазғы демалыста мектеп оқушыларымен бірге егін орған. Былайша қарағанда, Отанымыздың тарихында қай-қай ұрпақ буыны бастан өткерген өмір жолдарынан өзге алабөтен ештеңе жоқ. Алайда, Президенттің туған ауылы, өскен жері, жан дүниеңді, рухани әлеміңді баурай түседі.

Аудан орталығы Қаскелең қаласында Н.Ә.Назарбаев он жылдықты бітіріп шыққан Абай атындағы қазақ орта мектебіне Абай есімі 1945 жылы 100 жылдық мерейтойына орай берілген.

Мектепте тәлім-тәрбие алған 400-ге тарта баланы 40 шақты ұстаз оқытқан. Болашақ Президентті білім нәрімен сусындатқан ұстаздар мен тәрбиешілердің есімдері де бүгінде бізге мәлім. Олар: Әбдірахман Байжанов, Қабдолла Құлмағанов, Гауһар Құлмағанова, Бағман Кенжекеев, Әзипа Сарыбаева, Уәли Игілманов, Қажыкен Қаңқашбаев, тағы басқалары.

–Нұрсұлтан шәкіртімнің алғашқы ұстаздарының дені қазірде жарық дүниеде жоқ, – деп бастап еді өз сөзін кезінде Сейітхан Исаев ақсақал. –Солай бола тұрғанмен, оның өз ұстаздарын қашанда айрықша қадір тұтып жүргеніне мен куәмін. Көп жыл Абай орта мектебінің директоры болған, өзге де басшылық қызметтерде істеген Ә.Байжанов марқұм айтып отырушы еді. Қарағанды обкомының хатшысы болып жүргенде үлкен басымен арнайы сәлем бере барып, ұстаз бен шәкірт әңгімелесіп, байырғы оқытушысының тұрмыс-тіршілігіне бір кездегі шәкірті қалай аянбай жәрдем жасағанын. Тіпті бертінде ел Президентінің Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесуінен соң болған мынадай бір оқиға да Нұрсұлтанның шынайы азаматтық қадір-қасиетін ашып көрсете түссе керек. Кездесуден кейін Президент шәкіртіміздің бір сәтке уақыт бөлуін күтіп, самайын ақ қырау шалған қос ұстаз тұрғанбыз. Бізге дереу көзі түскен ол ашық-жарқын жүзбен келіп амандасып, қасымдағы танымай қалады-ау деп тартыншақтап тұрған серігіме:

–Есенсіз бе, Николай Никифорович Шлыков! – деді. Мұншалықты есте сақтау қабілеті сонда мені таң қалдырды. Мектепте оқып жүргенде Нұрсұлтан алғыр, мінезі орнықты, білімге ынталы бала болатын. Қоғамдық жұмыстарға араласып кететін. Тентектікті, қызық қуып кету дегенді әсте білмейтін. Комсомол ұйымының қат-қабат шаруаларының әркез басы-қасында жүретін. Енді бірде Қарағандыда жауапты қызметте жүрген кезінде «Аға, ауылда болдым, әдейілеп Қаскелеңдегі мектепке бардым, өзім отырған партаны да көріп, көңіл тоғайтып қайттым!» дегені бар-ды. Әрине, мұндай шәкірттің балалық, жастық шақтары қаншалықты белсенді өткенін түйсіну аса қиынға соқпаса керек.

1948 жылдан бастап 1968 жылға дейін Абай орта мектебінің директорлығы қызметін атқарған Әбдірахман Байжанов, пән оқытушысы, қазақ ән-күйлерін жадына тоқыған А.В.Затаевичтің өзіне бірнеше ән жаздырған Бағман Кенжекеев есімдерін, математика пәнінен Уәли Игелманов, биология пәнінен оқытқан Әсет Асқаров секілді ұстаз-оқытушыларын қалай ғана жадынан шығарсын?!

Өткен бір жылдары Шамалғанда бастауыш кластарда оқып жүрген кезінде білім берген ұстазы дүние салғанын естіп, Нұрсұлтан Москвадан қайғыға ортақтастығын білдіріп, телеграмма салғаны жайынан құлақтанғанмын.
Мұнан екі жарым ғасыр бұрын Бұқар жырау бабамыз алқалы жиын алдында болуы керек, былай деп толғаныпты:

Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ.

Бұқар бабамызша айтқанда, «бастау» барша қиынның аса күрделі түйіні екені кәміл. Ел тағдырындағы небір тарихи тұста мейлінше ұрымтал шешімдер, күтпеген жолдар, тың бастаулар тауып отыру үшін ел басшысының бойынан қандай қабілет-қарым қатпарлары, мүмкіншілік иірімдері, көрегендік даналығы табылып жатуы қажет? Ендеше, ондай тұлғаны бала күнгі өмір жолдары қалай сомдап, қалыптастырған?

Жалпы, республика Президентінің бала жастағы тағдыр тараулары қалай өрілген? Міне, осы танымдық әсері мол сауалдарға там-тұмдап болсын жауап іздеу мақсатында Н.Назарбаевтың бірге оқыған бірнеше қатарластарына, кластастарына жолығып, әңгіме-естеліктерін тыңдадық. Кейбіреулері жауапты қызмет басында отырғандықтан, «е, бірге өскен соң өсірген екен де?!» дегендей негізсіз, теріс бағыттағы күңкіл-шүңкіл, желбуаз сөздер өрістемесі үшін, ол толғаныс ойларды хатқа түсіруді кейінге қалдырдық.

Абай орта мектебінің елуінші жылдардағы түлегі, Қаскелең педучилищесінің оқытушысы Мекайыл Төлебаев естелігінен: «Күз. Қыркүйек айы еді. Ағаш басындағы жапырақтар жел соқса сары алтын сырғадай сыбдырлайды.

Шамалған, Жандосов, Қошмамбет ауылынан, қырдан отгоннан, Топардан, тағы басқа жерлерден қарадомалақ ұл-қыздар Қаскелеңге, Абай мектебіне оқуға келген кезі еді. Оқушы балалар жатақханада жататын. Айнала алма ағашы қып-қызыл болып тұратын. Жердегі шөп те сары алтындай түске енген. Оқушы балалар мектепте қоңырау кезінде асыр салып ойнайтын.

Сонда Нұрекең қарадомалақ балалар ішінде ақ сары болып ойнап жүретін, бірақ, көбінесе сырттай бақылап, ойын балаларының оғаш қимылдарын іштей сараптап тұратын. Сол кезде ұл-қыздарымыз Нұрсұлтанды «сары қыз» дейтін, себебі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы қыз мінезіндей жібек, әдепті еді. Мәдениетті сөйлейтін, өзі бір ерекше сыпайы бала болатын. Халықта айтады ғой:

Болар бала ғылым іздейді,
Тозар бала шылым іздейді, –
деп, ал, Нұрсұлтан сол кезде-ақ аз ойнап, көбінесе кітап оқып отыратын.

Ауылдан, қырдан келген балалар жаздай көрген, білген қызықтарын әңгімелейтін. Қаскелең, Шамалған, Жандосов ауылының балалары қызыл алманың кеседей үлкендігін, дәмділігін қызықтап мақтайтын. Қоңырау кезінде мектеп маңында оқушылар, «әр жақ, бер жақ» болып ойын ойнайтын. Ал, бастауыш кластағы балалар «асық», «қызыл жалау» ойындарына өте қызықтап кірісетін. Әйтеуір, бәрі мәз-мейрам болысып жататын.

Ал, кең маңдайлы, шашы артына қайырылған ақ сары бала ойынға сырттай құмарта қарап тұратын. Ойын біткеннен кейін оқушыларға кім әділетті, кім әділетсіз ойнады, соны аттарын атап, өзінше бір қорытынды жасаушы еді.

Қоңырау кезінде ұстаздарымыз С.Исаев, Ә.Байжанов, У.Игелманов, Б.Кенжекеев, Р.Қапталов және тағы басқалары, барлығы далада балалардың ойынын сырттай қызықтап тұратын. Сол кезде оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан Исаев аға: «Ойынға көп араласпай тұрған кім екен бұл?» – деп сұрап тұрғанда, жатақхана басшысы Кенжекеев: «Ол ұл мен қыздарымыз ат қойған «сары қыз» – Нұрсұлтан ғой» – дейді.

Нұрсұлтан өте озат оқитын, мектепті күміс медальмен бітіріп шықты. Оқудан тыс сабағын оқып, жазып үлгергеннен кейін ол басқа ұл, қыздарға да көмектесетін. Ұстаздар Нұрсұлтан жауап бергенде әрқашанда ризашылығын білдіріп отыратын. «Осыдан үлгі алыңдар, осылай оқыңдар» дейтін.

Сол кезде Абай орта мектебінде оқып жүрген ұл, қыздар айтатын: «Нұрсұлтан ерекше ғой, болатын бала»,–деп. Енді сол тілеулердің бертінгі күнде қалай жарқын өміршеңденгенін көріп жүрміз. Мектепте бірге оқыған қатарластарым атынан айтарым, соған шүкіршілік!». Осы тұста Мекайыл ағамыз сол бір күндер туралы Нұрекеңе арнаған мына өлеңін де оқып берді:

Нұрекеңнің бала кезі,
Салауатты, саналы өзі,
Мінез-құлқы салмақты еді,
Ұл-қыздарға ардақты еді.
Кілең бестік алатын-ды,
Көзі оттай жанатын-ды.
Риза боп ұстаздары,
Оны арқаға қағатын-ды.

Ұмытатын әсте мен бе,
Оқып жүрді Қаскелеңде.
Есепке де жүйрік болды,
Достарының көңілі толды.

Әзілдесіп, күлісетін,
Ойнап-күліп жүрісетін.
Қандай міндет жүктелсе де,
Еңбегімен көрінетін.

Еске оны жиі аламыз,
Өшпейді екен қиядағы із.
Сен де солай талаптан деп,
Жас ұланға біз айтамыз!

Абай орта мектебінің 1958 жылғы түлегі, Шамалғандағы мектеп мұғалімі Күләш Әмірованың әңгімесі төмендегідей желіде өрбіді. «Маған ол кездегі балалар қайратты, жігерлі көрінеді. 7 класты бітірген жылдары үй іші тіршілігіне болысу қарекетімен Алматыға жаяу барып-келе беретінбіз. Ал, 8 кластан бастап оқуды Қаскелеңде жалғастырдым.

Елуінші жылдардағы мектеп программасы, оқыту жүйесі өзгеше болатын. Күн-түн демей шын ниетпен оқу оқушы едік. Кей ұстаздарымыз айтып отыратын, «жоғары оқу орнынан мұндай білім ала алмайсыңдар. Сондықтан, менің үшімді бестік баға деп қабылдаңдар» деп.

Нұрекең «а» класында, біз көрші «б» класында оқыдық. Үздік көрініп жүргендіктен бе, үзіліс кезінде оқу үлгерімі тақтасын қарап жүріп ол: «Күләш, бүгін тригонометриядан үш алып қалыпсың. Неге бұлай болды?» деп сұрайтын, білмегенімді қадала көрсетіп түсіндіретін.

Мектептегі дәурен өзімізге қашанда ыстық қой. Ол шақта қыздарымыз тәртіпті, артық-ауыс мінездері, ерсі қылықтары жоқ болатын. Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының педагог-практиканттары мектебімізге келіп сабақ беріп, ересек көрінген кластас ер балаларға жылы ұшырай қарай бастағанын сезінгенде ғана бойжетіп қалғандықтан, мінезімізбен қызғаныш танытқанбыз.

Айтпақшы, біз мектеп бітірер жылдары Қазақстан магниткасының даңқы дәуірлеп тұрған болатын. Әуелде Абай мектебі түлектері түгелдей Теміртауға барамыз, өмір жолымызды жұмысшылықтан бастаймыз деп комсомолдық жігер-жалынмен дүрілдескенбіз. Шешуші сәт таянғанда бәріміз дерлік қиян шалғайға (ол кезде солай елестейтін) «бұлдыр тағдыр елесін» қуып барудан бойды аулаққа салып, тайқып-тайқып шыға бердік. Ең ақырында Ерғали Төлепбергенов секілді жігіт пен күміс медаль иегері Нұрсұлтанның сөзде нық тұрып, Теміртауға батыл жол тартуы бәрімізді қайран қалдырды.

1965 жылы Нұрекең ауылға, үйлену тойымызға келді. Сонда кластасымның, сол кездегі Қарағанды металлургия заводы жұмысшысының бойы кішірейіп, аласарып қалғандай көрінді. «Жұмыс ауыр, өте ауыр. Алайда, халыққа керекті іс қой» деп отыратын.

Шынайы азамат, халық перзенті ретінде қарасақ, Нұрсұлтан қарапайым, кішіпейіл жан. Ауылға әрқилы қайғы-қуаныштар себепкер боп, әлденеше жыл жүзінде бір жолы түсіп келіп-кетіп жүргенінде, «ой, тіпті зорға жеттім-ау, ауылға!» деп күрсініп алады да, елдегі таныстардың бәрінің дерлік хал-жайын сұрастырып шығады. Алматыдағы қызмет орнына әредікте бара қалғаныңда да жұмысы қат-қабаттығын алға тарта бермей, уақыт тауып қабылдайды. Кейде, екі-үш айға шейін күні-түнімен тізіліп көрсетіліп қойылған қызмет бағдарламасын көргенде, шынымды айтайын, жаным ашып-ақ кетеді.

Нұрекең әзілқой, ашық-жарқын мінезді жан. Мына аудан басшыларымен сөйлесу, қабылдауында болу, пікір-ұсынысыңды айтып жеткізу өте қиынға соғады. Ал, Нұрекең тіпті үлкен басшы болған кезінде де көп өзгере қоймапты. Сол баяғы мектептегі Нұрекең секілді ақжарқын мінезімен бүгінде Одақ, әлемге танылып жүр!».
Ендігі сыр тиегін Шамалған селосының тұрғыны, жүргізуші Сағымбек Күшекбаев ағытты.

–Мен Нұрсұлтанмен осы Шамалғандағы бастауыш мектепте бірге оқыған жанмын. Ойынмен есейген балалық көп күніміз бірге өтті. Әбіш ақсақалдың әулеті ауылдың жоғары жағында тұратын. Көрші-қолаң орыс семьялары болып келіп, ойын барысында кейде орыс балаларымен етене аралас-құралас ойнап өскендіктен бе, Нұрсұлтан бала күннің өзінде орысшаға аса жетік еді.

Нұрсұлтанның әке-шешелері өмір бойына ауылда еңбек еткен қарапайым, біртоға жандар. Әкесі Әбіш сиыршы болатын. Әкесіне болысып Нұрсұлтан бала күнде мал бағуға тауға да кететін. Әбекең марқұм өте момын еді. Ағайындары кіндіктерінен бала болмай, үш ұл, бір қызы әр шаңырақта тәрбиеленеді. Шешесі Әлжанды да көзіміз көрді. Ақ сары жүзді, мінезі ашық, өткір тілді болатын. Ауыл арасы айтыстарда табан астында өлең шығарғыштығымен ел еркесі атанған. Жиын-тойларға шақырылмай қалмайтын ғазиз жан еді бір. Міне, Нұрсұлтанның мінез-бітімі көп ретте осы анасы Әлжан шешейге тартқанын Шамалғанның кәрі-жасы түгелдей ауызға алысады.

Нұрсұлтан да жастайынан өнерпаз болып өсті. Әсіресе, гармонды шебер құйқылжытады.
Бала күнді сәт-сәтімен талдап, еске түсіре алсақ, бірқыдыру уақыт кетер еді. Мен өзім тентек, қисық-қыңыр мінезді болып өскенімді білемін. Бірге оқыған балалардың көбі қай-қай жағдайда маған қарайлайтын. Ал, Қаскелеңде білек күшімен танылған Қайсар деген қатарласымыз болды. Арада қаншама уақыт өтті десеңізші, содан беріде?! Нұрсұлтанның бертінгі өмір сүру жолдары да маған жат емес.

Қарағандыға жұмыс бабымен барып, жаңа шаңырақ көтерген Нұрсұлтанның жатақханадағы бөлмесінде, пәтерінде де болғаным бар. 1964 жылы қаңтар айының 16-сындағы «Комсомольская правда» газеті бетінен Юрий Гагарин мен Нұрсұлтанның қатар түскен суретін көріп, жиырма төрт жастағы балаң жігіттің есімі Одақ көлемінде атала бастағанына, одан беріде Хельсинкиде өткен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысуға жолдама алғанына да шын ниетіммен қуанғанмын.

Мен ауылдағы қарапайым еңбек адамымын. Сондықтан, Нұрсұлтан кластасымның үлкен өмір жолын қарапайым еңбектен бастағанын әрдайым мақтаныш тұтамын. Кейінгі ұрпаққа да соны үлгі-өнеге еткім келеді!

Заманалық деңгейдегі кесек тұлғалар қашанда барша қадір-қасиетімен өзіне еліте тартады. Егеменді еліміздің тұңғыш Президентінің өмірбаян парақтары бұл айтылған жайлармен түгесіліп-таусылып қалмасын әрбір көзі қарақты оқырман біледі. Ендеше, мұны осы тұрғыдағы үлкен әңгіменің бір парасы деп қабыл алайық, ағайын!

Бейбіт САПАРАЛИН,
жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар